KZ

Алматы іргесінен ежелгі адамдар тұрағы табылды

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Алматы іргесінде ежелгі адамдардың өмір сүргені анықталды. Әйгілі Үшқоңыр жайлауының етегінен табылған тас құралдары мен өзге де бұйымдарды ғалымдар тас ғасырына жатқызып отыр.

Яғни, бұл жәдігерлер Жетісу жерінде 35 мың жыл бұрын тіршіліктің болғанын айғақтайды. Бірақ нақты кімдердің тұрғаны әзірге белгісіз. Сондықтан отандық археологтар шетелдік мамандармен бірлесіп қазір топырақ үлгісіне сараптама жасауда.

Майбұлақ тұрағында ежелгі адамдардың мекендегенін мына ортадағы ошақ дәлелдейді. Жер бетінен 5 метр тереңдіктен қазылып алынған бұл жерден ғалымдар күл-қоқыстың қалдықтары мен өзге де тас бұйымдарын тапқан. Алайда, бұл жер әзірше сары топырақпен сыланып, жан-жағы жабылып тұр. Ал алдағы уақытта бұл ошақтың қай дәуірге тиесілі екені анықталмақ. Бұл жердегі алғашқы қазба жұмыстары 2004 жылы басталыпты. Бірақ арасында ұзақ уақытқа дейін үзілістер болған.

"Майбұлақ тұрағы осы Жетісу аймағындағы ең бірінші мәдени қабаты бар тұрақ. Тас дәуіріне жататын. Ал 8 метр тереңдіктен біз тас құралдар, өзекті тастар таптық. Әрине бұл жерде шеберхана болған. Онда тасты өңдеген, теріні илегендер қырғыштар пайдаланады", - дейді тарихшы-ғалым Жәкен Таймағамбетов.

Ал қазан-ошақтан табылған күл қалдықтары АҚШ-тың Калифорния университетінде сараптамадан өткізілген. Ондағы оқымыстылар бұл тұрақты осыдан 35  мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар мекендегенін болжап отыр. Сондықтан қазір мұнда 4 мемлекеттен келген 12 археолог қазба жұмыстарын жалғастыруда.Бірақ бұл жерде нақты кімдердің мекендегенін дөп басып айту қиын. Оны тек адам сүйектеріне қарап ажыратуға болады екен. Алайда, әзірге Майбұлақ тұрағынан сүйек қалдықтары табылмапты. Мұны ғалымдар тас дәуірінде жерлеу рәсімі болмағанымен түсіндіреді. Соның салдарынан өлген адамдардың денелері жер бетінде қалып, жел мен күннің әсерінен жойылып кетеді екен.

Новости Казахстана
Алматы іргесінен ежелгі адамдар тұрағы табылды
Mailfire view pixel