KZ
Тілшілер қазақ әншілерінің қайда демалғанын анықтады

Тілшілер қазақ әншілерінің қайда демалғанын анықтады

Расcказать Вконтакте

"Нұр Астана" газеті қазақ сахнасының жұлдыздарымен кездесіп, кім қайда демлағанын анықтады.

Айгүл ҚОСАНОВА:

– Мен осы жылдың наурыз айында үшінші баланың анасы атандым. Қызымның есімін әкесі екеуміз ақылдаса келе Айнамкөз деп қоюды жөн санадық. Сол кенжеміздің әлі кішкентай болғанына байланысты биыл ешқайда шыға қойған жоқпыз. Шетел түгілі, өзіміздің Астанаға да жолымыздың түспей қойғаны. Қанша айтқанмен, нәрестенің денсаулығына алаңдайды екенсің. Негізінен, мен үшін демалыстың "көкесі" – балаларымның ауырмай-сырқамай жүргені. Сондықтан кішкентайымыздың арқасында әрі демалып, әрі балаларыма кеңінен көңіл бөліп жатырмын.

Сәкен МАЙҒАЗИЕВ:

– Өзіңізге белгілі, Мейрамбектің денсаулығына байланысты биыл гастрольмен алыс жерлерге бара алмадық. Есесіне, әрқайсысымызға отбасымызбен бірге болудың сәті түсті. Осыдан біршама уақыт бұрын келіншегім, ұлым және мен Қытайға барып, тынығып қайтқан жайымыз бар. Онда бірқатар мәдени орындарды аралап, тарихи ескерткіштерге ат басын бұрдық.

Бір қызығы, Қытайға туристік сапармен баратындардың санында есеп жоқ екен. Олардың да бұған әбден бейімделіп алғаны көрініп-ақ тұр, жағдайдың бәрін жасап қойған. Әйткенмен, қытайлардың ас-ауқаты біздікіндей емес (күліп). Жейтіндері – шөп-шалам, ол қазаққа тамақ бола ма?! Содан еріксіз арықтап қайттым десем де болады.

Алтынай Жорабаева:

– Биыл Сәбит екеуміз төрт қызымызбен бірге еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі – Бурабайда демалып қайттық. Шыны керек, жыл сайын отбасымызбен түрлі демалыс орындарында тынығып жүрсек те, Бурабайдың керемет табиғатынан асып түсер жер көрген емеспіз. Әрі шығыны да аз, жолы да жақын.

Қыздарымыз Бурабайдың дала гүлдерін жинауға әуес, ал біз ол жақтың суына шомылуды ұнатамыз. Асыра айтқаным болмас, Бурабай – шетелдегі кез келген курорттан артық. Сондықтан өзіміздің жұмақ мекеніміз тұрғанда, шетелден керемет іздеп қайтеміз?! Тек тұмса табиғаттың аясында өткен екі аптамыз екі күндей зырғып өте шықты.

Новости Казахстана
Mailfire view pixel