Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"5 мың жыл бойы тойланып келеді": Наурыз мейрамына қатысты 22 қызықты дерек

Опубликовано:

Наурыз мейрамын тойлау
Наурыз мейрамын тойлау. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мейрам күні қар жауып тұру - жақсы ырым деп саналады. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы наурыздың ақ қарына теңестерілген. Түркі халықтарында жаңа жыл көктем мерекесімен бірге басталады. Яғни, 22 наурыз — Жыл басы. Осы орайда Наурыз мейрамына байланысты 22 қызықты деректі сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

Наурыз туралы мынадай қызық деректер ұсынамыз:

1. Наурыз мейрамы — әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы тойланып келеді. "Наурыз" сөзі парсы тілінен аударғанда "Жаңа күн" деген мағынаны береді.

2. Бұрынғы қариялар 22 наурызды "Қызылбастың наурызы" дейді екен (Қызылбас — Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы). Қазақ халқы "Наурыз" демей, "Амал" деген.

3. Наурыздың дәстүрлі тағамы — "Наурыз көже". Ол жеті түрлі азықтық дәмнен тұрады. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді, бұл санның мағынасы терең. 7 санына байланысты әдет-ғұрыптар да бар.

Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі де 7 үйге жолығады. Өзбекстанда "Сумалақ" — наурыз көжеге ұқсас тағам дәстүрлі болып саналады. Ол да жеті азықтық заттан әзірленеді.

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

4. Наурыз мейрамы 18 ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген деген дерек бар. Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі

5. Наурызды тойлау тарихы Ұлы Абай өзінің "Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы" жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың "хибиғи", "хұзағи" деп аталатын көне заманына ұштастырады.

Парсының «нау» сөзі әр түрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша "нов" (ай), немісше "нойе", латынша "нео". Осылайша «нау» сөзі үнді-еуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған.

6. Наурыз мейрамы — діни мереке емес. Бұл — қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады.

Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген.

Наурыз мейрамы
Наурыз мейрамы. Фото: gov.kz

7. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-ші қарарына сәйкес, 21 наурыз "Халықаралық Наурыз күні" болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді.

Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

8. Наурыз — көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз.

9. Ұлы ғұламалар Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбектеріндегі Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректерге назар аударсақ, парсы тілдес халықтардың Наурызды бірнеше күн тойлаған. Яғни, олар Наурыз күндерінде мынадай салт-дәстүр, ырымдар жасаған:

Әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті, ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже "сумалық" ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыны аяқты сындырған.

Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою — "күн символын" салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

10. Наурыз мейрамына байланысты мынадай атаулар бар: Наурыз күні, Наурыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз жұмбақ, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы.

11. Наурыз мерекесінің туу тарихы турасында талас көп. Наурыздың нақты тарихы тереңде жатыр, ол өзінің бастауын мұсылмандыққа дейінгі заманнан алады. Кейбір ғалымдар бұны зороастризм мен шаманизм кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырады. Кейбіреулер Парсы патшасының жорықтарымен байланыстырып жүр.

12. Атырау және Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, "Амал" деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элементі — "Көрісу". Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге, барлығы "Жаңа жыл құтты болсын!" деп амандасады.

13. 1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты.

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

14. Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне "Наурыз мейрамы" деген мәртебе берді.

15. Наурыз Қазақстанда ғана тойланбайды. Жақын шет елдер (Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей) Наурыз мерекесін қарсы алады. Ауғанстан, Иран секілді алыс шет елдері мерекенің келуін тағатсыздана күтеді.

16. Бұрын Наурыз мейрамын тойлау таң атуды қарсы алудан басталды. Бұл ежелгі ғұрыптардың біріне "Бұлақ көрсең, көзің аш!" деген мәтелге байланысты болды.

17. Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды дейді.

Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Бұл күні шаш алуға, тырнақ алуға болмайды, әйтпесе сал болып қаласың дейді. Айналадағы жан иесінің бәрі "әзден" кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Халықта мынадай қанатты сөз бар: "әз болмай, мәз болма".

18. Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді. Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады.

19. Наурыздың мағынасы — наурыз парсыша "нау" (жаңа) және "руз" (күн) Жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаға ие. Ол күнтізбелік жылдың үшінші айы (31 тәулік), көктемнің басы. Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды.

наурыз мерекесі
Ұлттық киім киген қыздар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

20. Шығыс жыл санағы бойынша, мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтар тойлайды. Тәжік халқы бұл мерекені "Бәйшешек", "Гүлгардон" не "Гүлнавруз", татарлар "Нардуган", бирмалықтар "Су мейрамы», хорезмдіктер "Наусарджи", буряттар "Сагаан сара", армяндар "Навасарди", чуваштар "Норис ояхе" деп атаған.

21. Мереке күні қар жауып тұру - жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестеріледі. Бұл таңғажайып жайт емес, өйткені наурыздағы қар әдетте жұмсақ, ерекше аппақ болады.

22. Наурыз айы туғанда өтетін "Көрісу" бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

Қазақстанда Наурызға байланысты ат берілген қанша адам бар?

Мақалаға тұздық болсын, Қазақстанда қазіргі уақытта есімі Наурызға байланысты қойылған қанша адам тұратынын ұсына кетейік.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда Наурыз есімді 1472 адам бар, Наурызбай – 2940 адам, Наурызбек – 3206 адам, Наурызхан – 272 адам, Наурызгали – 145 адам, Наурызғали – 82 адам, Наурызгүл – 113 адам, Наурызгуль – 61 адам.

Наурыз тойындағы татар әйелдері
Наурыз тойындағы татар әйелдері. Фото: Creative Touch Imaging Ltd./NurPhoto via Getty Images

Наурыз туралы алғаш зерттеу жүргізген ғалымдар

Тарихшы Мұхтар Қожа мақаласында бұл мейрамның түп-төркіні туралы деректерді келтірген. Оның мәліметінше, кеңестік кезеңде Наурыз мейрамы туралы терең зерттеу жүргізген этнограф Дж. Кармышева болды. Ғалым сол кезде ғылыми әдебиеттегі және қазақ фольклорындағы өлеңдерді, этнографтар жинаған материалдардың едәуір бөлігін қарастырып талдап, қазақтың бұл мерекесінің ерекшелігіне назар аударған.

"Дж. Кармышеваның пікірінше, қазақтың Наурызы Орта Азияның кәсібі негізінен егіншілік болып табылатын халықтардың Наурызды тойлау дәстүрлерінен өзгеше, онда байырғы далалық дәстүр белгілері басым. Нақты айғақтар келтіре отырып, қазақ Наурызының тамыры өте тереңде жатқан мейрам екен деген қорытындыға келеміз", - дейді тарихшы.

Сондай-ақ, мақалада Наурыз туралы ана тілімізде алғашқы ғылыми мақалалар жазғандардың бірі Т.М. Өмірзақов пен О.Е. Ислямов екені айтылған. Бұл мерекенің өте көнеден келе жатқанына күмәнданбайды. Белгілі этнограф А.Тоқтабай шығыстанушы ғалымдардың Наурыз мейрамын б.з.б. VІ ғ. өмір сүрген Зороастр /Заратуштра/ жасаған деген пікірін алға тартады. Этнограф бір қазақ шежіресінде Наурызды Алашпен замандас екеніне назар аударады.

ХVІІІ ғасырдың Наурыз туралы ойшыл, этнограф Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлынының жазбасында айтылған. Оның "Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама", - деген сөзі бар.

Ал 1820 жылғы "Сибирский вестник" журналында басылған Г.И. Спасскийдің "Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой орды" атты еңбегінде Наурыз туралы былай деп жазылған: "Год называют урус (улыс болса керек - М.Қ.) и начинают его с равноденствия, бывающего в марте".

