Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы қызының Қытай түрмесіндегі өмірі туралы айтты (фото)

Опубликовано:

Небары 19 жасында «есірткі затын тасымалдады» деген айыппен Қытайдың Гуанчжоу қаласында ауыр жазаға тартылған оңтүстікқазақстандық бойжеткен Ақжарқын Тұрлыбай алғашында өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасын алды. Кейін сот оның жазасын жеңілдетіп, бүгінде істі қайта қара жатыр деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Арада уақыт өтіп, туыстары мен қорғаушылары бұл шешіммен келіспей, аппеляциялық шағым түсіріп, үміт оты тұтанды. Болжам бойынша 2017 жылдың қаңтар айында қыздың алдағы өміріне түбегейлі нүкте қойылады.

Бүгінгі ахуалды білу үшін NUR.KZ тілшісі қатаң айып тағылған бойжеткеннің анасы Зухра Сейтімовамен арнайы сұхбаттасты. Жанары жасқа толып жылаған ана әділдік орнап, қызының ақталып шығатынына сенеді.

Сенімге кірген құрбы

- Зухра Маманханқызы, жолдасыңыз сұхбатқа түбегейлі қарсы болды. Неліктен?

- Осындай жағдай орын алған кезде журналистер келіп сұхбат алды. Алайда олар біздің сөзді елге басқаша жеткізген. Тіпті кейбірі Ақжарқынды жеңіл жүрісті, әке-шешесінің айтқанын істемейтін қыз деп көрсеткен. Осыдан кейін тілшілерге қатты ренжідік.

- Әрине, сізге қаншалықты ауырға соғатынын білеміз, дегенмен, болған жайды өз аузыңыздан естісек...

- Қызым бала күнінен тіл меңгеруге бейім болып, Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетіне түсті. Елімізде жатақхана мәселесі қиын ғой, курстастарымен бірге пәтер жалдап тұрды. ІІІ-курс оқып жүргенінде бізге ауыртпашылық салмайын деп жұмыс істеді. Пәтеріндегі бір курстасы тұрмысқа шығып, оның орнына Динара есімді қыз бірге тұрды. Ол Ақжарқынмен қатарлас. Бірақ, оқымайды, жұмыс істейді.

Мен ол кезде аяғым ауыр болып, қызыма бара алмайтынмын. Тек хабарласып, қажеттілігін салып жіберіп отырдым. Қаршадай ғана Динара өздігінше «анализ» жасап, Ақжарқынның іздеушісі жоқ деп ойлаған болу керек, оның үстіне қызымның ақкөңілділігі, сенгіштігі бар, бірге тұратын екі құрбысымен ұрыстырады. Кейін Ақжарқын Динарамен бөлек пәтерге шығады.

Қызым оны жақын құрбысы санап, соның айтуымен түнгі клубқа  даяшы болып жұмысқа тұрады. Арада бір ай өтпей жан құрбысы болып жүрген Динара Алёна есімді әпкесіне көмектесіп, Қытайдан тауар алып келіп, Ақжарқынға күртеше, қымбат сағат сыйлайды. Мұны естіген мен Динарадан күдіктене бастадым. Қызыма «байқашы» деп те ескерткенмін.

Ақжарқын тағы да сол сенгіштігіне салып, «ол жақсы қыз» деп шықты. 2013 жылдың соңында Ақжарқын «Динараның әпкесі Алёнаның аяғы ауыр болғандықтан Қытайдан тауар алып келуге көмектесуін өтінді, сол үшін шетелге шығу төлқұжатым керек» деді. Мен қарсылық таныттым. Салып жібермедім. Арада тағы уақыт өтіп, 2014 жылдың басында «оқу орным практикаға жіберіп жатыр» деп қоярда-қоймай құжатын алдыртты.

