1683221 Ұлын емдетуге қаражаты жетпеген келіншек елден көмек сұрауда | Қазақ тіліндегі бет ➨ NUR.KZ бойынша Толығырақ Қоғам

Танымал отандық актер сал ауруына ұшыраған ұлы мен әйелін тастап кетті (фото)

Отандық әзілкеш, комедиялық жанрдағы телехикаяларда ойнайтын белгілі актер Жан Ізбасаровтың бұрынғы әйелі екі жарым жастағы науқас ұлын емдету үшін елден көмек сұрады. Күйеуімен ажырасып кеткен Назгүлдің айтуынша, Жан науқас ұлына көмек көрсетуден қашып, тіпті заңды алиментті де төлемей, біраз уақыт сабылтып қойған. Бұл туралы Назгүл NUR.KZ порталына берген сұхбатында айтты.

Танымал отандық актер сал ауруына ұшыраған ұлы мен әйелін тастап кетті (фото)

Жан ұлы Арланмен

Өзін Ізбасар Назгүл Қанатқызы деп таныстырған 23 жастағы келіншек бүгінде екі жарым жастағы Арланды жалғыз өзі тәрбиелеуде. Церебралды сал ауруына шалдыққан балаға спастикалық диплегия диагнозы қойылған.

19 жасында отандық актер Жан Ізбасарға тұрмысқа шыққан бойжеткеннің айтуынша, актер сал ауруының мұндай түріне шалдыққан баласын бір жасында тастап кеткен.

Танымал отандық актер сал ауруына ұшыраған ұлы мен әйелін тастап кетті (фото)

Кішкентай Арлан

"Жан менен сегіз жас үлкен. Бастапқыда онымен бірге ата-анасының үйінде тұрдық. Кейіннен бала көтердім, одан соң ұл баланы дүниеге әкелдім. Баламның дамуында кемістік болатыны босанғаннан соң белгілі болды, бір айға жуық уақыт бойы ауруханада жатып, бір-ақ шықтық.

Осыдан кейін-ақ арамыз дұрыс болмады. Бір жасында балаға мүгедектікті рәсімдедік, екі айдан соң ол кетіп қалды. Арланға эпилепсияның ауыр түрі деген диагноз қалай қойылды, ол солай көп ұзамай кетті. Одан кейін не алимент төлемеді, "маған мұндай баланың керегі жоқ" деді. Не ата-анасы, не өзі баламның жағдайы қалай екен, оған не керек деп сұраған да жоқ", - деп өз ренішін жеткізді Назгүл.

Ерекше баланы дүниеге әкелген Назгүлдің туыстары, нақтырақ айтсақ, анасы мен ағасы Әрсен оған осы уақыт аралығында демеу болып келген. Олар бір жарым жыл бойы баланы түрлі бейімдеу орталықтарына апарып, қаражаты мен күшін аямағанын айтады.

Танымал отандық актер сал ауруына ұшыраған ұлы мен әйелін тастап кетті (фото)

Жан Избасаров

Назгүлдің ағасы Әрсен де Жан баласына көмек бермеді деп отыр.

"Менің бір ренжитінім, осы уақыт бойы Жаннан балаға бір көмек болмады. Ол танымал отандық телехикаяларда, "Побег из аула", "Келинка Сабина" деген сынды кинокартиналарда ойнайды. Оны барлығы жақсы көреді. Instagram парақшасында түрлі қайырымдылық шараларына қатысып жүргенін айтады. Жетім балаларға заттар апарып беріп, қуантып жүргенін желіге салады.

Ал бірақ өз баласына көмек беруден қашады. Олай дейтінім, ол өзінің заңды міндеттемелерін орындамайды, алимент төлемейді. Қаншама рет оған мұны түсіндіруге тырыстым, алайда нәтиже болмады. Оған сот үлестіріп берген алимент құны да көп емес. Бізге cоның өзін бермей отыр. 

Бастапқыда ол сотқа қара жұмысшы болып істейтінін, жалақысы 24 мың екенін айтып, анықтама әкеліп берді. Нәтижесінде сот өте күлкілі өтемақы төлеуге міндеттеді. 2 АЕК -ке тең алимент төлеу туралы шешім шығарды. Алайда ол соның өзін біразға дейін төлемеді. Менде барлық құжаттар бар.

Танымал отандық актер сал ауруына ұшыраған ұлы мен әйелін тастап кетті (фото)

Арлан. Фото Назгүлдің жеке мұрағатынан алынды

Неге бұл қиындықтардың барлығын қарындасым жалғыз көтеруі керек?! Тіпті қарындасыма баланың алдындағы міндетін орындаудан қашып, арнайы осындай мүгедек балаларға арналған орталыққа өткізіп тастауды да ұсынған екен.

Осы сөзінен кейін оның ойын түсіндім. Ол қарындасыммен баланың мүгедек болып туғаны үшін ажырасқан. Себебі оған дейін олардың қатынасы жақсы болған. Ол үнемі Арланды басқалардың балаларымен салыстырып отыратын, міне, ананың баласы сөйлейді, еңбектейді дейтін, неге біздікі сөйлемейді деп айта беретін. Тіпті бір күні жатқан баланы сілкілеп, сен неге қозғалмайсың дегені бар. Ол бұл қиын жағдайды көтере алмады. Сынып қалды, қиындықтан қашты.