"Сибирский вестник" журналының мұқабасы
"Сибирский вестник" журналының мұқабасы. Фото: rusneb.ru

Тарих ғылымдарының докторы мақаласында Наурыз туралы айтқан Мұхтар Әуезовтің сөзін былай деп келтіреді: "... Мұнда баяғы заманда, Ұлыстың ұлы күні қалың елдің жаңа тілек тілейтіні көрінеді. Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде "Таза бақ кел" деп, "Көш, Қайрақан көш" аластау – барлығы да сол заманның тілегі".

Әлем елдерінде Наурыз қалай тойланады?

Мысалы, ирандықтар бұл мерекені Ноуруз деп атайды. Иран халқы бұл мейрамды мұсылмандар күнтізбесі бойынша көктемнің бірінші күні, ал Григориан күнтізбесі бойынша 22-сі тойлайды. Наурыздың 20-сынан бастап 13 күн тойланады. Бұл елде де, біздің халық сияқты осы мейрам басталмай тұрып бәрі бірдей үйде тазалық жұмысын жүргізеді. Оның тіпті ханетакани деген атауы бар. Бұл халықтың "Хафт-Син" деп аталатын жеті түрлі ұлттық тағамы да дайындалады.

Ал әзербайжандар "Новруз байрам" деп атайды екен. Негізінде тойлау 21 наурызға дейін төрт апта бұрын басталады. Бірақ тек наурыздың 20-сынан бастап бес күн қатар тойланады. Дастарханға міндетті түрде жұмыртқаны айнаның үстіне қояды. Жұмыртқа бір жағына домалаған кезде, жаңа жылдың келуіне балайды. Тәжік ағайын "Навруз", "Бәйшешек", "Гүлгардон", "Гүлнавруз", "Хадир айиам" ("елеулі мереке" деген мағынаны білдіреді) деп атайды.

20-21 наурыз аралығында Тәжікстанда демалыс күні деп бекітілген. Наурызды достықтың кілті және тіршіліктің оянуы деп санайды. Дастарханға тәтті суманақ асы қойылады. Оны бидай өнімінен дайындайды. Ерлер арасында "бузкаши" (қазақтың көкпарына ұқсас) ойыны өткізіледі. Түрікмендер бұл мейрамды өз тілінде "Новруз байрамы" деп атайды. Бұл елде де мереке 21-22 наурызда тойланады. Мерекелік дастарханы бидай өнімдерінен жасалған ұлттық тағамдарымен толып, түрікмендер бір-бірінің үйіне барып, қонақ болады.

Қырғыздар "нооруз" десе, өзбектер бұл мейрамды "навруз" деп атайды. Бұл елдерде тура біздің елдегідей наурыз көже жасалып, ұлттық тағам мен ас мерекесі өтеді, бірақ ресми мерекелік күн - 21 наурыз.

Түркия күрдтері Наурызда тойлап жатыр
Түркия күрдтері Наурызда тойлап жатыр. Фото: Bilal Seckin/SOPA Images/LightRocket via Getty Images

Ауғандар наурызды "Навруз" деп атайды, ал түріктер "Невруз" дейді. Ауғандар дастарханға "Хафт син" және "хафт мева" сияқты жеміс түрлерін қойса, түріктер да өз ұлттық тағамын ұлықтайды. Қос елде де би фестивальдары, оттан секіру және тағы да басқа түрлі ойын-сауық өтеді.

Tatarlar.info басылымның мәліметінше, татар халқы Наурыз мейрамын "Емел" деп атайды екен. Бұл мереке Татарстанда көктемгі күн мен түннің теңелу күні, қыстың кетіп, көктемнің келуін бейнелейтін жаңа жылдың басталуының белгісі деп қабылданады. Татарлар мен олардың ата-бабалары бұл мерекені исламға дейінгі дәуірден бері тойлап келген. Бұл күні күндіз – халық алаңға жиналып, батырлар мен сұлулардың жарыстарымен, әндері мен билермен, ал кешке отбасы ортасында атап өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1445756-nauryz-merekesi-zhayly-22-qyzyqty-derek/

pixel