Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

35 жыл бойы адамдарды өлімнен құтқарған алматылық дәрігер қаңғыбастар үйінде тұрып жатыр (фото)

Опубликовано:

Алматыдағы белгілі тұрағы жоқтарға арналған орталықта 35 жыл бойы хирургия саласында қызмет жасаған танымал дәрігер тұрып жатыр деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Жасы 70-ке келген Жұмабек Дүйсембаев 2011 жылға дейін медицина саласында талмай еңбек етіп, осы ісі үшін бірнеше мәрте мараппатталған. Тағдырдың тәлкегі мен туыстарының сатқындығынан қария далада қалды. Алматы - 1 вокзалында аш-жалаңаш "кезбе" болып жүрген бұрынғы дәрігерді әлеуметтік қызметкерлер тауып алды.

Қартайғанда көше кездірген екінші әйел 

- Бірінші әйелімнен бала болмаған соң, екінші рет үйлендім. Жарым да медицина қызметкері. Мен Алматыдағы емхананың бірінде хирургия бөлімінде анестизиолог болып жүргенде, Айжан (екінші әйелі) медбике еді. Менен алты жас кіші, бұрын тұрмыста болған, жеті жастағы ұлы бар. Өзімнің балам болмаған соң ұлын бауырыма басып, отбасын құрдық. 1997 жылы Диас деген ұлымыз дүниеге келді. 2011 жылы жасым келгендіктен, зейнетке шығып, Ақтөбедегі екі бөлмелі пәтерімде тұрдық.

Тағы оқыңыздар: Дауылда қаза тапқан қарияның өліміне ұшып кеткен шатырдың иесін кінәлауда

Ақшадан да тарықтық, жасырмаймын. Бір күні әйелім: "Мына жүрісіміз болмайды. Балалар болса ержетті, сен 35 жыл медицинада қызмет  еттің. Саған мемлекет пәтер беру керек. Ол үшін екеуміз ажырасып, мына баспананы менің бауырыма уақытша аудару керек" деді. Мен оған сеніп, барлық құжатқа қол қойдым. Бұл әйелімнің айласы екен.  Менімен ажырасып, пәтерді туысының атына жазған соң, маған "үйді босат" деп маза бермеді. Ұрыс-керіс ұлғайып, ақыры үйден кетуге мәжбүр болдым, - деп еске алады ақсақал.

Аштық  пен ашу бәрін ұмыттырып жіберді 

Қариядан түбегейлі құтылу үшін екінші жары Айжан Орынғалиева ақсақалды Алматыға алдап жіберген.  "Алматыдағы қарындасың шақырып жатыр" деген сылтаумен билет алып, күйеуін пойызға отырғызыпты. Өз қулығын жүзеге асырған әйел Жұмабек Дүйсембаевтың жеке куәлігі мен зейнетақы кітапшасын да алып қалған.

- Алматыға келген соң пойыздан түстім де, жігіттерден қарындасым тұратын үйдің мекен-жайын айтып, апарып тастауын сұрадым.  Бір жас жігіт «Ата жүріңіз, мен жеткізіп салайын» деді. Көлікке отырып, біраз жер жүрген соң ол мені машинадан шығарып алып, ұра бастады. Кейін түсіндім, ол таксист емес, қарақшы екен. Жерге құлап жатқан менің барлық жүгімді ақтарып, қалтамдағы 50 мың теңгемді (зейнетақысы) түгел сыпырып алды. Қатты соққыдан есім ауып қалды, кішкене өзіме келген соң жөн сұрасам,  Қалқаман-2 деген жерде екенмін. Жалынып жүріп, қайтадан Алматы-1 вокзалына келдім. Не құжатым, не ақшам жоқ. Ақтөбеге билетті қарызға алып, үйіме жеткен соң төлеймін деген ой келді. Алайда жолым болмады. Қанша күн жүргенімді білмеймін, аштық пен ашудан бәрін ұмыттым , - деген қарияның жанары жасқа толды.

Полицейлерге рахмет

Бірнеше күн бойы көшеде түнеген қарияны алғаш рет полиция қызметкері көрген. Қария жылап жүріп, қалай қаңғыбас болғанын айтып беріпті. Жаны ашыған полицей ақсақалды асханаға апарып, тамақ алып берген.

 - Полицей жігіт маған толтырып тамақ әперді. Алғысым шексіз. Бірнеше күн аш болғандықтан, атын да ұмытып қалдым»,- дейді Жұмабек Дүйсенбаев.

Тәртіп сақшысы қаңғыбас дәрігердің жайын айтып, әлеуметтік қызметкерлерді шақырған. Осылайша, 2017 жылдың 12 мамырынан бастап қария қаладағы қаңғыбастар үйінде тұрып жатыр.

