KZ
БАҚ өкілдері түсінікті тағайындаудың түсініксіз қырына таңданды

БАҚ өкілдері түсінікті тағайындаудың түсініксіз қырына таңданды

Расcказать Вконтакте

Ерболат Асқарбекұлы Досаевтың араға алты жыл салып, Үкіметке қайта оралғанын естігенде, селт етпеген қауым жоқ шығар.

Оның ҚР Экономикалық даму және сауда министрі қызметіне тағайындалғанын естіп, біз де тілімізді тістеп қалдық. Жаңалыққа жүйрік әріптестеріміз де тосылыңқырап барып: "Ол Денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде дәрігерлердің салақтығынан Шымкентте сәбилерге ВИЧ инфекциясы жұққан", – деп, өткен-кеткен тарихты қайта ақтарып, таразылап үлгерді. Сол оқиғаны миының бір бұрышында сақтап қалған ағайын "е-е-е" дескен шығар.

Елдің бәрі "айтқан жерден аулақ" деп шошынған бұл оқиға 2006 жылы болған. ВИЧ індетін жұқтырған 220 баланың 11-і көз жұмған еді сол кезде. Екі бала басқа облысқа көшіп кетіп, бір баланы шетелдіктер асырап алған болатын. Қатерлі дерттің таралуына кінәлі саналған 21 адам істі болып, 16 қызметкер 2 мен 8 жыл арасындағы мерзімге сотталып, 5 адам шартты түрде жазаға кесілген.

Сонымен бірге Денсаулық сақтау саласын басқарған министр Ерболат Досаевтан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Болат Жылқышиевті, сондай-ақ облыстық Денсаулық сақтау департаментін басқарған Нұрсұлу Тасмағамбетованы орнынан алып тастап, бұл оқиғаға біржола нүкте қойылғандай болып еді. Қазір сол кезде құрылған "Ана мен бала" орталығында 207 бала емделіп жатыр екен. Емделгенін қайтейік, дәрілері дер кезінде берілмей, берілген күннің өзінде арзан, сапасыз дәрілерді беріп, әлі шу болып жатыр.

Ол бұл әңгіменің айтылмай қалмайтынын біле тұра келді, билік те солай істеді. Өзін өзі дайындап тіпті, не деп жауап беретініне дейін ойластырып келгенінде сөз жоқ оның.

Креслосына енді-енді жайғасып жатқан одан әлі ешкім ештеңе сұрай қоймаса керек, бірақ сұраған күні не деп жауап беретінін қазірден-ақ ішіміз сезіп отыр. Расында да сол салаға жауапты дегені болмаса, Тасмағамбетованың не істеп, не қойып жүргенін ол қайдан білсін? Ал қарауындағылардың не істеп, не қойып жүргенін Тасмағамбетова қайдан білсін?! Бірақ...

Соңғы кезде қарауындағылар жазықты болса, басшысы қызметінен қоса кетуі  керек  деген  әңгіме  жиі  айтылып жүр. Оны Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Байменов әлденеше рет айтты. Күні кеше ғана Парламент мәжілісінде жүндей түтілген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков те сол сөзді қызды-қыздымен қайталап қалды. Жоғарыдағылар жиналыс болса бітті, "сендер үшін мен жауап беремін" деп дігірлейтін көрінеді қарамағындағыларға. Солардың бәрі мына тағайындаудан кейін өздері де ойланып қалған шығар. Әлде Ерекең таптырмайтын қат кадр ма екен?

Ол кезде, яғни Денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезінде Ерболат 35 жаста болатын. Білімді, өте білімді. Өмірбаянын ақтарып келіп жіберсеңіз, арысын айтпағанда, берісінде Тұран Әлем Банкінде басқарма төрағасының орынбасары болды, Алматы сауда-финанс Банкінде де сондай қызмет атқарды. Одан кейін Премьер-министрдің кеңесшісі болды, Энергетика, индустрия және сауда министрлігінде вице-министр болды, Қаржы министрлігінде вице-министр, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын және орта бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, содан кейін Қаржы министрі де болды.

1970 жылы дүниеге келген азаматтың осыншама қызметті суша сапырып атқарғанына сүйсінесің, әрине. Президенттің өзі орнынан алып тастарда "Ерболатты құрметтеймін" деген көрінеді.

