KZ

Сарапшылар "Қазақстанның" шетелдіктерге өтуін сынады

Расcказать Вконтакте

"Қазақстан" шетелдіктерге сатылып кете ме? Алматыдағы әйгілі 25 қабатты қонақ үйдің басынан дау арылмай тұр. Дінмұхаммед Қонаевтың басқаруымен салынған бірегей ғимаратқа ресейліктер қожалық етуі мүмкін.

Фото: Forbes.kz

Бұған дейін түрік компаниясының иелігінде болған ерекше ғимаратты ресейлік "Альфа Банк" қаржылық ұйымы меншіктемек. Нысанды кепілдікке қойып, қомақты қаражат алған түрік кәсіпкерлері сәулетті ғимараттан құтылуға асығып отырған көрінеді. Іс бірнеше рет экономикалық сотта қаралғанымен, қонақ үйдің тағдыры әлі қыл үстінде тұр.

Тәуелсіздік алған соң қонақ үйге "ҚазТрансГаз" компаниясы иелік еткен. Ұлттық компания артық активтерді сату науқаны кезінде "Қазақстан" мейманханасын бәссаудаға салады. Ал 2006 жылы Алматының символына айналған көрікті ғимаратты түркиялық кәсіпкерлер сатып алыпты.

Қонақ үйдің жаңа қожайындары нысанның ішкі әрлеуіне қомақты қаржы салып, ол жерді табысты бизнес көзіне айналдырады. 2008 жылғы дағдарыс әйгілі қонақ үйді де айналып өтпепті. "Бурган" ЖШС нысанды кепілдікке қойып, банктен алған қомақты соманы төлей алмай қалған. Банк істі сотқа тапсырған.

"Алматы қалалық ауданаралық экономикалық арнайы сотында "Алфа Банк" акционерлік қоғамының "Бурган" компаниясынан 67 млн. АҚШ долларын өндіру туралы шағым қаралды. Сот бұл соманы шағымданушыға өндіру туралы шешім шығарды. Алайда "Қазақстан" қонақ үйін кепілзат ретінде банк иелігіне беруді қанағаттандырған жоқ",  - деп түсіндіреді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Бағлан Байзақов.

Жақында бұқаралық ақпарат құралдары бірегей ғимараттың ресейліктер қолына өткенін жарыса жазды. Кейбір дерек көздері Ресейдің "Альфа Банк" акционерлік қоғамы қонақ үйді өз қарамағына алған дегенді алдыға тартады.

Себебі 67 млн. АҚШ долларын несиеге алған түрік компаниясы осы қарызы үшін Алматының символын банкке өткізіп беруі мүмкін. Ал жылжымайтын мүлік бағалаушылары тартысқа түскен нысанның нарықтық бағасын 8 млрд. теңгеден кем емес деп отыр.   

"Қазақстан" қонақ үйі өте ерекше нысандар санатында. Оған балама болатын ғимарат Қазақстанның басқа аймақтары мен ТМД кеңістігінде жоқ. Сондықтан салыстырмалы түрде сараптап, нарықтық құнын айту қиынға соқтырды. Бірақ біз оның өзіндік бағасын есептеп шығардық", - дейді үй-мүлікті бағалаушы компания өкілі Айгерім Нұрбекова.

Десе де, қолдан қолға өтті деген ғимараттың қазір нақты иесі кім екені белгісіз. Қонақ үйдің бағасына қатысты мәселе де құпия. Шетелдік компаниялар арасында өзара ымыраласу болды ма? Тараптар бұған қатысты да жақ ашар емес.

Егер Париждегі "Ейфель" мұнарасын немесе АҚШ-тағы "Азаттық" статуясын біреулер келіп меншіктеп алса, қалай болады?

"Алфа Банк" акционерлік қоғамы да жауап беруден бас тартты.

"Қазақстан" қонақ үйі – бір жылжымайтын мүлік немесе жай тұрған ғимарат емес. Сайып келгенде, бұл – Қазақстанның мемлекеттік рәмізі. Ол Алматының ғана емес елдік маңызы бар, елдегі ең үлкен алғашқы биік ғимарат шетелдік банктің меншігіне өтіп кеткені елдігмізге сын. Ұятты жағдай", - деген бағасын берді саясаттанушы Расул Жұмалы. - Егер Париждегі "Ейфель" мұнарасын немесе АҚШ-тағы "Азаттық" статуясын біреулер келіп меншіктеп алса, қалай болады? Ал Қазақстанда елдіктің символына айналған бірегей архитектуралық ғимарат қып-қызыл саудаға түсіп отыр. Қазір тиісті мекемелер бұл нысанның қалай шетелдіктердің ойыншығына айналғанын зерттеп, оны мемлекет меншігіне қайтаруы тиіс. "Әсіресе, муниципалдық билік, яғни қала әкімдігі бұл мәселеде бейтарап ұстанымда қалмауы керек", - дейді сарапшылар.  

Новости Казахстана
Сарапшылар "Қазақстанның" шетелдіктерге өтуін сынады
Mailfire view pixel