Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екі қолға бір күрек "таппай жүрген" қазақ жігіттерінің тұрақты жұмысқа тұруға құлқы жоқ (фото)

Опубликовано:

Алматыдағы Сейфуллин даңғылының бойында екі қолға бір күрек "таппай жүрген" сайдың тасындай қазақ жігіттерінің саны неге азаймай тұр? Үлкен қалада тұрақты жұмыс табу мүлде мүмкін емес дегендері қаншалықты рас?

NUR.KZ порталының тілшісі көше жағалаған азаматтарды әңгімеге тартып, осы жүрістерінің себебін сұрап көрді.

2006 жылдан бері Сейфуллин көшесінің бойынан нанын тауып келе жатқан Дәурен Отарбаев кезінде Қазығұрттан Алматыға жұмыс іздеп келген. Отбасы жайында ашып айтқысы келмеді. Бірақ, белгілісі, Алматыда салт жүр. Бала-шағасы ауылда қалған. Өзі қаланың төменгі аудандарының бірінен қуықтай бөлмені 25 мың теңгеге жалдап тұрады. Айлыққа жұмыс істеп көрген. Алайда, оның ақшасына көңілі көншімепті.

«Мейрамнан кейінгі 9 күнде жұмыс болмай тұр. Қыс айлары негізінде тыныштық орын алады. Жаздыгүні кейде 15 мың теңгеге дейін табатын кезіміз болады», - дейді елуді еңсерген Дәурен Отарбаев. Сондағы азаматтардың қолынан келер ісі – қара жұмыс.

«Біз барлық жұмысты істей береміз. Бұзу, сындыру, бетон құю, қалау сияқты құрылыстан бастап, аула тазалау, жүк тиеу, түсіру секілді ұсақ-түйек жұмыстарды атқарамыз», - деп қолынан келетін жұмыстарды тізбелей жөнелді ол.

Дәурен Отарбаев жұмысқа орналастыру бойынша агенттіктерге аттап енді баспаймын деп отыр. Ол халықты алдағаны үшін мұндай мекемелердің көзін құрту керек деп есептейді.

«Агенттіктердің бәрін құрту керек. Олардың бәрі алдайды. 1500-2000 теңгедей ақшасын төлейсің, олар сосын «Күтіңіз,  өзіміз хабарласамыз», - дейді. Сосын тым-тырыс», - деп өз ойын айтып қалды азамат.

Тұрақты жұмыс іздеуге бір-екі рет талпынған Дәурен Отарбаев газеттердегі хабарландыруларға алданып қалғанын айтады.

«Газетпен барып едім, желілік маркетинг екен, алып-сатушылық қолымнан келмейді. Оның үстіне оған уақыт керек екен. Ал, күзетшілікке мені алмайды», - деген азамат одан да осылайша қолма-қол ақшаға жұмыс істегенді тәуір көріп тұр.

Көше бойында топ болып тұрған жігіттердің көпшілігі осылайша күні бойы қол қусырып тұрғандарына ұялған сыңай танытты.

Уақытша жұмыс күтіп тұрған азаматтар бір-бірін жақсы таниды екен. Тіпті кімнің қай жақтан келгені, бір-бірінің отбасылық жағдайы қандай, қанша баласы бар екеніне дейін айтып бере алады.

Осы көшеге жұмыс іздеп келген ең алғашқы азаматтардың бірі - жасы 52-ден асқан талдықорғандық Хасен Манасбаев. Сейфуллин даңғылында тұрғанына 12 жылдан асып барады.

Тұрақты жұмысқа тұруға құлқы жоқ азаматтың айтатын басты уәжі – жұмысқа орналасу үшін ресми рәсімделуге кететін уақыт.

«Құрылыс компаниясына барсаң, анықтама керек, құжаттар рәсімдеу керек, ол бізге - көп жұмыс. Ақша қолымызға тез түспейді. Айлығыңды 45 күн күтесің. Кейде тіпті оны да бермейді. Оған дейін отбасыңды немен асырайсың, біреуіне киім керек, біреуіне тамақ керек», - дейді Хасен Манасбаев.

Бір сөмке, бір қолдорбасын арқалаған атпалдай азаматтар көшеден өткен әр көлікке телміре қарайды.

Тепсе темір үзетін жігіттер жұмысын істетіп алып, өздерін алдап кеткендердің де болғанын жасырмады. Ал қазіргі таңда ешкімге алданбайтындықтарын айтып, өздерін қалжыңдап «рентген» болып алдық дейді.

Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығында таңғы сағат 8-9-дан бастап, кешкі 6-7-ге дейінгі уақытын қолма-қол жұмыс іздеумен емес, күтумен өткізген азаматтардың көпшілігі – ауылдан келген қазақ жігіттері екені көрініп тұр.

«Ауылдың жағдайы мәз емес, ол жақта тұру үшін малың, шаруашылығың болуы керек. Енді мына жақта қаңғып жүрміз. Ана жақта бала-шағамыз қалды. Қазір біз сияқтылар көп қой», - дейді Хасен Манасбаев.

Көше бойындағы жұмыссыз жігіттер өзбекстандық азаматтардың басты бәсекелестері екенін тілге тиек етті. Олар полицейлерге қайта-қайта келіп мазаны алғанша, шетелден келген заңсыз жұмысшыларды тексеруін сұрайды.

«Бізге тисе бергенше, шетелден келіп, заңсыз жұмыс істеп жатқандарды қумай ма? Біздің жерімізде жұмысымызға, нанымызға ортақтасып жатқан. Шет жаққа қанша ақша кетіп жатыр. Нанымыздан қағылып жатырмыз», - дейді ашынған азамат.

Тағы оқыңыздар:

Павлодарда атысқан адамдар ұсталды

Роналду Мессиді басып озып 2016 жылдың ең үздік футболшысы атанды

Күйеуіне ашуланған келіншек оның көлігін ұрлап әкетті

Қайырымды тіс дәрігері жұрттың сүйіспеншілігіне бөленді (видео)

Мұрат Әбенов: Тіркеуді тоқтата тұрып, қоғамдық комиссия құру керек

Ақтөбеде мектеп оқушыларына смартфон ұстауға тыйым салынды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1371380-seyfullin-danhghylyndaghy-qazaq-zhigitt/

pixel