Оның үстіне Алёнаға да көмек беретінін айтты. Алёнамен телефон арқылы сөйлесіп, ол қыздарға арналған қымбат сөмкелерді алып келу қажеттігін айтып, мән-жайды растады. Мұны естіген әкесі де қарсы болды. Ішкі түйсігі сезген ғой. Көп уақыт өтпей виза аштырып, билет алғанын айтты. Қанша қарсылық танытқанымызбен ақыры жолға шықты. Негізі қызым өмірінде өтірік сөйлемейтін. Бәлкім құрбысы жақсы табыс тапқанын көріп, келіскен болу керек.

Құзырлы органның салғырттығы да бар

- Осындай жағдайға тап болғанын кімнен естідіңіздер?

- Ақжарқынмен күн сайын телефонмен сөйлесіп отыратынмын. 2014 жылдың 9 наурызында байланыс мүлдем үзілді. Сары уайымға салынып, телефонын жоғалтып алған шығар деп ойладым. Есірткімен ұсталады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеді.

Үш күндей хабар болып қалар деген үмітпен күтіп, 13 наурызда Алматыда болдым. Құзырлы мекемелерге шағымдандым.

Ондағылар «Қытайға кеткен қызыңызды біз қайдан табамыз? Қазақстанда болса, іздеу жариялайтын едік» деп шығарып салды. Консулдық арқылы Қытайға хат жолдадым. Ресми хат келмей тұрып-ақ ондағылар маған мән-жайды жеткізді. Ал оған дейін телефоныма қазақстандық бейтаныс бір нөмірден әлдекім «Қызыңыз осындай қатерге ұшырады» деп хабарлама жіберді. Қайта қоңырау шалғанымда «маған хабарласпаңыз» деп сол күйі тілдесе алмадым.

Ал құрбысы болып жүрген Динара ешнәрсе білмеймін деп шықты. Айтқаны, Джонни есімді жігіт Ақжарқынға билет алып, шығарып салған. Оны естіп мен «ол қара нәсілді жігіт қайдан шықты?» деп таң қалдым. Белгілі болғандай, Гуанчжоу әуежайында Алёнаның күйеуі Ақжарқынды күтіп алып, тауар әлі дайын болмағандықтан, бір күнге қонақүйге орналастырған.

Ертеңіне сөмкелерді Ақжарқынға ұстатып, әуежайға алып келген. Сол сәтте шабаданның ішінен 4,5 келі есірткі табылып отыр. Есірткі шабаданның ішіндегі тігілген қалташаға жасырынып салыныпты. Ал қызым одан мүлдем бейхабар болған.

Қызымның қамалуына осындай адамдардың қатысы бар деп прокуратураға шағым түсірдім. Ақжарқынның бір досы Джонниді көрген екен. Оны ертіп алып, Алматының түнгі клубтарынан нигериялық жігітті іздедік. Қателеспесем, «Прайм» деген клубтың ішінен Джонниді кездестіріп, сол сәтте ішкі істер бөліміне хабарласқанымда, ондағылар «бізде әзірге бос патруль көлігі жоқ, өзіңіз алып келіңіз» деді.

Туыстарымның көлігімен әлгі Джонниді ішкі істер бөліміне сүйреп алып бардым. Ондағылар тек сұрау алып, босата салды.

Ақжарқынның өзі болмай, оны қамауға ала алмайды. Бір қызығы, құзырлы мекемеде отырғандарға Джонни құжатын жоғалтып алғанын айтты. Шет елдерде өзге елдің азаматы құжатсыз жүрсе, бірден қамап қояды ғой. Ал бізде ондай емес екен. Кейін Джонни қашып кеткен. ІІБ-нің салғырттығы болып тұр ғой бұл жерде...

- Ақжарқынның ісінен соң тура сіздің қызыңыз секілді ресейлік бірнеше бойжеткен де нигериялық мафияның құрбаны болғаны туралы ақпарат тарады. Хабарыңыз бар ма?

