KZ

Пайғамбар сақалын сақтаған әжеге пәтер берілді (фото)

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Бүгін Ақмола облысы Атбасар ауданында табылған пайғамбарымыздың бір тал сақал шәрифін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табыстау рәсімі өтті.

Жиынға қатысқан жұрт Пайғамбар сақалын көруге асықты. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы хабарлады.

ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин іс-шараның беташарын Алланың сөзі – қасиетті Құран аятымен ашты. Жиында сөз алған ҚМДБ төрағасының орынбасары Серікбай қажы Оразға "Дүниенің түкпір-түкпіріне ислам дінін таратқан Алланың ең соңғы елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедтің нұрлы өмір жолы бізге үлгі-өнеге. Әр мұсылман үшін Құраннан, пайғамбар хадисінен қасиетті еш нәрсе жоқ. Барша адамзатты ақиқат дінге шықырып, өнегелі өмір сүруге үндеген пайғамбардан жеткен қастерлі заттар біздің заманымызға дейін келді. Осман империясының сұлтаны Ислам дінін қабылдаған елдердің басшыларына осындай тәбәріктерді сыйлық ретінде ұсынғанын тарихтан білеміз. Мұндай тәбәрік бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да Түрік мемлекеті тарапынан табыс етілген еді. Сондықтан Ақмола жерінен табылған бұл мүбәрак сақалдың орны бөлек. Ол өз арнасын өткен ғасырлардан алады. Мұндай қастерлі заттың қазақ жеріне келуінің өзі бабаларымыздың ислам дінін берік ұстанғандығының белгісі" деді.

Алла елшісінен жеткен жәдігер Ыстамбұлдағы Топкапы мұражайында сақтаулы. Сонымен қатар, Үндістанның Хазрабтал мешітінде және Түмен облысының мұражайында да "Пайғамбар сақалы" деген жәдігер бар.Серікбай қажы Ораз жиналған жамағатқа мүбәрак сақалдың пайғамбарымызға тән екенін дәлелдейтін тарихи құжатын өз нұсқасында оқып берді. Діни басқарма аталған құжатты жіті зерттеп, мұсылман әлемінің беделді ғалымдары мен Алла елшісінің ұрпағынан тараған дін мамандарының тарапынан мақұлдау-растау алғанын алға тартты.

Баға жетпес тәбәрікті сан жылдар бойы қастерлеп, көз қарашығындай сабырлықпен сақтаған 85 жастағы Фатима Әбдібекқызы әжеге құрмет көрсетіп, діни басқарма, еліміздегі бүкіл мұсылмандар атынан демеушілер, дін жанашырларының қолдау көрсетуімен Атбасар қаласынан арнайы сатып алынған жаңа екі бөлмелі үй сыйға берілді. Оның кілтін Серікбай қажы Ораз табыстап, апаның иығына камзол жапты.

"Жұпар иісті тәбәрік сақалдың елімізден табылуы үлкен жақсылық. Бұл біздің мұсылман ел болғанымызды, иманға, ибаға берік халық екенімізді дәлелдейді. Қиын-қыстау заманда да Алланың әміріне мойсұнған жұрт болғанымызды айғақтайды",  - деді С.Ораз.

Новости Казахстана
Пайғамбар сақалын сақтаған әжеге пәтер берілді (фото)
Mailfire view pixel