Мен оның берген тиын-тебеніне зәру емеспін, бірақ еркек болған соң, балаң дүниеге келген соң оны ары қарай адам қылудың жолын да ойлау керек. Онымен еркекше сөйлескім де келген. Алайда анам тоқтатты", - деген ол белгілі актердің алимент төлеуден қашып, сот орындаушысының талабына жүрдім-бардым қарағанын айтуда.

Бүгінде кішкентай Арланға нағашы апасы Нұржамал Әбікеқызы қарап отыр. Ол баланы аяққа тұрғызып, денсаулығын жақсарту үшін жұмысын да тастап, шыр жүгіріп жүргенін айтады. Айтуынша, бір жылдан бері баланың денсаулығын сәл де болса жақсарту үшін қаншама еңбек, қаншама ұйқысыз түндер, қаражат кеткен. Алайда ол немересінің аяққа тұрып кететініне зор үмітпен қарайтынын жасырмайды. Алматының маңындағы Есік қаласынан немересі үшін қалаға күнде қатынайтын ана шаршаса да, өз мақсатынан таймайтынын айтады.

Танымал отандық актер сал ауруына ұшыраған ұлы мен әйелін тастап кетті (фото)

Кішкентай Арлан арнайы бейімдеу құрылғысында

"Алла деп отырған адамдармыз. Қызым сабақты беспен оқыған. Он тоғыз жасында бұл бала қызымды алам- да алам деп қоймағасын аманаттап тапсырған еді. Жалғызбасты ана болсам да, дүркіретіп ұзату тойын жасап, қолына ұстаттым. Алайда қызымның басына осындай ауыр жағдай түскен кезде, ол баласымен қоса тастап кетті. Бұл баланың мұндай болып туылғанын ешкім де кінәлі емес қой. Науқас деп айтпаймын, ерекше бала деп айтамын. Міне, мынадай баланы қалай жақсы көрмеуге болады?!

Қаны ғой. Соның қаны бойында. Қазір біз айына жетпіс мыңға мықты-мықты дәрумендер алып ішкізіп жатырмыз. Массажға апарып, бейімдеу орталығына да апардық. Оның түрлі диагностикалық зерттеулеріне айына жүз мыңдап ақша кетеді. Қызым ғана жұмыс істейді. Алайда табысы оның еміне толықтай жетпейді. Жеткізе алмай, қиналамыз", - деген ана осы тұста баланы Қытайда емдетуге қаражат таппай, қиналып отырғанын жеткізді.

"Қытай клиникаларымен сөйлестік. Олар дәл осындай диагноз қойылған балаларды ине арқылы емдеумен айналысады екен. Алайда біз үшін ол жаққа барып емделуге қаражат керек. 31 000 доллар сұрап отыр. Алайда қызымның мұндай ақшасы жоқ. Біз үшін бастысы, Жанды қаралау емес. Баланы емдету. Ол баланың аяққа тұрып кететініне сенбейді. Ал біз сенеміз, періштеміздің адам болып кететініне қалай сенбейміз?!", - дейді Нұржамал.

Алайда Жан өзіне артылған кінәнің барлығын жала деп отыр. Әзілкеш актердің айтуынша, ол баласын мықты дәрігерлерге көрсетіп, ақшасын да аямаған. Тіпті баласының анасына алимент бойынша берешегі жоқ екенін айтады.

"Барлық алименттер төленген. Жан елден көмек сұрап отыр деген ақпарат шыққанын қаламас едім. Мен әйеліммен белгілі жағдайларға байланысты ажырастым. Осыдан кейін неше түрлі өсектер басталады ғой. Мен оған ақшалай да, моральды тұрғыда да көмектесемін.

Баламнан ешқашан бас тартқан емеспін. Оны жақсы көремін. Мен олармен ұрысып қалғандықтан, балама бара алмай отырмын. Мен енді олармен төбелеспеймін ғой. Балаға қарай алмасаңдар, оны маған беріңдер деп сотта да айтқанмын. Мен медбике жалдаймын, үйім бар, менде барлығы бар, мен оған қарай аламын дедім.

Менің ұлым, оған қарай алмасаңдар оны маған бере салыңдар дегенмін. Арлан менің балам болғандықтан, оны үнемі қолдаймын. Мен жай ғана қазір олардың жанында бола алмаймын. Тіпті ол туған соң, бір жарым жыл бойы қаладағы мықты-мықты дәрігерлерге апарып, оның диагнозы туралы да білдім. Олар, шыны керек, бала адам болмайды деп айтты. Қатты қиналдық. Қаншама күшіміз, қаншама қаражатымыз миллиондап кетті. Қанша екені есімде жоқ, 3-4 миллион, бәлкім одан да көп шығар, бәлкім. Ақша да аудардым. Чектерім, бәрі бар.

Мен өзімнен туған баламды, менің өзімнен айнымайтын баланы мен қалай жек көремін?

