KZ

Елдос Сметов: Демеушілер болмаса, еш нәтиже көрсетпес едік

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Азия ойындарының жеңімпазы Елдос Сметов сұхбат берді

2014 жыл өзіңіз үшін табысты өтті деп есептейміз, еліміздің намысын қорғап, Қазақстанның тарихында дзюдо күресінен тұңғыш рет Азиада жеңімпаз атандыңыз, дегенмен өткен жылғы жарыс алаңындағы өнеріңіз өзіңіздің көңіліңізден шықты ма?

- Өткен жылғы біздің басты мақсатымыз Азия ойындарында жоғары жетістікке жету болды. Әрине, жарыс тартысты өтті. Өздеріңіз білесіздер Азия құрлығында да мықты дзюдошылар аз емес. Дегенмен намысты қолдан бермедік. Менің ойымша жалғыз мен үшін емес, жалпы еліміз үшін табысты жыл болды деп есептеймін. Ел тарихында тұңғыш рет Азия ойындарының жеңімпазы атандым. Жанкүйерлерге рахмет, қолдағандары үшін. Өз өнерімен разымын.

- Өткен жылы ел біріншілігі Шымкент қаласында өткізілді, бірақ өзіңіз жарыста бақ сынамай, көрермендер қатарында отырдыңыз, осының себебін түсіндіріп берсеңіз

- Иә, мен Шымкент қаласында өткен жылы ұйымдастырылған ел біріншілігіне қатысқан жоқпын. Астанада өткен Гран При жарысында ақтық сынға шығу үшін белдескенде аяғымды жарақаттап алдым. Сол себепті жаттықтырушылар маған ел біріншілігіне қатыспауға рұқсат берді.

- Қазақстан чемпионатында сіздің салмағыңызда өнер көрсеткен жаңа есімдерді байқадыңыз ба?

- Мен Қазақстан чемпионатын көрермен ретінде тамашаладым. Тартысты және қызықты өтті. Алайда жаңа есімдерді байқамадым, барлығы бұрыннан белдесіп жүрген жігіттер. Мысалы Рустам Ыбраев пен Асхат Телмановтың күрестерін ерекше атап өтуге болады. Рустам бірінші орын иеленсе, Асхат екінші орынға табан тіреді.

Жапонияда өткізілген оқу-жаттығу қандай деңгейде ұйымдастырылды?

- Өздеріңіз білесіздер кей кездері жарыс жолында жапон спортшылары алдымызды орап кетеді, кейде біз жеңіп жатамыз. Сондықтан жапондықтардан үйренетініміз көп. Оқу –жаттығу жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырушыларға рахмет.

Биылғы жылды қай жарыстан бастайсыз, дайындық қандай деңгейде?

- Биылғы жылдың алғашқы жарысы Германияда өтеді. Дюссельдорф қаласында ақпан айының 20-22 аралығында ұйымдастырылатын Гран При додасына біздің бірінші қатарлы спортшыларымыз қатысады. жеңіске жету үшін барын саламыз, қазір жаттығу жасаудамыз.

Биыл алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?

- Биылғы жылдың ең басты бәсекесі елімізде өтетін әлем біріншілігі екенін атап өткен жөн. Ең алдымен Астанада өтетін додалы жарыста бақ сынап, жеңіске жету басты мақсат. Дзюдо күресінен жастар арасында әлем біріншілігінде алтын алып, әнұранымызды шырқаттық, енді осы ересектер арасындағы байрақты бәсекеде топ жару міндеті тұр, тырысамыз.

Қазір елімізде дзюдо күресі қандай деңгейде дамуда, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көңіліңізден шыға ма?

- Шын мәнінде, қазір бұрыңғыдай емес, мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Осы орайда ҚР мәдениет және спорт министрлігіне атап өткім келеді. Қазір ел біріншіліктері жоғары деңгейде, халықаралық дзюдо федерациясының талаптарына сай өткізіледі. Әрине, демеушілер болмаса біз еш нәтиже көрсетпес едік. Сондықтан бізге қаржылай қолдау көрсетіп отыратын бас демеушілеріміз "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" мен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, үнемі қолдау көрсетіп отыратын Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясына, дзюдо федерациясына мың алғыс.

Сұхбаттасқан: Хасен Молдабаев

*Жарнамалық негізде жарияланды

Новости Казахстана
Елдос Сметов: Демеушілер болмаса, еш нәтиже көрсетпес едік
Mailfire view pixel