KZ

Кәсіпкер екі "мешіт" ғимаратын сатпақшы

Расcказать Вконтакте

Құрылыс шығыны қайтпағасын сот шешімі бойынша екі мешіт ғимаратын иелігіне алған кәсіпкер клиент іздеп жүр. Ал дін қызметкерлері "мешітті сатуға болмайды" дейді.

Қостанайлық кәсіпкер Болат Әбдібековтың айтуынша, ол "осы облыстағы екі мешітті сата алмай жүр". Әуелі мешіт болады деп жоспарланған ғимараттардың бірі Арқалық қаласының орталығында, ал екіншісі Амантоғай ауданында орналасқан.

Әзірге сатып алушылар табылмай тұрған мешіт ғимараттары үшін кәсіпкер бір миллион доллар сұрап отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, 1990 жылдары өзі басқарған құрылыс компаниясы бұл мешіттің біреуін салып, біреуіне күрделі жөндеу жасаған. Тапсырыс беруші жергілікті әкімдіктер (Арқалық қаласы мен Амантоғай ауданының әкімдіктері) құнын төлей алмай, жергілікті сот екі мешіт ғимаратын кәсіпкерге беру туралы шешім шығарған.

"Барлығы "оны неге халыққа бермейсің" деп ақыл айтады. "Ақыл айтқаннан гөрі маған төлейтін ақша бермейсің бе?" деймін. Мен мешіттердің құрылысына бар ақшамды салдым. "Жалақымды бер" деп қаншама адам менімен соттасты. Соның кесірінен бизнесім тоқтап қалды, үйдегі зат-мүліктерді, тіпті телевизорыма дейін сатып жібердім", - дейді Болат Әбдібеков.

"Барлығы "оны неге халыққа бермейсің" деп ақыл айтады. "Ақыл айтқаннан гөрі маған төлейтін ақша бермейсің бе?" деймін.

Кәсіпкердің сөзінше, Арқалықтағы мешітті салу үшін облыс көлемінде арнайы қор құрылып, халықтан ақша жиналған. Алайда мешітке деп жиналған қаржы құрылысшыларға жетпеген. 1996 жылы Амантоғайдағы мешіт пайдалануға берілген кезде бұдан хабардар жергілікті ақсақалдар "қарызда тұрған мешітте құлшылық жасай алмаймыз" деп мешітке бармай қойған.

Кәсіпкер мешіт құрылысының созылып кетуіне жауапты адамдар ретінде кезінде Торғай облысын басқарған бірнеше әкімнің аттарын атады. Алайда қазіргі Арқалық қалалық әкімдігінің өкілдері бұлардың ешқайсысын білмейтін болып шықты.

Осылайша Қостанай облысындағы екі мешіт көп жылдардан бері қаңырап тұр.

Қазақстанда қабылданған "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң бойынша елдегі барлық мешіттер ресми тіркеуден өтіп, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасына қарауы тиіс.Ал кәсіпкердің айтуынша, бұл мешіттердің құжаттары болғанмен, тіркеуден өтпепті.

Қазақстанда мешіт ретінде салынған ғимарат сату - сирек кездесетін құбылыс. Мұндай жайтқа заңнамалық тұрғыда баға беруді сұраған тілшіге дін істері агенттігі жауап беруден бас тартты.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіт істері бөлімінің жетекшісі Ербол Қоспағар Арқалықтағы жайттан хабардар екенін жеткізді.

"Мешітті сатуға болмайды" деген дін қызметкері алайда "мешіт 100 пайыз кәсіпкерге тиесілі болғандықтан, ҚМДБ-ның кәсіпкердің ісіне араласа алмайтынын" айтты.

"Ислам тарихында сатылған мешіт жоқ, құдай сақтасын. Керісінше, Голландия мемлекетінде кейбір босап қалған католик шіркеулері Түркия тарапынан сатып алынып, мешіт ретінде пайдаланып жатқан оқиғалар бар", - деді Ербол Қоспағар.

Новости Казахстана
Кәсіпкер екі "мешіт" ғимаратын сатпақшы
Mailfire view pixel