- Естуімше, үш қыз осындай жағдайға тап болған екен. Оның бірі Ресейдің журналист қызы. Оған бір танысы Гонконг әуежайы арқылы Ресейге кітап жеткізіп беруін өтінген. Кітаптардың арасында есірткі заты болған. Одан кейін тағы бір ресейлік қыз Таиланд әуежайында ұсталды. Бүгінде ол қызбен хабарласып тұрамын. Оның кінәсіз екендігі дәлелденіп, ақталып шықты.

Қытайлықтар да Ақжарқынның кінәсіздігіне сенімді...

- Ақжарқынның Қытай абақтасында болғанына аз уақыт өтпеді. Қанша рет кездестіңіз?

- Екі-ақ рет кездестім. Үш жылға жуық уақыттың ішінде перзентіңді екі-ақ рет көру - қандай ауыр... Қытайдың соты мен прокурорлары есірткі затымен істі болғандарға өте қатал қарайды. Алғашқы сот отырысында қызыммен сөйлестірмек түгілі, тіпті маңына да жолатпады. Сотқа «сені де ана туған шығар» деп тізерлеп жалындым. Ақжарқыным көзінің қиығымен қарап отырды. «Мықты болыңыз», - деп бір-ақ ауыз сөз айтты.

Қиын жағдайға тап болған балапаным маған осындай жұбату айтты (көзіне жас алып). «Өмір бойына бас бостандығынан айырылу» жазасы тағайындалғанын естігенде есімнен таным қалдым.

Адвокаттары аппеляциялық сотқа шағымдану мүмкіндігі қалғанын айтқанда бойымда үміт оты тұтанды. Ал екінші сот отырысында ауыр жаза алынып, іс қайта қаралды. Соңғы сот отырысы қараша айының басында болды. Бірақ, шешім шықпады.

Желтоқсанның соңында болып қалады деген, әлі хабар жоқ. Қаңтардың басында үкім шығады деп күтіп отырмыз. Әрине, ақталып шығады деген үміт басым. Егер жаза тағайындалса, елде өтеу (экстрадициялау) жайы қаралады. Кейінгі отырыстарда соттың Ақжарқынға деген көзқарасы өзгергенін байқадым. Олар да қызымның кінәсіз екеніне көздерін жеткізген болу керек.

Оның үстіне әуежайдағы бақылау камерасындағы жазбаны көрген Қытайдың психологтары Ақжарқынның сөмкесінде есірткі заты бар екенінен бейхабар екенін де растады. Оның өзін өзі ұстау әрекетінен соң сондай шешім шығарған.

- Қорғаушылары ақталып шығу мүмкіндігін қалай бағалап отыр?

- Ақжарқынды ақтап шығуға қажетті барлық дәлелдерді сотқа ұсынғанын айтты. Оның үстіне бұл іске қатысы бар адамдардан алынған жауаптар Сыртқы істер министрлігі арқылы Қытай сотына жолданды. Тура осындай жағдайдың құрбаны болған өзге елдің қыздарынан да жауаптары алынды.

Елбасыдан араша сұрадым...

- Сыртқы істер министрлігі тарапынан тағы қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

- Қызым істі болған сәтте ІІД, прокуратураға шағымданып, ақыры болмаған соң Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қабылдауында болып, ол кісі қолынан келген көмектің бәрін жасайтынын айтты. Елбасыдан араша сұрап, хат та жаздым. Оның көмекшілері қабылдады. Талай есікті қаққан соң Қытайда сотталғандарды елге экстрадициялау мәселесі қаралап, оң шешім шықты.

Бұған дейін біздің ел Қытайда сотталып жатқан қазақстандықтардың нақты санын да білмейтін болып шықты. Кейін білдім, Гуанчжоу абақтысында жатқан алты Қазақстан азаматы ауыр жазаға тартылған . Оның кейбірі жақында елге экстрадицияланды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі виза жағынан көмектесіп жатыр. Елшілік жақсы адвокат табуға кеңесін берді. Тіпті ондағылар үкімет өзі тағайындаған ақысыз қорғаушылар істі тезірек жауып тастайтынын, мүмкіндігінше ақылы адвокат жалдау қажеттігін де айтты. Себебі ақшасын алғандар барынша істі соңына дейін жеткізеді.

