Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Италияда тұратын қазақ бишісі ондағы өмірі туралы айтып берді (фото)

Опубликовано:

Тоқырау жылдары Италияға қоныс аударып, көне өркениет елінде өз өнерін шыңдамақ болған қазақ балет өнерінің майталмандарының бірі – Ботагөз Айсина. Өнер иесі белгілі әнші Бағдат Сәмединова, Майра Ілиясовалармен бірге оқып, эстрада жұлдызы Шахизаданың өнердегі тұсауын кескен. Бұл туралы өнер иесі NUR.KZ порталына берген сұхбатында айтып берді.

- Ботагөз ханым, 90-жылдары Италияға қоныс аударуға не себеп болды? Жат жерде өнер жолын қуу қиынға соқпады ма?

- Мен негізінен теріскейдегі Қызылжарда туып өстім. Кішкентай кезімнен биге икемім болғандықтан, бұрынғы Алматы эстрадалық цирк студиясында білім алдым... 90-жылдардың басында елбасының қолынан мәдениет саласының Еңбек сіңірген қызметкері атағын да алдым.

Өздеріңіз білесіздер, сол жылдары еліміз аумалы-төкпелі кезеңді басынан кешіріп, халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп кеткен еді. Содан 1996 жылы өзім өнер көрсетіп жүрген балет тобымен бірге Италияға қоныс аудардық. Ұлымды аяқтан тік тұрғызу үшін, Италияға көшіп кеттім.

Негізі алғашында Италияда тұрақтанып қаламын деген ой болмаған еді. Бірер жылдан соң елге қайта оралуды көздеген едім. Алайда, ұлым оқып, білімін жетілдіргенше жылдар өте берді. Осылайша, Италияда қалай тұрақтап қалғанымызды білмей де қалдық.

- Ұлыңыз қазір Қазақстанда ғой?

- Иә, ұлым Италияда жоғары білім алып, Қазақстанға қайтып келу туралы шешімге келді. Сөйтіп төрт жыл бұрын Астанаға көшіп келді. Екі жыл бұрын шаңырақ көтеріп, қазір немере сүйіп отырмын.

- Қазір білуімізше, өнер саласынан алыссыз. Бұның себебі неде?

- Ия, Италияда балет артистері ретінде 1-1,5 жыл жұмыс жасаған шығармыз. Сосын, балетте өнер көрсеткен қыздардың барлығы түрлі жағдайлармен өнер жолынан кете бастады. Бірі тұрмыс құрып жатса, енді бірі білім қууды жөн санады. Осылайша тобымыз тарап кетті. Сондай-ақ, адам бір саламен ғана шектеліп қалмай, басқа да салаларға бет бұрып, меңгергені дұрыс деп ойлаймын.

- Өнерден кеткен соң, мүлде басқа салаға, яғни, мануальді терапияны қолға алыпсыз. Неліктен таңдауыңыз осы салаға түсті?

- Өнер саласынан кеткеннен кейін, массаж өнерін меңгеру туралы шешім қабылдап, осы мамандықты қайта оқып шықтым. Неге осы саланы таңдадым дегенге келер болсам, себебі қолдарым жұмсақ, массаж жасауға икемім болғаннан деп айтатын едім.

Италияда мәселен, массажист мамандығын үшжыл бойы оқуға тура келеді. Оның ішінде анатомиядан бастап, бет, тері ауруларына дейінгі түрлі салалар қамтылады.

- Италияға ең алғашқы көшкен жылдары жат елге қалай үйрендіңіз?

- Әрине, бастапқы жылдары өте қиын болды. Әлі есімде, шетелдегі бірінші күндері бәріміз тек сорпамен тамақтанып жүрдік, басқа тағамдарды алуға шама-шарқымыз жетпеді. Елден кеткенде қалтамда небәрі 100 доллар ғана болды.

Тағы оқыңыздар: Шымкенттік ана қазақ тойларында сыңсу айтатындарды сынға алды

Әсіресе, тілді меңгеру қиынға соқты. Бірақ, уақыт өте келе ортамыз итальян тілінде сөйлейтін жандар болғандықтан, ол тілді де меңгеріп алдық.

- Бір сөзіңізде әнші Шахизаданы жақсы танимын дедіңіз. Қазір Шахизадамен ара-қатынастарыңыз қалай?

- Шахизадамен өте жақын араласып тұрамыз. Біздің достығымыз 30 жылға жуық жалғасып келеді десем артық айтпаспын. Ол үнемі «егер Ботагөз болмаса, мен бүгін мұндай дәрежеге жетпес едім» деп айтып отырады.

