Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал продюсер: Әнші аузына келгенді айтпаса, ешкім оны атқа теріс отырғызбайды (фото)

Опубликовано:

Елімізге танымал "Жұлдызды жекпе-жек", "Компромат" сынды ойын-сауық бағдарламалардың бас продюсері, жуырда көгілдір экранға жол тартқан "Ана жүрегі" телесериалының продюсері әрі сценарисі, "Кешью" тобының бұрынғы әншісі Сара Амангелдиеваның анасы, журналист Гүлнұр Мамасарипова NUR.KZ порталына шоу-бизнес пен телеарна төңірегіндегі көптің көкейінде жүрген мәселелерді айтып, экскюзивті сұхбат берді.

— «Жұлдызды жекпе-жек» бағдарламасына қатысты көрерменнің әншілер парақшасына қалдырған түрлі сыни пікірін оқыдым. Көпшілігі әншілер сахнада бір - бірін мақтап, сын айтпайды деп ренжиді. Бағдарламаның бас продюсері ретінде аталған сынмен келісесіз бе?

—Былтыр менің жетекшілігіммен «Компромат» деген бағдарлама болды. Онда журналистер әншілерге жабылып, сын айтады. Бүкіл пікір: «Сендер неге әншілердің кемшілігін іздей бересіңдер, әнші адам емес пе не, неге әншілерге ғана жабыласыңдар?» деген пікірлер толассыз жазылды. «Жұлдызды жекпе-жектің» аты айтып тұр ғой, бұл бағдарламаға әншілерді қатыстырудың өзі оңай болған жоқ. Себебі әншілерді шақырып алып: «Былай істейсің, шындығында көп ештеңе айтпаймыз» деп шақырып алып, быт-шытын шығарады.

Біз неге саясаткерлерді шақырып алып, солай жасамаймыз? Себебі оларға біздің тісіміз батпайды және олар бізге олай жасатпайды. Бәріне қолжетімді болып тұрған да  - әншілер. Ұрамыз, соғамыз, сынға аламыз, білгенімізді істеп жатырмыз ғой соларға. Олар құзіреті жоқ адамдар, халық не айтса да соны көтеріп жатыр.

Ал "Жұлдызды жекпе -жекке" келсек бұл жобаны Мейрамбек екеуміз ақылдасып, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей қалай алып шықсақ болады деп ойландық. Мұнда әділқазы мүшелері әріптестерін қанша мақтап жатса да, бір нәрсені түсіну керек қой. Айтатын адам сахнада тұр ғой, шын көрсеткішті халық өзі көреді. Біз мұнда біреудің абыройын түсірейік деп тұрған жоқпыз, көпшілік кейбір әншілерді "жанды дауыста айта алмайды" дейді, соның нәтижесін әркім дәлелдеп, көрсетіп жатыр.

— Біздің халықтың кез –келген нәрсеге деген реакциясына кандидаттық диссертация қорғауға болады. Біз пессимист халықпыз ғой. Неге бізде мұңлы әндер халыққа көп өтеді, себебі біздің табиғатымыз сондай. Жазда ыстықтаймыз, қыста жаураймыз. Сол себепті ондай нәрсеге көңіл аудармаймын.

— Халық "Қалаулым" сынды ток -шоулардан, түрлі ойын – сауықтық бағдарламалар мен «вездеход» әншілерден шаршадық деп жатыр. Сіз телеарнаның жілігін шағып, майын ішкен мамансыз ғой. Отандық арналардағы ойын -сауықтық бағдарламаларды қысқарту керек пе? 

— Ұлттық арна мен «Хабардың» бір күндік бағдарламалар сеткасын алайық. Сонда аптасына бір рет қана шоу, ойын –сауықтық бағдарлама шығады. Қалғанының бәрі әлеуметтік ток –шоу, танымдық бағдарламалар. Көргісі келген көрермен неге соны қарамайды? Халық аптасына бір рет шығатын музыкалық шоуды көре алмайды. "Неге сіздер әншілерді түсіре бересіздер?",- дейді.

Құдай-ау, аптаның алты күнінде қарапайым адамдар жайлы көрсетіп жатыр ғой. Мен «Gakku» сынды таңнан кешке дейін музыка беретін салалық арна болса түсінемін, ал «Хабар» мен «Қазақстан» сериал, әлеуметтік драма, түрлі тағдыр тартыстарын ұсынып жатыр. Неге соны көрмейсіздер? Аптасына бір рет шығатын жұлдыздарға қатысты бағдарламаны бәрі көріп қалады. Рейтинг бойынша жұлдызды бағдарламалар жоғары көрсеткіш көрсетіп тұр, егер халық көрмесе ол рейтинг қайдан болсын?

