Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ зиялыларының ұрпақтары ана тілін ұмытып, шетел асып кеткен (фото)

Опубликовано:

Артында өлмейтұғын сөз қалдырған қазақ қаламгерлерінің ұрпақтарын халқымыз әрқашан "тектінің тұяғы", "асылдың сынығы" деп сыйлап өткен. Өзінің осы асыл тегіне лайықты болу - адам баласына зор жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Алайда жүрегі қазақ деп соққан зиялылардың балаларына қатысты халық арасында сын айтушылар көп. Олардың ана тіліне шорқақтығын былай қойғанда, көпшілігі елін-жерін тастап шетел асып кеткен.

NUR.KZ порталы  бірқатар қазақ қаламгерлері ұрпақтарының бүгінгі тіршілігіне шолу жасап көрді.

Мұхтар Әуезов

Жазушы өмірінде төрт рет үйленген. Мұхтар Әуезовтің балаларынан бүгінде көзі тірісі - Мұрат Әуезов. Ол БАҚ-қа берген сұхбаттарының бірінде өзінің жиен немерелерінің Голландияда тұратынын айтқан.

"Жиендерімнің әкесі қазақ тілін білетін голланд азаматы. Қазір Голландияда тұрады. Күйеу балам әкемнің "Көксерек" әңгімесін голланд тіліне аударды. Өмір бойы сол жақта тұрып жатса да, жиендерім қазақ тіліне судай", - дейді Мұрат Әуезов.

Ал оның Мұғамиля, Лейла, Ернар есімді балаларының ұрпақтары жөнінде ғаламторда ақпарат аз. Жазушының тағы бір немересі Мағжан Әуезов бүгінде еліміздегі банк секторында танымал топ менеджерлердің бірі.

Ілияс Жансүгіров 

Ақын Ілияс Жансүгіров те төрт рет некелескен. Оның үшінші әйелінен туған баласы Саят Жансүгіров сұхбаттарының бірінде: "Әкемнің өз кіндігінен тараған ұрпақтарына келетін болсақ, үшінші әйелі Фатима Төребаевадан мен және кішкентай кезінде шетінеп кеткен Сайра есімді қарындасым екеуміз. Ал, төртінші әйелі Фатима Ғабитовадан Үміт, Ильфа есімді екі қыз, Болат есімді бір ұлы бар. Ильфа мен Болат бұл күнде бақилық болды. Өзіме келсем, Жамал, Ризеда есімді екі қызым бар. Жамал Мәскеуде, Ризеда Хорватияда тұрады", - дейді.

Әзілхан Нұршайықов

Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың немересі Әлия Нұршайықова өзінің жеке блогында атасы туралы естелік мақала жазған. Онда ол майдангер жазушының төрт баласы бар екенін және олардың есімдерін Нұршайықовтың өзі  «Нұр», «Жан», «Ар» сөздерінен құрастырып қойғанын айтады.

Соғыс ардагерінің Жанар, Жаннат, Арнұр және Жаннұр есімді төрт баласы бар. Одан Сабина, Дина, Сәкен, Алма және Әлия есімді немере-жиендері тараған. Facebook әлеуметтік желісіндегі олардың парақшасынан белгілі болғандай, жазушының ұрпақтары шетелде білім алыпты. Тіпті кейбірі шетелдікпен отау құрып, АҚШ-та тұрады.

Мұхтар Мағауин

2007 жылы жазушы Мұхтар Мағауин елді тастап, Чехияға қоныс аударды.

Ол жақта қаламгердің ұлы Едіге Мағауин  «Азаттық» радиосы қазақ қызметінің директоры болып қызмет етеді. serke.org сайтының жазуынша, барып көргендер қазір олардың екі қабатты кең үйде тұрып жатқанын айтқан.

Шетел асқандарды айтпағанда, еліміздегі зиялы қауым ұрпақтары ұлттық тамырдан алыстап кеткен. Еске алу жиындарында сөз алған қазақ ақын-жазушыларының балалары мен немере-шөберелері өзге тілде шүлдірлей жөнелетіні де рас.

Белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали өзінің желідегі жазбасында Алаш зиялылары ұрпақтарының орыстанып кеткенін айтап өкінеді.

"Менің жеке басымның байқауымша, Алашорда қайраткерлерінің ұрпақтарының басым көпшілігі орыстанып кетіпті, кейбіреуі тіпті орыс болып кетіпті, кейбір ұрпағы (аты- жөнін айтпайын) крест тағып жүр", - деген еді ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1561392-qazaq-aqyn-zhazushylarynynh-urpaqtary-q/

pixel