Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың намысы қашан оянады?

Опубликовано:

Қазақта "Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді" деген сөз бар. Осы нақылдан санасы нәрленген ата – бабаларымыз арына кіршік жолатпай өз намысын да, елінің, жерінің намысын да көзінің қарашығындай қорғағаны белгілі. Ал, қазіргі қазақ-біздерге не болған, қайда бара жатырмыз?

Басқа жұртқа жақсы болып көріну ме, жоқ әлде санамызға Ресейдің отарлық саясатынан сіңіп, бойымыздағы жазылмайтын дертке айналған құлдық мінездің салдары ма, әйтеуір намысымызды таптап, жеріміз бен байлығымызды иемденіп жүргендердің намысқа тиетін қылығына тоқтау қоюдың орнына оларды арашалап алатын сылтау іздейміз(әсіреинтернационалист болғымыз келіп), не болмаса бұқаралық ақпарат бетінде біраз айғайлап буымызды шығарамыз да қоямыз. Қолымыздан бір нақты, жігерлі іс келмейді... неге?

Халықтың мүддесі мен намысын қорғайтын мемлекет басындағылар болып жатқан жағдайларға баға бермек түгіл, ол туралы білгісі де, көргісі де жоқ сияқты. Сонда немене билік соқыр, халық мылқау болып, бірінің еш нәрсені көргісі келмесе, енді бірінің өз намысын қорғауды талап етуге тілі мен жігері жоқ болғаны ма? Дүниежүзіндегі елдердің, әсіресе дамып алпауыт мемлекет болып отырғандардың тәжірибелеріне көз салсақ, елінің де, халқының да намысын, қамын үнемі ойлайтындар - оқыған көздері ашық, көкіректері ояу зиялы азаматтары.

Солар қоғамдағы орын алатын кейбір ұлттық мүддеге зиян тигізетін мәселелердің өршуіне, жол алуына  мүмкіншілік бермеудің алдын алуда белсенділік көрсететіп, билікке ықпал ететіні белгілі. Ал, біздің әншейінде кеуде соғып біз қазақтың бетке шығар қаймығымыз, біз оқыған білімдіміз, зиялымыз дегендердің дауысы неге осындай кездерде шықпайды? Неге ұлттың намысын қорғайтын мәселе көтерілсе "зиялылар" оны қолдауға енжар? Өрелері жетпей ме, әлде жігерсіз бе?

Сонда олар - ғалым, қоғам қайраткері, саясаткер, саясаттанушы, жазушы, заңгер, өнер қайраткері, байлар және ел билеген азаматтар бола тұрып, халқының намысын арашалауға неге талпынбайды, әлде олар кейбір қазақша сөйлеуді менсінбейтін "культурный" жаңа қазақтар сияқты қазақ болғанына арлана ма?

Не болмаса "үйім кең, киімім көк, тамағым тоқ, уайымым жоқ – "халқым болмасаң, бордай тоз, тек пәлеңнен аулақ" - деп өз басын күйттеуден аспай жүргендері ме екен. Егер, шынында да, зиялыларымыздың санасы мен халқының алдындағы борышын ұғу деңгейі сол ғана болса, онда еліміздің келешегі не болмақ? Онда біз қандай ұрпақ тәрбиелейміз? Жер бетінде, дәл қазіргі қазақтар сияқты өзін өзі силамайтын, намысын арашалай алмайтын басқа халық барма екен? Өзін өзі силамаған халықты кім силайды.

Сырт елге дамып, өсіп келе жатқан ел болып көріну үшін барымызды шашып, жасанды, табиғатымызға қайшы елестерге еріп мақтаннан есіміз ауып жүргенде, ішімізде дәміңді татып, суыңды ішіп жүріп қазақты силауды қойып, оның тәуелсіз жұрт екенін мойындамайтындардың күннен күнге есіре бастағандарын қалай жасырамыз. Әлемдегі өзінің тәуелсіз мемлекетін құрып отырған ешбір елде болмайтын өрескел жағдай бой көтеріп, уақ –уақ халықты дүрліктіріп жататынын қайтерсіз.

Таяуда Ресей қалаларында өткен орыс әсіреұлтшылдарының ұйымдастырған шеруінің жалғасын біздің елдегі, заңсыз тіркеуде тұратын, казактар ұйымдарының іліп әкеткені  туралы ақпарат құралдары хабарлар таратқан еді. Орал казактарының басшысы қазақ халқынан және биліктен жәбір көріп отырмыз деген жаласы таң қалдырса, ал оның біз осы жерде тек ата – бабамыздың жерін қорғау үшін жүрміз деуі тіпті ыза тудырады.

Казак ұйымдарының (казачество) біздің елде тіркеуде болып жұмыс істеуі заңсыз дегенді  Қазақстан Республикасының Қоғамдық Бірлестік туралы зағының 5 – ші бабына сүйеніп айтып отырмыз.

Осы көрсетілген бапта тайға таңба басқандай Қазақстан Республикасында әскери құрамдары, киім үлгілері бар, арнайы атақ белгілері, әнұраны, туы, вымпелдері, айрықша ішкі тәртіп шарттары мен басқаруы, қарулары, соның ішінде имитация үшін де пайдалантын, әскери түрдегі Бірліктер  құруға тиым салынады - деп жазылған. Яғни, казак ұйымдары Қазақстан мемлекетінің заңын белінен басып, бір тылсым күштің, не болмаса үлкен "Көкесінің" әмірімен заңсыз тіркеліп отырған болды ғой.

