KZ
Қазақстанда еркектер де декретке шыға алады

Қазақстанда еркектер де декретке шыға алады

Расcказать Вконтакте

Министр Серік Әбденовтің басын дауға қалдырған тағы бір мәселе "декрет" тақырыбына тоқталсақ. Бірақ бұл жолы әйелдер емес, ерлердің декреттік демалысы туралы айтпақпыз.

Өйткені Қазақстанда ер азаматтар да бала күтімімен айналысу үшін демалысқа шыға алады. Алайда Еңбек кодексі бойынша берілетін бұл құқықты пайдалауға ер азаматардың дені намыстанады. Ал негізі, зайыбының жалақысы көп болса ерінің декретке шығуы экономикалық тұрғыдан тиімді.

Екі жасқа аяқ басқан Сабина әкесінен бір елі қалмайды. Өйткені туылғанынан бүлдіршін анасының емес әкесінің қолында өсіп келеді. Ағаш шебері болып кәсіп қылатын отағасы Зафар Мавждудов әйелінің жалақысы көбірек болғандықтан еш тартынбастан декреттік демалыс алған. Сөйтіп, балға мен балтаның орнына қолына емізік пен жаялықтарды алып әлдеқайда маңызды іске кірісіпті."Қызымды бағу үшін әйелім екеуіміз кеңесіп, бір шешімге келдік. Мен демалыс алатын болдым. Еш ұяттығы жоқ, ол менің балам ғой, менің қаным. Еш ауырлығы жоқ. Шешесі көкірекпен емізсе ол апельсин, аллергиялық нәрсе жеуі тиіс емес, шешесі болмаса қоспа беремін, іші ауырса аскөк қайнатып берсе болады", - дейді декреттегі әке. Енді отағасы сәбиі балабақшаға бармайынша өз кәсібіне оралмайды. Заң бойынша да ол 3 жылға дейін бала күтімімен айналысуға құқылы.  Ер азаматтардың құқығы біздің Еңбек кодексінің 193 бабында жазылған. Жанұяда әрбір ата-ана, әйел не әкесі бала 3 жасқа толғанға дейін ақысыз демалысқа шыға алады. Өтініш береді де, 1 жыл, 2 жыл, 3 жыл отыра ма өз құқығы бар. 3 жыл бойы оның еңбек ақысы да, қызметі де, еңбек өтілі де жүріп отырады. Тұңғышын күту үшін заңды түрде уақытша қызметін тоқтатқан тағы бір әке Махат Кәжкеновтің демалысы небары 1 айға созылыпты. Оның мұндай ерлігін дос-жаран, әріптестері құптамаса керек.  

"Алғашқы сәбиіміз болғандықтан ең алдымен жарыма көмектескім келді. Екіншіден, әйелімнің жалақысы менікінен көбірек болды. Бірақ біздің менталитетімізге ерлердің бала бағып үйде отырғаны жат нәрсе ғой. Айналамдағы жұрт күле қарайтын болды. Сондықтан намыстанып көп отырмай қайта жұмысқа шығып кеттім", - дейді ол.

Қазақы түсінікке бұл мүлде жат құбылыс болғанымен, ғылымда дәлелденген. Ана сүтін бере алмайтыны болмаса, ерлер сәби күтуде әйелдерден кем түспейді екен. "Ер адамдарда бала туылғаннан кейінгі депрессия, стресс болмайтындықтан олар кез-келген жағдайға төзімді келеді. Есейе келе әкесіне қарап өссе бала ерке болмай, тәртіпке, ұқыптылыққа үйренеді. Өйткені, әкенің айтқаны әрдайым заң саналады. Сондай-ақ, ер адам сыртта көп жүретіндіктен, бала сыртқы ортаға тез үйренеді", - дейді психолог Лариса Кавелина. Шетелде ерлердің декретке шығуы әлдеқашан қалыпты жағдайға айналған. Мәселен, Швецияда баланың әкесі кемінде 1 айға декреттік демалыс алуы міндетті. Финляндияда әкелердің 66%-ы бала күтімі үшін уақытша жұмыстан босатылады. Ал Ұлыбританияда қамқор әкелерге тиісті өтемақыдан бөлек 100 фунт стерлинг көлемінде қосымша ақы төленеді. 2008 жылдан бастап бала жасқа толғанша бөлінетін әлеуметтік төлемді Қазақстанда 909 мың адам алса, оның 195-і ер адам. Әзірге бұл жоғары көрсеткіш емес.  

Новости Казахстана
Mailfire view pixel