KZ

Алматыда кәрі қыз "бай" жігітпен таныспағаны үшін сотқа жүгінді

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

40 мың теңгеге күйеужігіт! Алматыда осылайша өз бақытын сатып алмақ болған азаматша сан соғып қалды деп хабарлайды КТК арнасы.

35 жастағы әйел неке агенттіктерінің біріне қалталы, жоғарғы білімді жігітке тапсырыс берген екен. Алайда, 7 ай уақыт өтсе де жігіт түгілі бірде-бір кездесуге де бармапты. Ал қыздың өтінішін орындамаған агенттік өмірлік жар тауып беру міндетімізге кірмейді деп отыр. Келісімшартта бойдақ жігіттермен таныстыру ғана қарастырылған екен.

35-тен асқан Айгүл өмірлік мақсаттарының біразына қол жеткізген, табысы да қомақты азаматша. Қазір ірі компанияда бас есепші болып қызмет етеді. Енді тірлігін түгендеп жеке өмірін ретке келтірмек еді. Бірақ күйеу жігіттен әлі жолы болмай жүр. Ақыры өмірлік жар іздеп "Юннона" деген неке агенттігінің көмегіне жүгініпті.

Айгүл:

- Менің неке агенттігіне бірден сенгенім, барлығын жан-жақты қарастырыпты. Тіпті, жігіттер мен қыздар арнайы топқа да бөлінген. Кәсіби тілмен айтқанда, деңгейлеріне байланысты әр пакетке жіктепті. Мен жоғарғы білімі бар, 40 мың теңгелік жігіттерді таңдадым.

Расында, агенттіктің дерекқорында іріктелген жігіттер 3-ке бөлінген: 1-ші пакет 15 мың тұрады, қызметі мен жасын таңдауға мүмкіндік жоқ. Ал 40-мыңға бағаланған ер адамдар жоғарғы оқу орнын бітірген, белгілі жұмысы бар. Мерзімі 7 ай.

VIP-орында бағасына тұрарлық, яғни жеке бизнесті басқарған, көрікті жігіттер. Сөйтіп заң жүзінде қажетті құжаттар толтырылып, екі тарап келісімшартқа отырған. Бірақ сол 7 ай да өте шығыпты. Айгүл болса әлі уәде етілген жігітті таппай жүр. Ал агенттіктегілер оған өмірлік жар тауып беруге міндетті емеспіз деп отыр. Айтуларынша, келісімде тек бойдақ жігіттермен таныстыру қарастырылған. Таныстықты әрі қарай дамыту клиенттің өз қолында.

Бану Ғанибаева, "Юннона" неке агенттігінің менеджері:

- Келісімшарттың уақыты өтіп, жігітін әлде қызын таппаған кейіпкер болса, біз құжаттарын ары қарай тегін рәсімдейміз. Ал кездесу де болмады дегені жалған. Өйткені, бір емес бірнеше рет жолықтырған жігіттер болды, өзі жақтырмады.

Осылайша, жауаптылар Айгүлдің орынсыз шу шығарғанын алға тартады. Өйткені, келісімі бітпеген, тапсырысы бойынша бойдақ жігіт әлі іздестірілуде. Және нәтижесі оңтайлы боларына сенімді. Неке агенттігіндегілер бізге 7 жұпты табыстырғанын мақтанышпен жеткізді. Бірақ енді оларға Айгүлдің сенгісі жоқ. Ал төлеген 40 мың теңгесін сот арқылы өндіріп алуға бел буған.

Новости Казахстана
Алматыда кәрі қыз "бай" жігітпен таныспағаны үшін сотқа жүгінді
Mailfire view pixel