- Адвокаттарға қанша төледіңіз?

- Қытайлық қос қорғаушы қызымның ісімен айналысып жатыр. Оның бірі ағылшын және орыс тілдерін жетік меңгерген, ал екіншісі қытай тілінде сөйлейді.

Қорғаушылардың бұл қызметіне 10 мың АҚШ долларын бердім. Бір бауырым 1600, екіншісі 1000 АҚШ долларын берді. Үйдегі заттарды саттық. Кейін үйімізді де сатып, жетпеген қаржыны несие алып толтырдық.

Алланың қарасқаны ғой, қорғаушылары менің жағдайымды түсініп отыр. Ал Қазақстанда Сұңқар Нұрмағанбетов есімді заңгер ақысыз араша болып жүр.

- Екінші отырыста Ақжарқын сот процесінің қытай тілінде өтуін қалапты. Тілді сол жақта меңгерген бе?

- Ол студент кезінде қытай иероглифтерін үйреніп жүрген. Еркін сөйлеуді Қытайда меңгерді. Мұнысын естіген мен қызыма «Не дегенмен тілің басқа. Қанша үйренгенімен, аудармашыдан бас тартпасаңшы» деп ақылымды айтқанымда, «Аудармашы менің ойымды дұрыс жеткізе алмайды» деді.

- Отандық ақпарат құралдарының бірінен «Ақжарқын анасынан көзілдірік, кітап алдырыпты» дегенді оқыдық...

- Иә, өзге елде, оның үстіне ол жақта қазақтар қайдан болсын, тілін ұмытпасын деп қазақ тіліндегі кітаптарды қорғаушысы арқылы беріп жібергенмін. Өйткені менің онымен кездесуіме болмайды. Талап сондай. Алайда біздің тілді білмегендіктен, тек ағылшын тіліндегі кітаптарға рұқсат беріп, сұраған туындыларын жеткізіп бердім. Ал көзілдірікке, оның бұрыннан көзі нашар көретін. Қазір жағдайы тіптен қиындаған ғой.

Қорғаушысы арқылы барлық қажеттілігін жіберіп отырамын. Тіпті тамағына қажетті қаржыны да. Қорғаушыларымен кездескенде бізге «бәрі жақсы болады, шындықтың жеңіп шығатынына сенемін» деп сәлемдеме айтып жібереді. Балапаным бізді уайымдамасын дейтін шығар. Кіші інісіне алаңдаулы. Сәби кезінде көрген ғой.

«Анашым, Әл-Фараби өсіп қалған шығар? Мені сұрайды ма?» дейді. Соңғы барған кезімде ата-әжесін сұрады.

Ақжарқын солардың қолында тәрбиеленген ғой. Бәрінен де сол кісілерге ауыр тиіп жатыр. Қараша айындағы сот отырысында жасаған видеоүндеуін көрген олар тіптен қиналды.

Қызымның көзі мұңға толы

- Ақжарқынның бойынан қандай да бір өзгерістерді байқадыңыз ба? 

- Салмақ тастамаған. Сол қалпы. Қаршадай ғана балапаным онда жатып есейген. Көзі мұңға толы...

- Бауырларына тоқталып кетіңізші...

- Өзінен кейін екі інісі мен бір сіңлісі бар. Екеуі де студент. Ұлым өзі жұмыс істеп, оқуын төлеп жүр. Қызым грантта оқиды. Үйде кенже балама Ақжарқынымның суретін құшақтап, «Бұл сенің әпкең. Алыста. Оқуға кеткен» деп отырамын.

- Қытайда Қазақстан секілді жазасын өтеушілерді тамақтандыруға мемлекеттен қаржы бөлінбейді ме сонда?