- Италияда болған уақытта еліңізді сағынған боларсыз?

- Бірінші жылдары әрине, елімізге деген сағыныш сезіміміз басым болды. Жалпы, алдағы уақытта елге қайтамын деген де ой бар. Ол жақта мен сияқты қарапайым жұмысшылар үшін барлық жағдайлар жасалған.

Ұлымыз екеуміз он жылға жуық пәтер кезегінде тұрып, Италияда баспаналы болдық. Италияда да кеңес заманындағыдай елге қызмет етіп, салық төлесең, мемлекет баспанаға мұқтаж жандарға пәтер береді. Сол пәтерде студия ашып, өз ісімді қолға алдым.

- Италиялықтардан бізге нені үйренуге болады?

-Италиялықтардан көп нәрсені үйренуге болады. Сән әлемі, сәулет – барлығы Италиядан бастау алады. Ал, мінездері жайлы айтар болсам, италиялықтар туралығымен, бірбеткейлігімен, кез келген іске жауапкершілікпен қарай білуімен ерекшеленеді дер едім.

Біздің халық үнемі жағдайларының төмен екенін айтып, қынжылып жатады. Шындығында, отандастарымыз жұмыс істеуге бейімделмеген. Жұмыс бар, бірақ сапа жоқ. Сондықтан, осы тұрғыда олардан үйренеріміз көп.

- Қызылжардағы туыстарыңызбен араласып тұрасыз ба?

- Әрине, барлық туыстарыммен өте жақын араласып тұрамын. Жолдасым дүниеден ерте (авт. небәрі 41 жасында) озса да, оның жақындарымен күні бүгінге дейін байланысымызды үзген емеспіз. Олар әлі күнге дейін мені келін деп атайды.

- Бұрынғы өнер адамы ретінде бүгінгі отандық шоу-бизнеске, өнерге қандай баға берер едіңіз?

- Көпке топырақ шашқым келмейді, бірақ бүгінгі өнерде жүрген жандардың кәсіби деңгейі төмен екені жанымды қынжылтады. Менің Қазақстаннан кетуімнің басты себебі де сол болды, түрлі мейрамханалар мен тойханаларда өнер көрсетіп, өнер иелерінің деңгейін түсіргім келмеді.

Әрине, олардың табыстары бүгінде жоғары шығар. Десе де, өнер деген таза, саф дүние ғой. Біз бұрындары сахнаға әр шыққан сайын қалай өнер көрсетеміз деп қатты қобалжып, сахнаға үлкен дайындықпен шығатын едік.

Концерт беру тіптен қиын болатын. Оған жылдап дайындалып, еңбектенетінбіз. Ал, қазіргі концерттерде шоу болғанымен, әншілердің кәсіби деңгейі төмен. Бұрынғыдай үлкен сахна жоқ.

- Бүгінде Шахизададан басқа қандай өнер адамдарымен араласып тұрасыз?

- Кезінде «Қазақ концертте» жұмыс істегенімде бір рет Роза Бағлановамен концерт беруге шыққан едік. Бағдат Сәмединовалармен бірге концерт беретінбіз. Майра Ілиясовамен бірге оқыдық.

Астана театрының балетмейстері Айгүл Татиевамен бірге оқып, бірге жұмыс істедік. Онымен жатақханада да бірге тұрдық. Қазір жақын араласамыз деп айта алмаймын, алайда, олардың жетістіктерін көріп, қуанып жатамын.

- Өнерден кеткеніңізге өкінбейсіз бе?

Жоқ. Егер өнерден кетпесем, бәлкім, баламды да оқыта алмас па едім. Тоқырау жылдары гастрольдік сапарларға шығу үшін, демеушілер табу керек болды. Менің концерттеріме демеуші болып жүрген зауыт та көмек көрсете алмайтын болды. Кей кездері ақша табу үшін, мейрамханаларға барып ән айтуға да тура келді.

Содан кейін елімізде оқу ақылы түрге ауысып кетті. Ұлымды тек бір ғана политехникалық институтта оқыту үшін, сол жылдары 1000 АҚШ доллары қажет болды. Соның бәрін ойлап, Италияда тәжірибе жинап, ұлымды сол жақтан аяқтан тік тұрғызуды жөн көрдім. Бүгініме шүкір деймін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1592582-italiyada-turatyn-qazaq-bishisi-ondaghy/

pixel