Сонымен қатар, казактардың ешқандай да этностық топ емес, тек әскери құрылым негізіндегі Ресей империясының колониялық басқыншы саясатын жүргізу үшін пайдаланып келген, ерекше құқыққа ие болған әскери тап (военное сословие) екенін ресейлік көптеген тарихи жазбалар мен энциклопедиялардың деректерінде анық айтылған. Осы шындықты казактардың патшалақ ресейдің әскери киімін киіп, пагонын тағып, есаул, хорунджи деген атақтарымен сайрандап жүргендері де көрсетіп отырғаны белгілі. Дүниежүзінің қай халықтарының ұлттық киім үлгілерінде  әскери шен көрсетілген, соны қалай ұқпаймыз? Украина жерінде де казактар бар, ресей патшасының киімін киіп, пагонын тақпайды, бірақ олар өздерін казачестводан бөліп, "козакпыз" дейді кең шаровар, жилет, жейде киіп тек украин халқының мүддесін қоргаумен жұртына мәлім.

Ал, біздегі казактар ұйымының патша армиясының формасын киіп алып, кешегі Орта Азия, Қазақстан және Сібір елдерін жаулап алып, өз азаттығын қорғауға бас көтерген халықтарды қанға бөктірген басқыншылар ретінде патшадан айрықша құқыққа ие болған бабаларының рухын жаңғыртып жүруі, біздің бабаларымыздың аруағын қорлау мен қоса халықтың жадындағы жан жарасының бетін тырнап, үнемі қоздырып отыруы емес деп кім айтады. Ондай сөзді, біздің ішімізден, тек қазақтың тарихы мен рухани ұлттық сезімінен  бейхабар мәңгүрт қана айтуы мүмкін.

Мысалы Ресейдің бір қаласында кешегі мұңғылдардың не болмаса шведтердің әскерінің киімін киіп солардың рухын мадақтауға әрекет жасайтындар шықса, төменнен бастап кремльде отырғандарына дейін өре түрегеліп бұл істің тамырына бірақ күнде балта шабары сөзсіз.

Бізде неге олай емес? Бізде саяси сауатсыздық пен жігерсіздік деңгейі құлдық мінезден аспағандықтан, біліктілік пен намысшылдықты жасқаншақтық пен жарамсақтыққа алмастырып алған сияқты. Әйтпесе орыс халқының намысы мен оның ішіндегі кейбір арандатушы топтың "намысын" бір деңгейге қою ақылға сияр ма екен?

Шын орыс халқымен қазақ халқының арасындағы қалыптасқан қарым - қатынасқа сына қағылмасын десек, ешқандай да этностық сипаты жоқ казактарға (военное сословие) заңға қайшы келетін ұйым құрып саясатпен айналысуға біздің елде тыйым салынуы қажет. Осы мәселеге ушықпай тұрғанда үлкен нүкте қоятын кез келді. Ресейде казак ұйымдарын құрып олардың жұмыстарын жалғастырса оған айтарымыз жоқ өз құқылары, ал біз Ресеймен шын тең құқылы тәуелсіз ел болған болсақ  өз заңымыз өзімізге(неге басқаларға жалтақтауымыз керек), ұлт намысын қорғау ұстанымын берік ұстамасақ бүгінгі Ресей үстемдігін жүргізе бастаған кедендік одақ пен алдағы жоспарлап отырған ЕуроАзиялық одақ келсе жағдайымыздың не болары белгісіз.

Тәуелсіздік алғаннан бері казак ұйымдарының біздің елдегі кейбір істеген ылаңдарын есімізге алайықшы. Тоқсаныншы жылдың басында қазақ  елінің егемендігіне қарсы шығып, Шығыс Қазақстанда Ертістің оң жағалауында автономия құруды ұйымдастыруға(приднестровье сценариясы), кейінде қазақ пен орыс халқының арасын арандату үшін Верхнеиртышское казачествосы өз атаманын өздері жасырып, оған қазақ ұлтшылдарын кінәлауға дейін барған және Өскемендегі Казимир – Пугачев ылаңына  да казактардың қатынастары болғаны белгілі. Ресейде емес Орал қаласында казачествоның құрылуына байланысты мерейтойын өткізуге талпынғандары тағы бар.

Ресей мен Грузия арасындағы әскери қақтығыс кезінде ресейдің агрессиялық саясатын қолдауға Қазақстан өкіметіне қысым жасауға бағытталған шаралар ұйымдастырғандары үшін ғана сол кезде олардың ұйымдарын жауып тастау қажет болатын.

Осы ұйымның белсенділері мемлекеттік тіл, ономастика, басқада қазақ ұлтының дамуына байланысты өзекті мәселелерге байланысты үнемі жаңжал тудыратын пікірлер таратуды тоқтатпай келе жатқандары белгілі. Кезінде Қазақстандағы казак ұйымдарының заңсыз тіркелуі туралы республиканың бас Прокурорына, Әділет министіріне "Ұлт тағдыры" қозғалысы хат жолдап, бірақ мардымды жауап ала алмағаны бұқаралық ақпаратта жарияланған болатын. Басқа қоғамдық ұйымдар мен зиялылардың қолдауы болмаған соң хаттағы талаптар ескерусіз қалды. Бұл мәселені тоқтату халықтың өз қолында өйткені қазақта "Көп қорқытады, терең батырады" деген философиялық терең ұғым бар. Үмітсіз шайтан - деген ғой үмітіміз өшпесін.                                                                                                      

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/239037-kazaktyn-namysy-kashan-oyanady/

pixel