Top.Mail.Ru

Версия сайта

ru kz

Актуальное

Все категории

Дайнюс Павалькис медициналық сақтандыру жүйесінің мемлекетке әсері жайлы айтты

Опубликовано:

Профессор, Литва Республикасының экс-министрі, Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі еуропалық комиссияның Ғылыми тобының мүшесі, Астана медицина университетінің ректоры Дайнюс Павалькис Литвада медициналық сақтандыру жүйесін енгізу процесі қалай жүргізілгенін айтты және оның мемлекетке әсері жайлы пікірімен бөлісті.

Дайнюс Павалькис: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – адамдардың қажеттілігін қанағаттандыратын әлеуметтік бағыттағы жүйе
Фото: Пресс служба МУА (Медицинский университет Астана): Facebook

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе Литвада қалай енгізілді?

Литвада міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жиырма жылдан астам уақыт бұрын енгізілді. Республикада медицинаны қаржыландырудың кеңестік жүйесінен медициналық сақтандыруға көшу қиын болды. Кейбір клиникалар мен дәрігерлер жүйені ашық сынға алды.

Ауруханалар өздеріне қолайлы жолмен жұмыс істеуге және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына қарамастан бюджеттен ақша алуға әбден үйренген. Міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін, олар өздерінің қорғалмағанын сезінді, өйткені жаңа жүйе бойынша бірінші орында пациент тұрады. Ал медициналық мекемелерге қаржы адамдарға емдеу әдісінің қаншалықты ұнағанына байланысты бөлінеді.

Пациенттер өзгерісті қалай қабылдады?

Жаңа жүйені дәрігерлерге қарағанда пациенттер әлдеқайда жақсы қабылдады. Өйткені медициналық сақтандыру бойынша науқасқа басты рөл берілді. Олар дәрігерге жолдама ала отырып, белгілі бір ауруханаға тіркелмей, қандай дәрігерге және қандай клиникаға жүгінетінін таңдай алды.

Мемлекеттің ақшасы пациент жүгінген ауруханаға жіберілді. Сондықтан да, сапасыз жұмыс істеген дәрігерлер, менеджменті төмен медициналық мекемелер жаппай бірауыздан жүйені нашар деп бағалады, өйткені оларды ешкім таңдамады.

8-10 жылдан кейін сақтандыру нәтижесін бере бастады, жаңа жүйе ауруханалардың дамуына әсер еткенін көруге болады: кейбір клиникалар үлкейді және қызметтерін кеңейтті, ал енді бірінде мемлекеттен алатын қаржы көлемі мен қызмет көрсету саны қысқарды.

Дайнюс Павалькис: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – адамдардың қажеттілігін қанағаттандыратын әлеуметтік бағыттағы жүйе
Фото: Пресс служба МУА (Медицинский университет Астана): Facebook

Медициналық қызметтің сапасы жақсарды ма?

Науқас үшін күресте көпбейінді үлкен клиникалар ғана бәсекелестікке түсе алады. Оларда қызметтің барлық спектрі болды және сақтандыру қорымен байланыс орнатты. Жүйе «емделуші болса – төлем де болады» қағидасы бойынша жұмыс істейтіндіктен, ол ұйымдарды сапасына қарай сүзгіден өткізді.

Шағын клиникаларға бірнеше жыл бойы белгілі бір процедураларды жасауына тыйым салынды. Жылына 300 жуық жүкті әйелді қабылдаған ауруханалар қызметін тоқтатты. Дәрігердің жүктемесі ауырлаған сайын жұмыстың сапасына әсер етті. Мұндай ауруханаға келген емделушілерге қауіп-қатер төнді, өйткені медициналық мекеме бір уақытта 3-4 әйелді босандыруға дайын болмады. Сирек және күрделі аурулар бойынша операциялар, мысалы, асқазан обыры тұрақты практиканы қажет етеді. Егер клиника белгілі бір көлемді орындамаса, онда әрбір манипуляция – алғаш рет жасалған болып есептеледі.

Жүйе дәрігерлерге әсер етті ме?

Жүйені енгізгеннен кейін дәрігерлерге деген көзқарас жақсы жағына өзгерді. Республика тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы он жылда ақ халаттылар бизнеске кетті. Бірақ, осы сақтандыру жүйесі енгізгеннен кейін дәрігерлер қайта даярлау курстарынан өтіп, медицинаға қайта оралды – бұл мамандықтың танылуының, беделінің артуының басты көрсеткіші.

Литвадағы дәрігерлердің табысына келсек, ортаңғы кластан жоғары. Олардың еңбекақысы жақсы, егер дәрігер шын мәнінде өз саласын жақсы білсе, онда еңбегіне лайықты ақы төленетініне сенімді бола алады.

Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қоғамға және медицинаның одан әрі дамуына қалай әсер етті?

Медициналық сақтандыру саладағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетті. Егер бұрын дәрігер қосымша төлемдерді талап етсе, емделушінің басқа маманды таңдауға мүмкіндігі болмады, ақша дәрігерге қолма-қол төленді. Енді оның басқа маманды таңдап, кетіп қалуына болады.

Сақтандыру медицинасының Қазақстанға әсерін болжау қиын, бірақ өтпелі кезең қиын болатыны анық және ол қалыпты да.

Міндетті медициналық сақтандыру – бұл адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын әлеуметтік бағыттағы жүйе. Төлемді тікелей Үкімет емес, Қор басқарған кезде, ауруханалар мен пациенттерді сапалы қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, ол барлық денсаулық сақтау жүйесін жақсартады.

Оригинал статьи: https://www.nur.kz/society/1814718-dajnus-pavalkis-medicinalyk-saktandyru-zjesini-memleketke-seri-zajly-ajtty/

pixel