KZ

Қазақстандықтар "сериаломанияға" шалдықты

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Ауылдан құрбымның сіңлісі келді. Дастарханға шақырсам, "Дениз" басталып кетеді ғой", – дейді. "Е, не бопты басталса?". Ол баланың ойынша, кешкі асты не "Денизге" дейін, не "Денизден" кейін ішу керек екен.

Сабақты да "Сырлы Стамбулға" дейін үлгеріп оқу керек. "Стамбул" бастала сала, кітап-дәптерін жинай салып, теледидарға жүгіреді. Ауылдағы адамның өмірі "сериалға дейін" және "сериалдан кейін" деп бөлінетін болыпты. Қазақ бұл ауруға қашан шалдықты, білмеймін. "Асау жүрек" болды, "Қыналы қар", "Шехризат"... Одан кейін жаңылып қалдық.

"Әкем көнсе, шешем көнбейді, шешем көнсе, әкем көнбейді"... Кілең қайталанатын өмірлік коллизиялар. Бірақ бәрібір көреді. Бірінші сериядан-ақ немен аяқталатыны белгілі. Сонда да қарайды.

Қазірдің өзінде "Астана" арнасы күніне 10 сағат сериал көрсетеді екен: "Менің сүйкімді қызым", "Иффет", "Әулет абыройы", "Адмирал", "Анатомия страсти"... "КТК" мен "Хабар" 7,5 сағат сериал береді. "Еларна" 11 сағат сериалға арнайды. "31 арна" 5,5 сағат... "Ұра берсең, Құдай да өледі". Күніне 10 сағат түрік пен кәріске қарап отырып, қазақ боп қалу қиын-ақ. "Дениз вампир сияқты, бір тістесе құрыдың", – деп әзілдейтіндей-ақ бар. Өзгенің әдеті, өзгенің мінез-құлқы жұғып жатыр, жұғып жатыр.

"Баяғыда, бала кезімізде, "үйшік-үйшік" деген ойын болатын. Қораның бір бұрышына сынған "шипырлардан" "мебель" қойып, балшықтан "торт" пісіріп, консервілерді "ыдыс" қылып, бір-бірімізді қонаққа шақыратынбыз. Құдайға шүкір, бұл ойын әлі де бар көрінеді. Ауладағы балаларға қараймын. "Қонақтарды" шығарып салып жатыр.

Шіреніп тұрып кетіп бара жатқандардың соңынан су шашып қояды. "Қайдан көрдім?". Сериалдан.

Пойызда кетіп барамыз. Астана мен Алматыға шойын жолмен қатынайтын жұрт жақсы біледі. Шудан кейін пойыздың іші қайнаған базарға айналып кетеді. "Носки берем, носки", "Детские вещи, колготки"... Және ең өтімді тауар – "Бериван шәлісі". Ең қызығы, "айла" жұмыс істейді. Бұл аңқаулықты қойсаңшы, әйелдер Бішкектен келген арзан орамалды "самопал" атына бола жамырай алады. Ал айналайын, құтты болсын. Бірақ содан не өзгерді. Бериван болып кетпейсің ғой. Баяғы, баласын мектепке жіберіп, күйеуіне тамақ әзірлейтін қазан басындағы Бижамалсың.

Бұрын кәріс десең, ары кетсе: "базарда ащы салат сататындар ма?", – деп сұрайтын. Сериалын көріп едік, кәрістен артық халық жоқ екен. Кәрістер тәрбиелі, кәрістер сыпайы... бір кезде кәріс болып туылмағаныңа өкіне бастайсың. Бірақ тереңірек ойласаң, түріктер ара-тұра "аллалап" қояды ғой. Ал кәрістер Құдай туралы мүлде айтпайды. Есесіне бәрі депрессиясын алкогольмен жуады. Ең қызығы, ішіп алған жастар жылдам-ақ тіл табысып кетеді екен.  Бір қарасаң – ғашық болып отырғаны. Сұмдық сенімді.