Алайда мен дәрігерлермен осы жөнінде көп кеңестім. Оған мүлдем бала көтеруге болмайды деген екен. Денсаулығында кінәрат бар екен. Оның анасы да кезінде үш жасына дейін жүрмеген екен. Ол өзінің немен ауыратынын айтпаған маған. Жасырған. Мен оны кейіннен ақырындап біле бастадым.

Танымал отандық актер сал ауруына ұшыраған ұлы мен әйелін тастап кетті (фото)

Жан Ізбасар достарымен бірге

Мен алименттен бөлек, былай да көмектесер едім, көмектесіп те жүрдім. Арлан сияқты диагноз қойылған балалар мүлдем орнынан тұра алмайды өмір бойы. Алайда балам туа сала жүгіріп, тексерткен менмін, қанша жүгірдім. Себебі, менің мүмкіндігім болды. Дәрігерлер маған оны емдеу мүмкін емес деп айтты. Оның жағдайын тек жақсартуып, өмірге бейімдеуге ғана болады. Бәлкім менің ақшам болмаған кездері мен көмек бере алмаған шығармын. Қазір бірақ барлық жағдайым бар. Сондықтан қарыздарымды төлеп жатырмын. Сот орындаушысына түбіртектердің барлығын тапсырып жатырмын.

Менің дұрыс ұйықтап жүр деп ойлайсыз ба? Тыныш ұйықтаған кезім болмады. Ол есімнен күндіз-түні шықпайды. Анам да күнде баланың тағдырын ойлап, жылайды", - деген ол  айтылып отырғандарды жала деп есептейді.

Ал Назгүлдің айтуынша, оның бала тууына болмайтындай ауруы жоқ. Яғни, оған ешқандай дәрігер бала көтеруге болмайды дегенді айтпаған.

"Маған ешқандай дәрігер ондай ескерту жасаған жоқ. Мен де сауатты адаммын. Егер көтерме деп айтса, көтермес едім ғой. Ол өзін ел алдында ақтап алу үшін енді аянып қалмайды. Денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ. Туғанда да ешқандай проблемалар болмаған, сап-сау бала болып өстім. Баланың бір жасына дейін бірге тұрдық. Алайда бір жарым жасынан бастап ұлымды толықтай өзім қарап келемін. Тек сот орындаушылардың қадағалап, талап етуінің, қысым жасауының арқасында ғана Жан қозғалып, аздап көмек бере бастады. Өз еркімен ешбір көмек болмады. Ал қазір мен үшін ең бастысы баланы емдеп, аяққа тұрғызу", - дейді Назгүл.

Бұл  істің мән-жайымен жақсы таныс сот орындаушысының көмекшісі Айзат Ахатқызының айтуынша, Жанның алимент төлемей қашып жүргені рас.

Танымал отандық актер сал ауруына ұшыраған ұлы мен әйелін тастап кетті (фото)

Кішкентай Арлан әжесімен бірге

"Ол қазіргі таңда бізден қашып, ешқандай келіссөздерге келмей отыр. Мен оның үйіне айтпай барып, тауып алдым. Баламен еш сөйлеспейді. Бір сөзбен айтқанда бала маған керек емес деді. Ол қазіргі таңда айына 42 мың теңге төлеуі қажет. Қазір ол әлі де 235 мың теңге қарыз", - дейді сот орындаушысының көмекшісі Айзат Ахатқызы.

Қазіргі таңда қол қусырып отырудың мәні жоқ екенін түсінген Назгүл мен оның туыстары  Instagram желісінен арнайы парақша ашып, елден көмек сұрауға кіріскен. Баласын аяққа тұрғызуды армандайтын актердің бұрынғы жарына төмендегі нөмір арқылы хабарласуға болады.

Ізбасар Назгүл Қанатқызы:

Байланыс нөмірі: 8 778 589 04 79

Ескерту: Материалды бір тәуліктің ішінде көшіруге, көшіріп басуға, ретрансляциялауға, қайта жариялауға және таратуға ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН. Аталған материалды қолдану редакцияның жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады.

Тағы оқыңыздар:

Қазақстан құрамасы Өзбекстанмен жолдастық кездесу өткізеді

Путин: Ресей әскерінің арқасында Сирия мемлекеттігін сақтап қалды

Ғалымдар артық салмақтан арылудың да зияны бар екенін дәлелдеп берді

Джейкобс Головкинді "кәрі төбет" деп атап, оны реваншта сабауға уәде берді

Тәуелсіздік күнінен бұрын Жаңа жыл мерекесіне қызу дайындық басталып кетті

Сайтта қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, мына пернелерді басыңыз Ctrl+Enter немесе Cmnd+Enter


Қандай әсердесіз

Пікіріңіз үшін рақмет

Сіз дауыс беріп қойдыңыз

Тағы оқыңыздар

Загрузка...


Пікірлер 139

Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны NUR.KZ интернет-порталының редакциялық саясатына сәйкес келмеуі мүмкін. Біз қалдырылған комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейміз. Өтініш: сайттағы сақтаңыздар тәртіпті .