KZ

Ерболат Құдайбергенов: "Оттай жанған стайл" – плагиат емес

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Соңғы жылдары қазақ сахнасына жаңалық әкелген екі орындаушы болса, соның бірі, жалғыз болса, өзі – Ерболат Құдайбергенов. "Мен қазақпын", "Біздің жігіттер", "Үш жүз" сияқты бірқатар әндерінен кейін оның танымалдылығы еселеп артты.

Дегенмен осы абыройдың бәрін бұрынғы продюсері Асқар Ұзабаевқа телитіндер де бар. Өйткені Ұзабаевпен араздасқалы бері Ерболаттан татымды ештеңе көре алмап едік. Таңғалдыруды жақсы көретін Ерболат үш-төрт күн бұрын ғана "Оттай жанған стайл" деген бейнеклипін жариялады.

Кәдімгі, корей әншісі РSҮ-дің әйгілі "Гангнам стайл" әнінің қазақша көшірмесі. Бір аптаға жетпей 70 мың көрермен жинаған бейне түрлі пікірлер тудырып жатыр. Бірі қолдаса, бірі "Ерболаттың мұнысы не?" деп айран-асыр. Әнші "Халық сөзіне" берген сұхбатында "Оттай жанған стайлды" неге түсіріп, Асқар Ұзабаевпен неге ренжіскенін, алдағы уақытта қай бағытқа "ауыз салатынын" және әнші болудың қиындықтары туралы әңгімеледі...

1800 ДОЛЛАРҒА ТҮСІРДІМ

– Ерболат, ең алдымен "Оттай жанған стайл" туралы білгіміз келіп еді...

– Халық қазақша естісін деген патриоттық "жест" қой бұл. Қазақыландыру, "қазақификация" дейді мұны. Қазақ қай әнді де қазақ тілінде тыңдап, құлақ құрышын қандырсын деген ой ғой. Қазақстан әлі күнге екі тілде сөйлейді, қазақ тілінің басым болғаны дұрыс қой. Келісесіз бе?

Халық қазақша естісін деген патриоттық "жест" қой бұл. Қазақыландыру, "қазақификация" дейді мұны.

– Келісеміз-ау, бірақ қазақ тілін насихаттауда "Жанған стайлдан" гөрі "Мен қазақпын" сияқты ән маңыздырақ сияқты...

– Қазақ тілін насихаттаудың әр түрлі жолы бар, біз соның бәрін көруіміз керек.

– Жақсы, ал клипін айнытпай түсіруіңізге не себеп болды?

– Бұл ең алдымен пародия. "Біз де осылай істей аламыз" дегенді көрсеткіміз келді. Бұл бір жағынан жарнама. "Фэмили продакшн" болғаннан кейін, өз жұмысымызға жарнама. Продюсерім кеткелі бері өзім түсірген тәжірибем бұл. Болашақта басқа да клиптермен қуантам деген ойдамын. Демеушілердің құлақтарына алтын сырға, менде көптеген құнды идеялар бар.

– Қанша қаражат жұмсалды?

– РSҮ-дің айтуы бойынша, 20 млн. доллар жұмсапты. Мұны естігенде менің нәскиіме дейін күлді. Асыра сөйлеп, өздерінше рейтинг көтермекші ғой. Ал біз бар күйінде айтамыз. Техника өзімдікі, объектілерді есептегенде бүкіл бюджет 1800 долларға шықты.

РSҮ-дің айтуы бойынша, 20 млн. доллар жұмсапты. Мұны естігенде менің нәскиіме дейін күлді.

РОТАЦИЯДАН БАС ТАРТТЫМ

– "Оттай жанған стайлға" сөз жазған кім?

– Серік Сұраншиев деген жігіт. Әннің жалпы мағынасын біліп алдық та, нобайлап өзіміз жаңадан мәтін жаздық.

– Неге кәрісті пародиялаудың орнына, өздеріңіз шет елді солай дүр сілкіндіретін ән шығармайсыздар?

– Болашақта шет елге де шыққым келеді. Міндетті түрде ұлттық жанрда. Барбат деген керемет аспап бар, соны жасатып, сахнаға шығармақпын. Менде жаңалық деген жетеді. Қазақстанда домбырамен шығатындар менсіз де жетіп жатыр ғой. Бірақ мені халық домбырамен, қобызбен, барбатпен көрген жоқ. Асқар Ұзабаев, бұрынғы продюсерім ғой, мені өзінше заманауи қылып көрсеткен. Бірақ негізінде, жан-дүнием халықтық музыкаға, халықтық аспаптарға жақын.

Асқар Ұзабаев, бұрынғы продюсерім ғой, мені өзінше заманауи қылып көрсеткен. Бірақ негізінде, жан-дүнием халықтық музыкаға, халықтық аспаптарға жақын.

– "Жанған стайлға" қатысты түрлі пікірлер естіп жатқан шығарсыз?

– Ғаламторда көптеген комментарийлер бар. Біреулер айтады: "Қайдағы бір қыздарды қайдан тапқансыңдар, дұрыс билемейді", – дейді. Немесе "Анау ат қорадағы неғылған балшық?", – дейді. Қазақстандағы ең жақсы ат қора сол екен, ренжімеңіздер. Ал қыздардың билей алмай қалғаны – адами фактор ғой. Әр түрлі пікір қалдырады, оның бәрін елемейміз. Жамандасын, мақтасын – бізге бәрібір. Бастысы, біз істей аламыз дегенді көрсету.