— Отандық арналардағы бағдарламаларға кәсіби журналист ретінде көңіліңіз толады ма?

— Мен «көңілім толмайды» деп айтқанды жек көремін.  Әркім өзінше әрекет жасап жатыр. Мені көбіне контент бойынша мәселелер көбірек алаңдатады. Жалпы өз басым кез-келген жобаға ең алдымен журналист ретінде қараймын. Біз жаңалықтардың қара қазанында қайнап өскен журналистерміз, халықтың мұң –мұқтажын естіп, қоғамның ішіндегі мәселені жаздық. Екінші бір менің ұтатын тұсым, ауылда өскендігім. Мен мектеп бітіріп кеткелі 26 жыл бойы қалада тұрып келсем де, бәрібір фундаментім ауылдан. Сондықтан ауылдан алған біліммен, қаладан алған нәрселер қосылғанда қандай да бір синтез пайда болады. Сосын сен ауылдың да, қаланың да талғамын біле аласың.

— Соңғы кездері Төреғали сынды журналистерге түрлі мінезін көрсетіп, шатақ шығарып жүрген әншілер бар. БАҚ өкілдері соларды насихаттап, халыққа танытамыз деп жүріп, тым еркінсітіп жіберген жоқпыз ба?

— Журналистиканы төртінші билік деп жатамыз. БАҚ кез –келген қоғамдағы адамның портретін сомдайтын құрал. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Байқасам, кейбір әншілер NUR.KZ-ке сұранып, осыны NUR.KZ жазатын болды ғой деп "троллит" етіп жатады.  Егер әншілер сіздердің порталға болсын, басқа БАҚ беттеріне болсын жаман атпен шыққылары келмесе сөзін, киімін, шашын, бояуын түзесін. Басы артық әңгіме айтпа, жеңіл ыржалаң үшін ойыңа келгенді жазба, ойыңа келгенді айта салма. Сонда сен NUR.KZ-ке керек емессің! Журналистер кез –келген әншіні бостан босқа атқа теріс отырғызбайды. Кейбір әншілер өздері не сөйлеп, не қойғанын білмейді ғой. Аузына ие бола алмағандар өздерінен көрсін. Өзің таза, есі дұрыс әңгіме айтсаң, Instagram парақшаңа жөні түзу, мазмұнды дүние салсаң аттың үстінде отырған адамды, журналист есекке қалай отырғызады?! Рейтинг, қаралым үшін тілшілер неше түрлі әдіске барып жатады. Не дегенмен қандай жағдай болмасын ақпарат көзі – адамның өзі!

— Сізде шоу –бизнестің бір өкілісіз, бүгінде өнер саласында тоқал болу трендке айналып кетті. Тіпті осы тақырып айтыла -айтыла жауыр болып кетті. Сіз тоқал болып жүрген өнер адамдарына қалай қарайсыз? 

— Әншілерге мынау кімнің тоқалы деп қарай алмайды екенмін. Тоқал болып жатқандардың барлығы керемет әншілер деп айта алмаймын. Ешкімге тоқал болмай –ақ, халықтың қалаулысы болып, махаббатына бөленіп жатқан керемет әншілер бар бізде. Егерде ол біреудің тоқалы болып жатса, сол жолды өзі таңдады. Олардың да анасы, әкесі, туыс- бауыры бар, тіпті соларды тоқал-ғып алып жатқан адамның да бәленбай туған –туысы бар. Солардың барлығының алдында сондай әрекетке барып отырса, демек жақындарының келісімін алып отыр, қоғам өзі соларды қабылдап отыр деген сөз. Міне, мәселе қайда жатыр. Бізге ұнай ма, ол ұнамай ма тіптен маңызды емес. Кез –келген әйел азаматы, ана, әже соны қабылдаса, әрине ол солай болады. Егер «қабылдасаң да, қабылдамасаң да мен осылай жасадым» деп бірбеткейлікке салатын болса, ол тіптен бөлек әңгіме. Бірақ мен ондайларды көріп отырған жоқпын. Жабысып, күп –күшті болып отырады ғой. Өздерін «тағдыр шығар», «маңдайыма жазылғаны осы шығар» деп ақтайды. Мен бір нәрсемен келіспеймін, мойындамаймын ол- баланың көз жасына қалу.

