KZ

"Монстрлар университеті" қазақ тіліне аударылды

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Қазақ баласы әйгілі Disney/Pixar компаниясының "Монстрлар университетi" атты жаңа анимациялық фильмін қазақ тілінде тамашалай алатын болды.

Ізгі іске әдеттегідей "Болашақ" ассоциациясы мұрындық болған. 2011 жылы "Көліктер-2" ани­мациялық фильмі тұңғыш рет қазақ тіліне тәржімаланып, балақайлардың ыстық ықыласына бөленген еді.

Тілі былдырлап шық­қан бүлдіршіндер қазақша тіл қат­қан сүйікті кейіпкерлерін көріп, бір марқайып қалған. Өткен жылы "Қара киімділер-3", "Жаңа өр­мекші адам", "Батыл жүрек" атты фильмдер мемлекеттік тілге тәржімаланған еді. Әсіресе, "Қара киімділер-3" кинофильмі бала­ларды ғана емес, үлкен көрер­мендерді де бей-жай қалдырмады.

Енді міне, тағы бір әлемдік туынды таза қазақ тілінде "сөйлейді". "Монстрлар корпорациясы" атты мультфильмнің әйгілі приквелін тәржімалауға "Болашақ" ассо­циациясы, Marwin компаниясы атсалысқан. Дубляж шығынын "Алтын Қыран" қайырымдылық қоры өтейді.

Дубляж режиссері Айжан Жамышова болса, фильмнің қазақ тіліндегі тәржімасын Тұ­рысбек Сәукетаев пен Салтанат Дұңғабаева редакторлаған. "Монстрлар университеті" атты жаңа туындыда балалардың үре­йін ұшырып жүрген Майк пен Салли есімді қос құбыжықтың өзара қақ­тығыстары, сол қақтығыс ар­қылы достыққа ұласқан әдемі қарым-қатынасы суреттеледі.

"Болашақ" ассоциациясының баспасөз-қызметінің хабарлауынша, дуб­ляжға елге танымал актерлер қатысқан. Мәселен, үнемі жайдары жүретін Майкты Дулыға Ақмолда дубляждаса, Салли Руслан Сен­кабаевтың, ад Рэнди Богг атты кей­іпкер Азамат Қанапияновтың даусымен тіл қатады.

Ал мульт­фильмге жаңадан қосылған ке­йіпкер Декан Хардскрабблды Ли­дия Қаденова дубляждаған. Бір ерекшелігі, дубляжға облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеле­нушілері де қатысты. Жаңа ани­мациялық туынды еліміздің барлық кинотеатрларында 20 маусымда көрсетіледі.

Новости Казахстана
"Монстрлар университеті" қазақ тіліне аударылды
Mailfire view pixel