Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бүгін әлем мұсылмандары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнін атап өтуде

Опубликовано:

Адамзаттың ардақ тұтар ұстазы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан Мәуліт айымен қауыштық. Нақтырақ айтсақ, қаңтардың 24-інші жұлдызы мұсылман жамағаты тағатсыздана күткен мейрамның алғашқы күні.

Бір ай бойы еліміздің әр түкпірінде Мәуліт аталып өтіледі. Жалпы, мүбарак мейрам жөнінде не білеміз? Мәуліттің мұсылмандардың өмірінде алар орны қандай? "Мәуліт" сөзі араб тілінде "туылған" деген мәнге ие. Яғни Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) һижра жыл санауы бойынша Рабиүл-аууәл айының 12-сi, дүйсенбi күнi дүниеге келген. Мұсылман әлемі Мәуліт айын кейде Рабиүл-аууәл деп те атайды.

Ақырғы пайғамбардың туылған мезеті таңғажайып сырларға толы болғандығы мәлім. Айталық, бұл түні бақсы-балгерлердің тілі күрмеліп, тау-тас, тал біткен сәжде жасап иілген. Қағба сәжде етіп қиямға тұрған. Онымен қоса, отқа табынушылардың мың жылдан бері жанып тұрған шырақтары сөніп қалған екен.

Бұл — жаратылыс атаулының Алланың сүйікті құлына деген құрметі болса керек. Мәуліт мерекесін тойлаудың тарихы тым тереңде. Ең алғаш 909 жылы Мысырда тойланғанын тарихтан білеміз. Одан бері де адамзаттың сүйікті ұстазына деген құрметі артпаса, кеміген емес. Бүгінде әлемнің 2 миллиардтан астам халқы маңызды мейрамды аста-төк атап өтеді. Елімізде 2000 жылдан бері кең ауқымда тойланып келеді.

Расы керек, құрметті айды қалай өткізу керектігін көпшілік ұғына бермейді. Бұл айдың бірден-бір ерекшелігі – Алла елшісіне (с.ғ.с.) молынан салауат айту.

Өйткені, қасиетті Құран Кәрім мен құдси-хадистерде Пайғамбарды (с.ғ.с.) жиі-жиі еске алып, оған салауат жолдаудың сауапты іс екендігі айтылған. "Салауат" сөзі араб тілінде "берекет", "құрмет ету", "тілек" сияқты мағыналарды білдіреді.

Мәселен, Құранның "Ахзаб" сүресінің 56-аятында Алла Тағала : "Пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла рахымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға (с.ғ.с.) сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар" – деген. Сондай-ақ "Қиямет күнi маған ең жақын адам – маған ең көп салауат айтқаны", "Кiм маған бiр рет салауат айтса, Алла Тағала оған он рет рақмет жолдайды, оның он күнәсi кешiрiлiп, дәрежесi он есе көтерiледi" деп хадистерде көп-көп салауат айтуға үндейді.

Соңғы Пайғамбарға (с.а.у.) тілек жолдауымыз — мойнымыздағы қарызымыз екенін ұғынсақ екен.

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың туылған айында Мәуліт оқудың маңызы бөлек. Ол мейрамның ажарын ашып, ауыр азапқа толы Пайғамбардың өмірінен сыр шертеді. Мұндай тағылымды өсиеттер әрбір мұсылманның көкірек көзін ашары анық. Иман ләззатын сыйлайды.

Мәулітке қатысудың қаншалықты қайырлы іс екендігі Хасан Әл-Басридің (р.а.): "Менiң Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм",– деген сөзі айқын дәлел. Әрбір мұсылман баласы ардақты Елшінің (с.ғ.с) мінез-құлқын танып, өмір жолына қанықса құба-құп емес пе?

Бұл туралы Құранның "Ахзаб" сүресi, 21-аятында: "Расында сендер үшiн, Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Расулуллада әлбетте, тамаша өнегелер бар", – делінген.

Қорыта айтқанда, қадірлі мерекенің қадір-қасиетін түсініп, Расулуллаһқа ізгі-тілек арнайық. Өйткені Имам әл-Бұхаридің (р.а.): "Расулулла (с.ғ.с.): "Сендердiң ешбірің Менi өз баласынан, әкесінен және барлық адамзаттан артық көрмейiнше (кәміл) иманды бола алмайды", – дегеніндей, Алланың сүйікті құлын жақсы көруге ұмтылайық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/247151-bygin-elem-mysylmandary-pajgambarymyzdyn-sgs-tugan-kynin-atap-otude/

pixel