KZ

Қазақстанның бірқатар аймақтарына қар түседі

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Алғашқы қар ертең түсуі мүмкін. Бұл туралы ҚазАқпаратқа "Қазгидромет" РМК-ның жетекші инженер-синоптигі Гүлмира Әкішева хабарлады.

"4-5 қазанда еліміздің солтүстік өңірлерінде, Шығыс Қазақстан облысында және Алматы облысының таулы аудандарында алғашқы қардың түсуі ықтимал. Алайда бұл қар тез еріп кететін болады", - деді ол.

Г. Әкішеваның сөзіне қарағанда, ауа райының ұзақ мерзімді болжамы бойынша қараша айы жылы болады деп күтілуде. Ал қыстың түсуі қарашаның екінші жартысына тиесілі болмақ.

"Қаңтар айы суық болады деп күтілуде. Ал ақпан және наурызда ауа райы қалыпты деңгейде байқалмақ. Яғни осы қыс 2010 және 2011 жылдардағы қысқа ұқсас болады", - деп түйіндеді ол.

Сонымен қатар Гүлмира Әкішева алдағы аптадан бастап ауаның температурасы 25 градусқа дейін көтеріледі деген болжам айтты.

"Қазан мен қараша жылы болады деп күтілуде. Дегенмен қазанда күннің салқындауының екі толқыны болмақ. Атап айтқанда, 4-5 қазанда күн біршама салқындайды, солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде циклон орын алады және кей жерлерде жауын жауады. Осы орайда солтүстік аумақтарда жауынның соңы қарға ұласуы мүмкін. Күн ашылғаннан кейін ауа температурасы түнде 0 немесе -5 аралығына дейін төмендейді", - деді ол.

Сонымен қатар күннің салқындауы оңтүстік өңірлерді де айналып өтпейтін көрінеді. Яғни, температура 0-3-ке дейін төмендейді деп күтілуде. "Ал алдағы дүйсенбіден бастап температураның жоғарылауы ықтимал. Батыс, оңтүстік-батыстан соққан желдің әсерінен ауа температурасы солтүстік өңірлерде 18-25-ке дейін, ал оңтүстік аумақтарда 20-25-ке дейін жоғарылайды. Яғни, күн қайта жылынады", - деді Г. Әкішева.

Новости Казахстана
Қазақстанның бірқатар аймақтарына қар түседі
Mailfire view pixel