Ұлым Назарбаев университетінің үлгілі студенті

- Жұмабек ата бізге келіп түскенде есін білмейтін еді.  «Кетуім керек, пойызым келді» деп қайталай берді. Кейін психологтар жұмыс жасап, күтім көрген соң ғана жағдайы жақсарды. Құжатын ешкім ұрламаған. Шын мәнісінде зейнетақы кітапшасы мен куәлігін жары Айжан Орынғалиева бермей, бар ақшасын осы күнге дейін өзі алып келген. Бұл құжаттарды біз туған баласы Диастан алдырттық.

Тағы оқыңыздар: Семейдегі қазақ зиялыларының қабырғадағы суретін бұзақылар бүлдірген

Басында бергілері келмеді. «Әкең керек емес болса зейнетақысын алуға ұялмайсың ба? Сені сотқа береміз» деген соң ғана келісті. Туған баласы қазір Астанадағы Назарбаев атындағы университетте ІT мамандығы бойынша білім алып жатыр. 2-курс студенті. Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген, үлгілі азамат екен. Біз «әкелеріңнің жағдайы қиын» деп әрең шақырттық. Алайда Диас әкесінен бас тартып, қол хат жазып кетті. Енді ақсақалды амалдың жоқтығынан ардагерлер үйіне өткізуге дайындап жатырмыз,- деді Алматыдағы белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған бейімдеу орталығының директоры Ақмарал Бекетова.

Орталық қызметкерлері қаңғып қалған қарияны Диасқа көрсетіп, әкесінен не үшін бас тартатынын да сұраған. Алайда «анама керек емес жан бізге де қажет емес» деп жауап беріпті.

- Ұлым мектепті қызыл аттестатқа бітірді. Төрт жасында әріп танытып, ағылшынша үйреттім. Бәрі менен  балаңызды ұрдыңыз ба деп сұрайды. Өз балам түгіл, өзгеге саусағымды тигізген емеспін. Өгей демедім, әйелімнің артынан келген баласын да бауырыма басып, елден кем қылмадым. Қайтем енді, құдайдың берген сынағы шығар?! Ешкімге ренжімеймін. Аман-есен оқуын тәмәмдап, елге пайдасы тиер азамат болсын деймін. Өгей ұлым жақында балалы болыпты. Бір бөлмелі пәтерде тұратынын, әкете алмайтынын айтты, - дейді бұрынғы дәрігер.

Үсті-басы мұнтаздай таза қарияға орталық қызметкерлері бауыр басып қалған

Қария орталықта бос жатпай, ауырғандарға дәрігерлік кеңесін беріп, көз қырын сала жүреді екен.

- Жұмабек ата өте керемет адам. Мәдениетінің өзі бір әңгіме. Таңертең ерте тұрып, қызметкерлерді есік алдында амандасып күтіп алады, кешке қоштасып шығарып салады. Кейде көрмей қалсақ, «Ата қайда?» деп іздеп кетеміз. Тазалығы жағынан сөз жоқ. Тамақ ішетін қасығын өзі жуып, қалтасына салып жүреді, өзгелердікімен араластырмайды. Тектілігі сыртына көрініп тұрады. Бұл орталықта 150-ге жуық қаңғыбас бар. Солармен бірге жатқаны жанына батып жүр. Өте бауырмал. «Зейнетақымды алдым, осы ақшаны қайрымдылық қорына берейін» деп жаны қалмайды. Біз атаға жаңадан киімдер сатып алып бердік,- дейді орталық қызметкері Толқын Ермекқызы.

Ардагерлер үйіне орналасу да оңай емес

Жұмабек Дүйсенбаевты Алматыдағы ардагерлер үйіне орналастыру ісі оңға баспай жатыр. Себебі, Ақтөбеде тұрған кезінде бір-екі рет ащы су ұрттағаны үшін әйелі ақсақалды наркодиспансерге апарып, қара тізімге қосып қойған. Соның салдарынан қарияға қазір көп есік жабық. Алайда орталықтың қызметкерлері Жұмабек қарияның екі ай ішінде бір рет тәртіп бұзғанын, тіпті темекі шеккенін көрмеген.

- Ақтөбедегі наркологиялық орталыққа хабарласып, атамызды қара тізімнен әрең алдырттық. Қазір денсаулығын толық тексеруден өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ардагерлер үйіне орналастырамыз деген үміттеміз,- деді мекеме директоры.

Тағы оқыңыздар: Астанада мас жүргізуші жасөспірімді қағып, аялдамаға бір-ақ соғылды

Бір күнде барынан айрылып, жақындарынан сатқындық көрген қария өзіне қол салып бақилық болғысы келгенінде жасырмады. Жаман ойынан арылтып, адамшылық жасаған  әлеуметтік қызметкерлер айтар алғысы шексіз. Ал баспанасын тартып алған жары болса, телефон тұтқасын көтермей, ел-жұрттан қашып жүрген көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1559996-35-zhyl-boyy-adamdardy-olimnen-qutqarghan/

pixel