- Негізі тегін тамақ беріледі екен. Бірақ, «жуынды» секілді. «Қызымның тамағы дұрыс болсын» деп ақшасын төлеп отырмыз. Біздің валютамен шаққанда айына 50 мың теңге. Көбі солай жасайды екен.

Материалдық көмек қажет

- Ай сайынғы тамағы, сот отырысына бару да қомақты қаражатты қажет етеді. Қолдау көрсетіп жатқандар бар ма?

- Әрине, сонша қаржыны табу қиын. Соңғы сот үкімі оқылатын күнге барып-қайту үшін  350 мың теңгеден қаржы керек. Әлі ондай қаржы жинап үлгермедім. Өзім медбикемін, әкесі құрылыс мекемесінде жұмысшы. Алған жалақымызға несие төлеп отырмыз. Жақында Дубайдан бір қыз хабарласып, 60 мың теңге салып жіберді. Шет елде жүріп, қызыма алаңдаған ол қызға алғысымды айтамын. Қазір үйімізді сатып жіберіп, менің інімнің үйінде жүрміз.

- Ар жергілікті азаматтар, билік хабар алды ма?

- Сөз демеуін жасап, моральдық тұрғыда қолдау білдіріп жатқандар баршылық. Ал биліктен ешкім келген де, хабарласқан да жоқ.

- Құрбысы болып жүрген Динара қазір қайда? Сөйлесіп тұрасыз ба?

- Білмеймін. Алла бұйыртып, Ақжарқыным ақталып шығып жатса, оның үстінен шағымданбаймыз, болған жағдайды қайта қозғамаймыз деп отырмыз.

- «Қызым Қытайға бармай тұрып, келеңсіз оқиғаның болатынын сездік» деп айтып қалдыңыз. Ана жүрегі дәл қазіргі сәтте қандай белгі беріп жатыр?

- Қызымның ақталып шығатынына сенемін. Әкесі де «Қызым Құдай қаласа келеді» деп отыр... Бұл жағдай әкесіне қатты ауыр тиді. Еркектер біз секілді емес қой. Жылай да алмайды. Қатты күйзеліп, ішімдік ішіп кетті. Кейін 2-3 айдай сырқаттанып, намазға жығылды. Өзім де бұрын намаз оқымайтынмын. Қазір бес уақыт намазымды қаза қылмаймын.

- Елге айтарыңыз бар ма?

- Өмірде қанша адам болса, сонша пікір бар. «Менің қызым олай жасамаған» деп ешкімнің ойына бұйрық бере алмайсың. Шын мәнінде біздің жағдайды түсініп, сөз демеуін білдіріп жатқандарға мың алғысымды айтамын. Өйткені «айналайын» деп айтқан бір ауыз жылы сөздің өзі - үлкен қолдау. Соңғы үміт сотта. Әділ шешім шығарады деген ойдамын. Үміттенемін, үмітімді үзбеймін. Себебі Ақжарқыным - менің балапаным ғой!

Ақпарат ретінде айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбайдың отбасы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданындағы шағын ғана ауылда тұрады. Қазақтың қаршадай ғана қызының отбасына қаржылай көмек білдіремін дейтіндер болса, төмендегі нөмірге хабарласуларын сұраймыз.

Сейтимова Зухра Мамахановна

Байланыс телефоны: 87024381671

Банктегі есепшот нөмірі:

5128 0152 0309 3145 КАЗКОМ

720218402915 ИИН

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Тағы оқыңыздар:

Ішінде 84 жолаушысы бар ресейлік ұшақ Қара теңізге құлады

2016 жылы ел есінде қалған биліктегі ауыс-түйістер

"Астананың" жаңа ойыншысы ай сайын 40 мың еуро жалақы алуы мүмкін

Қызылордалық тұрғын ешкімде жоқ көлік құрастырып алды (фото)

Сириядағы балалардың ауыр тағдырын айтқан тележүргізуші эфирде жылап жіберді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1358194-aqzharqyn-turlybaydynh-anasy-qyzynynh-q/

pixel