Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда донер жеп уланған екі жасар қыз қайтыс болды (фото)

Опубликовано:

Ақтау қаласының тұрғыны Анар Құлбаева NUR.KZ порталына донер жеп уланып қалған екі баласына дәрігерлердің мүлде қарамағанын айтып берді.

«1 желтоқсан күні екі баламды ертіп, мерекеде көшеге шықтым. «Шаурма» деген жерден донер жеп, кола ішіп қайттық. Олар осыған дейін де донер жеп жүр. Үйге келгенде балалар ешқандай шағым айтқан жоқ. Түнге таман екеуі де «Мама, ішімді уқалашы» деп жылады. Таңға жақын екеуі де құсты. Түске дейін регидрон беріп, үйден бақылау жасадық. Екеуі шаршаңқы әрі ұйқысы келе берген соң, түстен кейін жедел жәрдем шақырттық. №26 облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына алып кетті. Ол жерге кіші қызымды ғана қабылдап, ұлымды басқа ауруханаға жіберді. Мен қызымның қасына, әкесі ұлының қасына басқа ауруханаға жатты. Дәрігерлер қызыма тек регидрон ғана берді. Қызым шаршаңқы, басын көтере алмай жатса да, ертеңіне бізді үйге шығарып жіберді»,  - дейді Анар Құлбаева.

Дәрігерлер 4 жасар Аңсар Жұмахан мен 2 жасар Сезім Жұмаханға толық ем көрсетпей, үйіне қайтарған.

«Үйге барған соң да қызым ұйықтай берді. Әлсіреп бара жатқан соң такси ұстап, №26 ауруханаға қайтып бардым. Олар регидрон беріп тағы отырғызып қойды. Қолыма регидрон беріп, құсып жатқан балалардың қасына апарып қосты. Ал менің балам талып ұйықтап жатыр. Ол көзін аша алмайтындай әлсіз болды. Оның дәрі ішетіндей жағдайы болған жоқ. Кетіп бара жатты. Постта отырған медбикелерге «система құйыңдаршы» деп жалындым, «ақшасын төлеймін» деп жыладым. Кейін бізді ішінде кереуеті жоқ мұздай палатаға кіргізіп қойды. Баламды арқама салып, дәлізде жүрдім. Олар соңында кішкентай балаға 4 үлкен шыныдағы сұйықтықты жарты сағатта құйып шықты. Баламды қос қолдап ұстап, ағызып құйды. Оны алғаннан кейін баланың денесі көгере бастады», - дейді анасы.

Анар Құлбаева дәрігерлер баланы жансақтау бөліміне міндетсініп алғанын айтады.

«Реаниматолог келіп: «Қоймадыңдар ғой, алсам алайын. Сендер сөйтесіңдер» деп қолын бұлғап, жансақтау бөліміне әрең қабылдады. Маған түсіндіргенде балаға кислород беріп жатырмыз деді. Система алғаннан кейін қызымның қанты 12-ге көтеріліп кетті. Бұрын ондай болған емес. Үйдегі ұлым да әлсіреп кеткен соң, сол ауруханаға оны да алдырттым. Уланып келген ұлымды қант диабетімен ауырады деп басқа ауруханаға жіберді. Дәрігерлердің шаруасы болған жоқ. Басқа балалар ауруханасына ұлымды арқалатып өзімді жіберді. Ондағылар айқайлап «уланған баланы қабылдай алмаймыз» деп тағы ұрысты. Баламызды арқалап, қайтадан өзіміз №26 ауруханаға жіберді», - дейді Анар Құлбаева.

Ата-анасының жанұшырып ем іздеп жүргенде дәрігер біреуге телефон соғын кеңес алған.

«Дәрігер қасына бізді отырғызып қойып, бір сағатқа жуық телефонмен сөйлесті.

«Балада қант диабеті бар деп жіберіп едім, олар қайтарып жіберді. Оған қандай дәрі берем» деп сұрап отырды. Қабылдау бөлмесінің алдындағы дәлізге керует әкеп сонда жатқызып қойды. Сонда түнедік. Кешкілік сағат 11 шамасында жансақтау бөлімінде жатқан қызымды қарауға бардым. Көзін ашып жатты. Медбикелер жақсарып келе жатыр деп мені кіргізген жоқ.

Сап-салқын жерде қызым жалаңаш жатты. Таңертең тағы бардым. Дәрігерлер «Қызың әлсіз, жүрегі ауыра ма?» деп сұрады. Сәлден соң «қызың қайтыс болды» деген хабар естідім. Содан кейінгі жағдай есімде жоқ, талып қалдым. Олар қызым қайтыс болғаннан кейін ғана баламды жан сақтау бөліміне апарған», - дейді анасы.

«Тексеру қорытындысында балалар еттен уланған деп түсіндірді. Қазір қызымды жерлеп, сан соғып отырмын. Ұлымды кеше ауруханадан шығарып алдық. Баламды шығарардың алдында бір күн бұрын қасына барып жатқан едім. Сол күні жансақтау бөлімінің қасындағы палатада жаттық. Сол кезде де менің қызымды қараған дәрігер кезекші болды. Түнімен жансақтау бөлімінде жатқан балалар жылап шықты. Мен шошынып, ұйықтай алмай дәлізді кезіп жүрдім. Сонда түнімен жылап жатқан балаларды бір дәрігер келіп қараған жоқ. Менің қызым да жансақтау бөлімінде қараусыз қалып қайтыс болды.  Дәрігерлер әлі күнге дейін баланың ауруханада ем алған қағазын бермей отыр. Мен реаниматологқа «баламды өлтірген сен» деп айтып кеттім. Ол «сол кезде менде науқас болды» деп қарап тұр», - дейді Анар Құлбаева.

Тағы да оқыңыздар:

Қыдырәлі Болманов тоқал алу туралы әңгімені не үшін қозғағанын айтты

Астанада көпбалалы отбасыға Назарбаевтың атынан адам ұяларлық сыйлық табыстаған (фото)

Ақтөбе тұрғыны Путинді фашист деп атағаны үшін сотталып жатыр

Еуроодақ Қазақстанның барлық әуекомпаниясын "қара тізімнен" алып тастады

"ЭКСПО"-ны салу барысында қанша адамның қайтыс болғаны анықталды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1342803-aqtauda-doner-zhep-ulanghan-eki-zhasar-qy/

pixel