— Сенің де балаң бар, сенде біреудің баласысың. Сол баланың көзін жәутеңдетіп, ортасына барған кезде төмен қарату деген не деген бақытсыздық деп ойлаймын. Сондай бақытсыздықты біреудің сезінуіне сенің септігің тисе, сенің өз балаңның тағдырының қандай болатынын қайдан білесің?! Жақсылықтың да, жамандықтың да қайтымы бар. Сен сонымды жуамын деп  қаншалықты зекет бер, қаншалықты құрбан шал, қайырымдылық жаса ол әсер етпейді. Ар мәселесін, мал мәселесімен шешу мүмкін емес! Әйел кез –келген еркектің сатқындығын жүрегінен алып, санасына сіңіріп, соған көндігіп, өмір сүріп кетуі мүмкін. Ол жара жазылар, жазылмас. Бәлкім, ол байқұс соның күйігімен өліп кетер. Әйел көп жағдайда күйеуін ақтап, өзін кінәлауға тырысады, бәрін көтереді. Ал бала деген ол сенің –әр жасушаңнан, бауырың мен етіңнен, сүйегіңнен жасалған соң, оған сенен артық ешкім жоқ. Достың сатқындығын, сүйгенінің сатқындығын адам кешіруі мүмкін, бірақ әке мен шешенің сатқындығын бала ешқашан кешіре алмас. Әйелді ойламай –ақ қой, бірақ баланы ойлау керексің. Адам ондайға бару үшін шамалы –арсыз болу керек шығар.

— Демек шоу –бизнесте арсыздар көп қой...

—Жоқ, менің сөзімді олай бұрмалаудың қажеті жоқ. Тоқал тек шоу –бизнесте ғана деп кім айтты сізге? Оның мамандығы бухгалтер, дәрігер, мұғалім болуы мүмкін. Ондай көп қой. Олардың өмірі шоу –бизнестегілердікінен де ауыр шығар, оны ешкім біліп жатқан жоқ қой. Жылтырақ дүние тез көзге түседі. Шоу –бизнестегі бір –екі жағдайға бола, өнер әлемінде тоқал болу үрдісі белең алды дегенге қарсымын.  Шоу –бизнестің жүз пайызын алсақ, оның тоқсан пайызы ешкімнің тоқалы емес. Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді деген мәселе ғой. Бірдеңе айтайын десең, өзіңнің қыздарың өсіп келе жатыр. Сондықтан мен бұл тақырыпты көп қозғағым келмейді.

Баян ханымның жақын құрбысы болғаныңызды білеміз. «Кешью» тобынан Сара кеткеннен кейін қарым –қатынастарыңыз қандай?

— Баян тақырыбы мен үшін әзірге жабық тақырып. Ол жайлы қозғағым келмейді.

—Сараның «Кешьюдан» не себепті кеткенін айта алмайсыз ба?

— Жоқ, оның бәрі бір –бірімен байланысты.

— Отандық шоу -бизнесте бәсеке қаншалықты бар? Себебі, бағдарламаларға, желідегі парақшаларға қарасақ бәрі бір -бірімен өте жақын дос сияқты, араларында ешқандай бәсеке жоқтай көрінеді. 

— Бәсеке деген бір -бірінің шашын жұлу емес қой. Бәсеке өнерде бар. Мысалы,  Instagram-да кімнің оқырманы көп, YouTube-та кімнің клипі көп қаралған дегеннен бастап, өз араларында жазылмаған заң тойға кім көп шығады, кім стадионда концерт береді, кім Республика сарайында өткізеді дегендей. Тіптен кім ернін үлкейткен, кімнің кірпігі жапсырылған, көзінде блефорасы бар ма, жоқ па, аяғындағы туфлиі бренд па, жоқ па дегендей.

