KZ

Алматыда есек бизнесіне сұраныс артып келеді

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Алматы облысында есек бизнесіне сұраныс артып келеді.  Әсіресе, "Алтынорда" базарының  маңайында есек қызметіне жүгінушілер көп.

Салдарынан бұрын күніне 600 теңгеге жалға берілетін жануар, енді мың теңге бермесе, жүрмейтін көрінеді. Сөйтіп, көзін тапқан кәсіптің қожайындары қаражатқа қарық болып отыр. Тіпті, еті арам  жануарға арналған арнайы тұрақ та ашылған Абай ауылында.

Ауылдағы ағайынға жұмыс тауып берген жануар кәсібінің қыр-сырын біздің тілшілер аңдып қайтты...

Есек іздейтіндер осы ауылға үйір. Өйткені, таңдау көп мұнда. Бағасына қарай, шабаны да, жүрдегі де үйірімен жүр. Жануарға жағдай да жасап қойған қожайындары. Арбасы сынса, ұстаханасы, ауырып қалса, емханасы қоса бар көрінеді. Сөйтсек, еті арам қодыққа жасалған осыншама  құрметтің сырын кейін білдік...

НҰРЛАН САДАЕВ, арбакеш:

-Пайдасы қалай?

- 3-4 мың теңге көресің ғой, жүріп берсе...

 Нұрланның табысы тәуір. Күніне тапқан төрт мың теңгесінің бір мыңын есектің қожайынына береді. Қалғаны - өзінікі. Ал, мына үйде 15 есек бар. Яғни қожайын күніне 15 мың теңге табады деген сөз. Сөйтіп, ай сайын еті арам жануардың арқасында, мақұлықтың иесі, Сіз бен біздің жалақымыздан әлдеқайда жоғары табыс табады. Көбейтіп көрейік, оның бір айлық табысы - 450 мың теңге!

"Көз тиеді" дейтін болу керек, әлде, бәсекелестері көбейеді деп, қауіптене ме, кейбіреулер есектерін түсіруімізге тыйым салып жүр. Тіпті, жігіттер жинап, жұдырық жұмсауға құлшынып-ақ тұр.  Есек мінгендер де, қызметтерін құпия ұстайды, тілдесуден бас тартып...

Мұндағы жануарлар жұмысын таңғы сағат төртте бастайды. Жүк тасуға табылмайтын тірі көлікке көбіне базар маңайында сұраныс жоғары. Сондықтан арбакештердің алды, тауар тасып, күніне 5-6 мың теңгеге дейін табыс табады.  Табысы тәуір тірлікке әйелдер де әуес көрінеді. Есектің тізгінін елден бұрын алып кететін де осы бұрымдылар екен.

Новости Казахстана
Алматыда есек бизнесіне сұраныс артып келеді
Mailfire view pixel