Бірақ жоғары лауазымды қызметтен кетті екенмін деп, қылы да қисайған жоқ ол жігіттің. Білімді кадр қайда да керектің желеуімен, ҚазИнвестБанкке барып жайғаса кетті.

Жайғасқаны бар болсын, Ерболат бұл жерді де біраз шулатты. Ол жерде не істеп, не қойғанының өзі  – тарих. Айтсаң жыры бітпейді, миың ашып кетеді, тіпті. Бұндай оқиғалардың қыр-сыры осы Ерболат Досаевтың өзіне, сосын Нұрлан Қаппаровқа және соның маңайындағыларға ғана белгілі әңгіме. Сөз болып қалған соң айтамыз, әйтпесе білмеген нәрседе неміз бар?

Ерболат Досаев Алматы энергетика институты мен Мәскеудегі Бауман атындағы мемлекеттік техникалық университетте білім алған. Оқуын бітіргеннен кейін сол кездегі белді компаниялардың бірі "Іскерде" менеджер болып жұмыс істеген. "Іскерден" тәжірибе жинаған Ерболат шынымен де іскер маман болып шықты деседі білетіндер. Содан бастап тасы өрге домалады дейсіз.

"Құдайға шүкір, әлі домалап келе жатыр", – деп өзі іштей масаттанып қоятын шығар. Мойындайықшы, осы 70-ші жылдары дүниеге келген шенеуніктер өз бастарын арашалай алатын қасиетті ерекше меңгерген бе деп қаласың.

"Денсаулық саласының экономикасын "көлеңкеден" алып шығамын", – деп шірене сөйлеген  Ерболат  Досаев  қаржы саласының құлағын  ұстағанда 33 жаста болған екен. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында 31 жасында министр болған Алтынбек Сәрсенбайұлынан кейінгі жас министр. Жастың бас болғаны жақсы-ақ.

Бірақ халықтың жанды жері саналатын денсаулықтың төріне жібереміз деп, аузымыз күйді ғой. Негізі, халықпен тікелей жұмыс істей­тін салаларға ақыл тоқтатқан адамдардың барғаны да дұрыс па деп қалдық. Мұңдасса да, сырласса да жөнін табады, әйтеуір. Біраз өмір көрмесе халықты қалай сендіріп сөйлейді олар?!

Мұны айтып отырған себебіміз, күні кеше ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған Серік Әбденов жастығымен назарымызды аударды. Бар болғаны 35 жаста екен.

"Бұл министрлікке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қайта оралуы мүмкін екен", – деген ақпарат тарағанда, "Оралса оралса екен", – деп тілеген едік. Өйткені, өмірдің ащы-тұщысын бір адамдай көрген адам. Гүлшара Әбдіхалықова да мына Серік Әбденовке қарағанда әлдеқайда көңілімізге жақын сияқты еді. Қанша дегенмен әйелзаты – ана ғой. Зейнеткерге де, бейнеткерге де жағдайын түсініп, аналық жүрекпен қарайтыны бар. Ал Серік өмірдің ащы-тұщысын әлі көріп үлгермеген, орынтақтан орынтаққа секіріп жүрген жас азамат. Зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен халықтың жағдайын қаншалықты ойлай қояр дейсің. Жылағанды жұбата ала ма, мәселе сонда.  

Ал Досаевқа қайта келсек, ол туралы "суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын" кадр деген пікір бар көрінеді. Біздіңше оны суға да батырмай, отқа да жандырмай аман алып қалатын өзінің білімділігі мен бір басына жететін тәжірибесі сияқты. Алайда 2006 жылы Шымкентте ВИЧ індетінен қаза болған 11 баланы, өміріне балта шабылған 207 баланы ойласақ, безіп кеткіміз келеді. Досаев сол халықтың көңіліне түскен қаяуды қайтып кетірер екен? Бізге беймәлім...

Айтпақшы, Forbes.kz сайтының мәліметіне сенсек, Ерекең Қазақстандағы қалтасы қалың 50 байдың тізіміне кіреді екен. Досаевтың байлығы 102 миллион долларды құрайды. Ол Lancaster Group компаниясы акциясының 25 пайызына, ҚазИнвестБанктің 18 пайыз акциясына иелік ететін көрінеді.

Новости Казахстана
Mailfire view pixel