— Сосын мынандай нәрсеге менің күлкім келеді. Топ әнші қыздар деген әншілердің өзі сыйлық алған дүкендеріне жарнама жасайды. Маған осы көзілдірікті, мына сөмкені сыйға тартты деп жатады. Соны ашып қарасаң бағасы 10-15 мың теңге. Сонда мен ойланып қаламын, 10-15 мың теңгені жарнама жасамай –ақ, өзі сатып ала салмай ма деп. Егер әлемдік брендтерге амбасадор болып жатса түсінер едім. Бірақ Dior, Louis Vuitton сөмкелерін алып, Instagram парақшаларына қойып жатады. Әншейінде мен ондай әнші емеспін, мынандай әнші емеспін дегенде бәлендей болып, кейін соны қалай ұялмай қояды екен деймін. Мысалыға, Louis Vuitton ешқашан 25 мың теңге тұрмайтынын түсінеміз ғой біз. Осындайды маған сыйға тартты деп ұстап жүру біртүрлі сияқты. Сен жұлдызсың ба, жұлдыз деген статусыңа сай болуың керек. Ондай арзан дүниелер болса, сен оны ел алдында ұстап, жарнамаламай –ақ қой, ешкім білмей –ақ қойсыншы соны.

— Соңғы кездері немереңіз Айла түрлі жарнамалар мен роликтерге түсіп жүр.  Екінші қызыңыз Сараны көпшілік "Кешью" тобы арқылы біледі.  Қарап отырсам, бір үйде бірнеше өнер адамысыздар. Кейде көзқарастарыңыз сай келмей жататын кездер бола ма? 

— Жалпы, Сарамен өте күрделі. Айла кішкентай қыз ғой, ол бар кеңістікті жаулап алған.  Бала тәрбиесіне байланысты маған  түрлі сұрақтар қойылып жатады. Оның ішінде тәрбиеге көнетін бала бар, көнбейтін бала бар екенін анық білемін. Мысалы, менің үш қызым үшеуі үш түрлі. Бірінші қызым Дана өте сабырлы, уайымдатпайтын болса, үшінші қызым Ғайникамал дипломат. Ол тыныш қана бар қажетін алдырып жүреді. Ал тәрбиеге көнбейтін ол – Сара. Ешқашан менің де, әкесінің де тәрбиесіне көнген емес. Оған бірдеңе айтсаң, қашанда өзінің көзқарасы тұрады. Бірінші сұрақ «неге?» деп шығады. Одан кейін «Неге мен олай істеуім керек, сіз неге олай ойлайсыз, оны кім айтты сізге?». Осылайынан жүз сұрақ қояды, тоқсан тоғызыншы сұраққа барған кезде өзің не айтып жатқаныңды білмей, шатасып кетесің. Өте тәуелсіздікке жақын, бұйырып сөйлегенді ұнатпайды. Онымен тек махаббат пен келісім арқылы ғана сөйлесесің. Оған: "Сара тамақ істеші" десең, ешқашан істемейді.  "Сакош, сенің тамағың күшті. Сенің тамағыңды сағындық" деп ана жақтан айналдырып әкелсең, салат жасап, қосымша пирог пісіріп кетуі мүмкін. Бірақ үй шаруасына өте пысық. Шетелге барса да ол үйге бірдеңе алып келеді. Ешқашан оның телефонына хабарласып, бақылауда ұстай алмайсың. Жәймен ғана WhatsApp-қа жазамыз: "Қалайсың, не істеп жатсың?" деп, сосын фото немесе видео келеді. Әкесін де көп нәрсеге үйретіп тастаған. Қазір «Кешьюдан» кетті ғой, әзірше бақылап жүрмін. Ол о, бастан танымалдылық қажет емес екенін айтатын. Әлі де солай.

— Бүгінде немере бағып, әже болсаңызда жас көрінесіз. Сұлулығыңызды сақтап қалуыңыздың ерекше сыры бар ма?

— Ерекше күтім жасаймын деп айта алмаймын. Мен әжеме тартқанмын. Ол кісі маған айтатын: "Маған тартсаң тістерің сап-сау, шаштарың қалың болады" деп. Міне, Аллаға шүкір бәрі де сол кісінің айтқанындай. Сондықтан анау айтқандай құпиясы жоқ. (күліп)

Тағы оқыңыздар:

"Қызылорда аруы - 2017" атағын 16 жастағы бойжеткен жеңіп алды (фото)

Қайрат Нұртастың жары алғаш рет сахнаға ән айтып шығып, елді таңғалдырды (видео)

Дәрігерлер Оралда газ жарылысынан зардап шеккен келіншектің өмірі үшін күресуде

Үндістанда әйгілі актрисаның басын әкеп берген адамға 1,5 миллион доллар сыйақы бермек

Калифорния жағалауына елес кеме келіп тоқтады (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1682113-tanymal-prodyuser-anshi-auzyna-kelgend/

pixel