KZ

Өскеменде оралмандар бас көтерді

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Оралман бауырлар ойын айту үшін орталыққа тартты! Өскеменнің іргесінде орналасқан "Шығыс" ауылының тұрғындары тас жолды жауып тастап, жаяулатып қаланың қақ ортасына ағылды.

Ондағы мақсат - басшылықтың назарын аудартып, тұрмыс тауқіметін түсіндіру болатын.

Алайда олардың жолдарын құқық қорғаушылары бөгеді. Жағдайға өңір басшысының өзі араласты.

Ашуын ашынып жеткізіп жатқан мына жүзден астам адам Өскеменнің орталығына жаяулатып бет алған. Барлығы да "Шығыс" ауылының тұрғындары. Олардың ереуілге шығуларына елді-мекеннің электрэнергиясынан ажыратылуы себеп болған. Ызаға булыққан оларды қалаға жете бергенде, полицейлер күтіп алды.

Алайда, оларды тоқтату оңай болмады. Бірі көліктердің алдын бөгесе, енді бір топ түсірілімге келген фототілшіні жұдырықтың астына алды.

Ызалы топты тек облыс әкімі тыныштандырды. Бердібек Сапарбаев тұрғындарға тоқтау айтып, мәселені бейбіт жағдайда шешу үшін ауыл мектебінде арнайы жиын өткізді де халықтың жан айқайына құлақ түрді.

"Свет ақымыз 60-100 мың тг., ең аз келеді-ау дегенде 25 мың тг. Жарықтың осынша қымбатқа түсуі қыста үйдің суық болуымен байланысты. Біз сізге осыны халық атынан айтамыз. Үйді кірпішпен қоршап берсін", - деп шағымданды "Шығыс" ауылының тұрғыны Жаңагүл Аумит.

Жиында "Шығыс" ауылының тұрғындары жарық үшін 46 миллион теңге қарыз екені белгілі болды. Бұл қаржыны 170 отбасына бөлсек, әр қайсысына орта есеппен 300 мың теңгеден шығады. Ол аз ақша емес. Сондықтан, облыс басшысы мәселені шешудің жолын қарастырамыз деп уәде етті.

"Біздің ВК РЭК компаниясы қарызды төлемегені үшін бұл кісілердің жарығын өшірген. Бірақ, олардың басшыларына шығып, жарықты қосуларын сұрадық. Біз бәрін талқылаймыз, анықтаймыз. Кейін қарыздан құтылу мәселесін шешеміз", - деп уәде етті Бердібек Сапарбаев.

Ауылға жарық берілді. Енді 10 күннің ішінде арнайы құрылған комиссия нақты шешім шығарады.

Новости Казахстана
Өскеменде оралмандар бас көтерді
Mailfire view pixel