Енді дәл осы жағдайды қазаққа теліп көрейікші. "Жүз грамм" қазақтың Кан Согының бағын ашып жіберуі неғайбыл. Кілең ақымақ қыздар, кілең менмен жігіттер... осы әрекет модельдерінің бәрі жақсылыққа жетелейді деу қиын. Есесіне кәрістердің киіну мәнері, шаш қою үлгісі – бәрі біз қайталайтын штампқа айналып барады. Көшедегі балалар барған сайын "көгілдірлерге" ұқсап барады. Дәл сол "МелоМэн", "Жебе" сияқты қаптаған "бойсбендтерге" қараңызшы, мені бірден түсінесіз. Содан кейін отырып алып ойланасың. Ал кәрісше киініп, кәрісше шашыңды дүрдиткеннен бұл жігіттердің несі артты? Даусына дауыс қосылды ма? Диапазоны кеңейді ме? Соқыр тауыққа бәрі жем.

"Еларнадан" "Ғ4" сериалын көрсетуді тоқтатып тастағанда, әлі есімде. Тып-тыныш қана телеарнаның сайты жарылып кете жаздаған. Екі ай бойы үміті үзілмеген көрермен "өтініштер мен тілектер" қалдырып жатты.

Біреуі "көрсетіңдер!" деп талап қойды, енді біреулері жалынды, тағы біреулер ашуланды. Сәл болғанда сериалдың көрермендері ереуілге шығатын еді.

90-жылдарды түсінемін. Кеңес дәуіріндегі пролетарлық өмір салтынан кейін қолдары мен ауыздары бірдей сөйлейтін латынамерикалықтардың өмірі қызық көрінген шығар. Бірақ қазір ХХІ ғасыр ғой. "Сериал ыстығы" басылатын күн болды ғой. Сірә алтын уақытын сериалға шығындап жатса, бұл қазақтың қарны тоқ, көйлегі көк. Немесе, керісінше. Тұрмысының ауырлығы соншалық, Мехметтердің қолтығына тығыла бергісі келеді.

Нина Настич деген психолог айтыпты: "Ресей сериалдары кісіні қатыгез қылады, ал түрік пен кәріс сериалдары әдемі махаббатқа үміт сыйлайды", – деп.  Білмеймін. Сериал атаулыны кілең компания басшылары туралы түсіреді. Күндер бойы бай-бағландардың ертегі өміріне телміреміз де отырамыз. Ал көшеде – инфляция. Көшеде – дағдарыс. Бізге мемлекетті аяғынан тұрғызу керек. Ал экраннан күшті тұлғаларды көре алмаймыз. Ірі жеңістер мен биік мақсаттар да жоқ. (Кәрі ағаңның жас әйелін айналдырып алудан басқа).

Біздің жеке жүргізушіміз, салтанатты сарайымыз бен асүйде отырып өзімізді өсектейтін қызметшілеріміз жоқ. Компанияны тартып алуды армандайтын серіктесіміз де жоқ. Сериалға қарасаң, осының бәрі өзінен-өзі болуға тиіс дүние сияқты. Бірақ оған қалай жетуге болады? Оны айтпайды. Абай ренжитін: "Еріншек, бекер мал шашпақ" деп. Бір білсем, Құдайлар құсап өмір сүретін сериал қаһармандары қазақ санасындағы жалқаулықты одан әрі маздатып жатыр. Босаңсытып, әлдилеп, ұйқыға сүйрейді. Ал ояна кетсең – қазақ та емессің.

Диванның алдында қанша жатса да, байыған адамды көрген жоқпын өз басым. Телесериал – тағдырың емес. Бәлкім, ең өкініштісі, тағдырың да шығар. Өйткені сериал да, кез келген әдет сияқты, "мінезге айналуы" мүмкін. Жалқау, еріншек, бейқам... Ал мінез – "тағдырға айналатыны" түсінікті.  

Новости Казахстана
Қазақстандықтар "сериаломанияға" шалдықты
Mailfire view pixel