Әйтеуір, көмек қолын созғандарға мың да бір алғыс. Мысалы, "Рамстор" парковкасын түсіру үшін 500 доллар сұрады. Ал "Мега": "Әңгіме жоқ, кел де таңға дейін түсір" деді. Клипті телеарналарға бермеген себебім – атасының құнын сұрайды. "Үоutube" қазір "вещание" деген қызмет ұсынды ғой. Әр адам қалаған уақытта тікелей эфирге шыға береді. Қазір сол интернет-жүйеге қосылып, әлеуметтік телеарналардан бас тартып жатырмыз. Өздері шақырмаса, бейнеклип ротациялаудан бас тарттым.

– Сонда енді сізді телеарналардан көрмейміз деген сөз бе?

– Мысалы, Ұлттық арнамен жұмыс істеймін. Кей материалдарымды беремін, қажет деп тапса, қояды. Қазір өнер – өнер емес, зат сияқты. Оны жарнамалап, сатуың керек. Әртістердің құқығы анда да, мында да тапталады. Жай ғана афишаны ілудің өзі қыруар қаражат.

– "Мен қазақпынды" айтып шыққан Ерболаттың "Оттай жанған стайл" деп пародия жасап жүргені несі?", – деген пікірлер айтылып жатыр, оған не дейсіз?

– Олай шектеуге болмайды, өйткені мен де қалжың түсінетін, әзілдей алатын адаммын. Көптеген юмористикалық жобаларым бар. Халыққа тек қабағым түйілген "Мен қазақпын" болып жатталып қалғаннан кейін дұрыс қабылданбай жатқан шығар. Әлі түрлі бағытта жұмыс істеймін, ең бастысы ел соны дұрыс қабылдаса екен.

ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ КӨРСЕТЕТІН БАНДИТТЕР КӨБЕЙІП КЕТТІ

– Патриоттық жобаларыңыз бар ғой?

– "Жанған стайлдың" өзі патриоттық жоба. Оны түсінген де бар, түсінбеген де бар. Түсінбегендер – жеңіл ойлайтын адамдар ғой.

– "Гангнам стайл" әлемдік хит, оның авторлығы қалай шешілді?

"Жанған стайлдың" өзі патриоттық жоба. Оны түсінген де бар, түсінбеген де бар. Түсінбегендер – жеңіл ойлайтын адамдар ғой.

– Сол ауыртпашылықты мойныма алып, осындай патриоттық "жест" жасағанда халқым балақтан тартпаса екен. РSҮ-ге өзім жауап беремін. Ол маған келгеннің өзінде бұл плагиат емес, пародия. Мен оған айтамын: "Ей, көке, сен Кореяңда кәрісше айтасың. Мен Қазақстанда қазақша айтам", – деп. Басында қазақша сөйлесіп, қазақша шешуге тырысам. Ол болмай жатса, жақсы заңгерім бар. Шешілмейтін түйін жоқ.

– "Ұзабаевпен шартын үзгелі бері Ерболатты көре алмай қалдық. Бір кезде жақсы клиптер шығарып еді, қазір өзін жоғалтып алды", – деп жатқан тыңдармандарыңыз бар ғой...

– Халық ақымақ емес қой, түсінуі керек еді. Осы уақыт ішінде мен техника алып, команда жинадым. Ары қарай Алла Тағала күш-қуат берсін. Асқар Ұзабаев жақсы режиссер. Көресіздер, ол әлі талай мықты фильмдер түсіреді. Менімен тіл табыспаған себебі – продюсерлік жолдарын білмейді. Әйтеуір әйтіп-бүйтіп клиптерімді түсіріп берді. Бірақ әрі қарай келісімшарттағы қанша пунктілер атқарылмады. Киімдер тігілмеді, концерттер қойылмады, альбомдар жазылмады.

Мен оған айтамын: "Ей, көке, сен Кореяңда кәрісше айтасың. Мен Қазақстанда қазақша айтам", – деп.

Осының бәрін өзім пысықтап, биыл альбом шығардым. "Меломанда" сатылып жатыр. Тұсаукесерін жасамаған себебім, тағы да қаржыға байланысты. Отбасым кішкентай емес, ұжымның өзі де отбасы. Шығын көп, ал өзім қарыз болғанды жек көретін адаммын. Барымен базар деп, жоқтан бар жасап жүрген қазақ жігіттерінің бірімін.

– Жаңа әндер жазылып жатыр ма?

– Бізде болмаған жаңа бір бағытта ән дайындап қойдым. Бұйыртса, "Не істедің менімен?" деген әнге клип түсірмек ойым бар. Жоспарларымның бәрін айта алмаймын. Өйткені менің де аңдысымды аңдып отырған жауларым бар. Отбасым туралы, шығындарым көп екенін міндетті түрде жазыңыз. Әйтпесе қазір өмірдің өзі Джунгли сияқты болып кетті ғой. Әлсіз адамды көрсе бәрі кеміріп, жұтып қойғысы келеді. Қоқан-лоққы көрсететін бандиттер де көбейіп кетті. Қоғам өзгеріп жатыр, оны түзеу керек. Түзейтін дипломатия емес, өнер ғана.

– Әңгімеңізге рахмет.

Новости Казахстана
Ерболат Құдайбергенов: "Оттай жанған стайл" – плагиат емес
Mailfire view pixel