Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ләйлә Сұлтанқызының күйеуі туған жерінде ерекше балабақша ашты (фото)

Опубликовано:

ОҚО-да 12 жыл трактор айдап, нәпақа тапқан тұрғын басшылық ететін балабақшада күнделікті ас-ауқатқа қажетті көкөніс пен жемістің барлығы – табиғи. Бір ерекшелігі, оны балалардың өздері еккен деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Созақ ауданындағы шағын ғана Қызылкөл ауылында небәрі 115 қана отбасы тұрады. Бүгінгі таңда мұнда жалғыз ғана «Қайрат» балабақшасы бар. Онда отыз бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің өзгелерден ерекшелігі – қажетті көкөніс пен жеміс сырттан әкелінбейді. Барлығы балабақша ауласында өсіріледі.

Бұрындары ауыл мектебі болған ғимаратта орналасқан балабақшаның бір гектарға жуық ауласы бар. Дәл осы жерде жыл сайын картоптан бастап сәбіз, пияз, қызанақ, қияр, асқабаққа дейін егіледі. Алма мен жүзім ағашы да жайқалып тұр. Оның барлығын осындағы тәрбиеленушілер еккен. Тіпті бүлдіршіндердің бау-бақшаға киетін арнайы киімдері мен жабдықтарына дейін бар. Көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары - балабақша қызметкерлерінің міндеті.

«Бізде әр қызметкердің белгілі бір міндеті бар. Мәселен, киім үтіктейтін немесе кір жуатын қызметкер күн сайын киім жуып, үтіктей бермейді ғой. Ары кетсе, екі күнде бір рет жасайды. Бос уақытында осы бауды күтіп-баптайды. Ал балалар тек егу жұмыстарына жұмылдырылады. Бұл жерде біз оларды жұмысқа күштеп салып жатқанымыз жоқ. Ата-аналар бұл жағдайдан хабардар. Қайта керісінше, рахметін айтады бізге. Себебі баланы кішкентайынан еңбекке баулу – құптарлық іс қой.

Сонымен қатар жемістің өсіп-шығуы балалардың көз алдында өтеді. Біздің мақсатымыз – бүлдіршіндеріміз барлығын өз көздерімен көрсе, қызықса, еңбектің наны тәтті екенін осы бастан ұға білсе дейміз. Жаһанның шарықтап даму заманында балалар бос жүруге болмайтынын осы кезден бастап түсіндіре білу қажеті», - деді еңбек жолының 12 жылын трактор айдауға арнаған балабақша меңгерушісі Нұржамал Төлеуова.

Расымен де, перзенттерінің бала күнінен еңбекке араласқанына ата-аналар да құптайды екен. Солардың бірі – 1,5 жастағы бүлдіршін Құралайдың анасы Мейрамкүл Сұлтанова

«Төрт баланың анасымын. Үш балам мектепке барады, кенжем осы балабақшаның тәрбиеленушісі. Мұнда барлық жағдай жасалынған. Ана ретінде шынымды айтсам, қуаныштымын. Әсіресе еңбекпен шұғылдану жұмыстары көңілімнен шығады. Баланы бастан деген бар емес пе? Мұның бәрі тәрбие жұмыстары ғой. Қазірден еңбектің не екенін үйренудің болашақта өздеріне үлкен пайдасы тиеді», - деді бүлдіршіннің анасы.

2010 жылы балабақша аумағының бос жатқан жеріне картоп егіліп, 12 тонна өнім алынған. Бұл, әрине, шағын ғана балабақша қажеттілігінен жетіп-артылады. Сол себептен ұжым қалғанын сатып, одан түскен пайдаға әр балаға бір-бір велосипедтен сатып алып берген.

«Қазір өз қолдарымен еккен жемістен келген табысқа велосипед сатып алса, болашақта ата-аналарына салмақ салмай-ақ табыс тауып, көлік мінуге болады. Біз "Өз жемісімізді өзімізде өсіреміз" деген ұранмен жұмыс істейміз. Балаларымыздың шүкір, қызығушылықтары бар», - деді бұрынғы тракторшы, бүгінгі балабақша меңгерушісі.

Тағы бір атап өтерлігі, балабақша меншігінде тек қана бау емес, сиыр да бар. Тәулігіне он литр сүт алынады. Ол да балалардың күнделікті ас-ауқаты ретінде пайдаланылады. Балабақша меңгеруші кейде артылып қалған сүтті жинап, одан ірімшік те жасайды екен. Дәл бүгінгі таңда балабақша ауласының 20 гектардай жеріне картоп түптері егіліп үлгерген. Ол маусым айына қарай жеміс береді. Ал мамыр айында тағы картоп түйнектері егіліп, қыркүйекте өнім жиналып алынады. Балабақша басшысы жиналған картопты қыс бойы балалардың күнделікті тамағына тұтынамыз дейді.

Айтпақшы, бау-бақшада өсіп шыққан жеміс пен көкөністерден шырын мен тосап, түрлі салаттар жабылып, қыс бойына бүлдіршіндерге беріледі екен. Одан өзге жаз айларында мұнда қауын мен қарбыздың да түр-түрін табуға болады.

Ал мекеме ауласын көріктендіру мақсатында мұнда раушаннан бастап 20 шақты гүл отырғызылған.

«Қайрат» балабақшасы 2008 жылы Созақтан шыққан кәсіпкер Қайрат Беркінбаевтың демеушілігімен пайдалануға берілген. Мұнан соң ғимарат мемлекет меншігіне өтіпті. Балабақша ақысы әр балаға небәрі 6500 ғана теңге. Алғашында кәсіпкер бұл мекеменің «Қайрат» деп аталуына үзілді-кесілді қарсылық танытқан.

Дегенмен жерлестері бір ауыздан осындай шешімге келіпті. Айта кетерлігі, кәсіпкер Қайрат Беркінбаев танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының жары. Аталған отбасы әлі күнге дейін балабақшаға бас сұғып, балалардың жағдайын біліп тұрады екен.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Алматыда 4 метро бекетін тексеру аяқталды

Велосипедпен жүру рак қаупін екі есе азайтады

4 жасар қыз жүріп бара жатқан автобустан құлап, жағын сындырды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1474919-layla-sultanqyzynynh-kuyeui-tughan-zher/

pixel