KZ

Мұнайлы өңірде мутант балалар көбейіп барады

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Табиғи өсім көрсеткіші жағынан төртінші орында тұрған Атырау өңірінде соңғы жылдары туу көрсеткіші, соның ішінде егіз балалардың дүниеге келуі жиіледі.

Әйтсе де 500 грамдық шарананың өмірі үшін күні-түні бойы дамыл көрмей жүр­ген ақ желеңді мамандар соңғы жыл­дары облыстағы әйел-аналардың құр­сағында жатқан "қасіретті" тірі жанды көріп, жағаларын ұстауға мәжбүр.

Өткен жылы жүкті болған әйелдердің құрсағындағы 106 шарананың туабітті ақаумен дамып жатқаны УДЗ (ультра дыбыстық диагностика) арқылы белгілі болған. Атыраулық дәрігерлердің сөзіне сенбеген жүкті әйелдердің біразы Астана қаласын айтпағанда қаражаты барлар көрші Ресей еліндегі астрахандық дәрігерлерге барған. Бірақ олар да жүкті әйелдің көңілін көншітерліктей нәтиже айтпаған.

Атырау облыстық перзентхананың гинеколог-дәрігері Алмагүл Қуанышева­ның айтуынша, өкінішке қарай, облыста жүкті әйелдердің құрсағындағы балалар­дың "қорқынышты" болып дамуы қазіргі күні дабыл көтерерлік жағдайға жетіп отыр. Өйткені өткен жылы туабітті ақауы бар 106 жүктілікті тоқтатқан дәрігер ма­ман­дар биылғы жылдың 8 айында жүкті әйелдерді УДЗ арқылы тексергенде олар­дың құрсағындағы небір құбыжық бейне түріндегі 129 шарананың дамып жат­қанын анықтаған.

- Ағымдағы жылдың 8 айында Даун синдромымен облыс бойынша 5 нәресте дүниеге келді. Бұл сәбилерді көтерген әйелдерді ішімдікке не болмаса есірткі тұтынатын, әлеуметтік жағдайы өте нашар адамдар деп айта алмаймыз. Олардың жас шамалары 36-42 жасты құрайды. Соның бірі өзге дінді ұстанатын жас әйел құр­са­ғындағы баласының Даун синдромымен (47,ХХ,+21) туылатынын білсе де жүкті­лік­ті тоқтатуға қарсы болып, 9 ай көтерді, алайда шарана өлі туды. Айтарлығы, бұл жүкті әйелдердің де, олардың күйеулерінің де тұқымдарында Даун синдромымен ауырған дерек жоқ, - деген Алмагүл Әл­пешқызы Даун сирек кездесетін ауру­лар­дың түрі қазіргі күнде жиілеп отырғанын айтып отыр.

Бұның өзін хромосомдық ауруларды қазіргі танда, әйелдердің жүкті кезінде анықтауға жағдайлар жасалғандықтан ерте анықтауға мүмкіндік болып отыр. Ана құр­сағында жатқан шаранаға жабысқан бұл дерттің атауы қандай құлаққа жағым­сыз естілсе, бұл дертке ұшыраған баланың ұзақ өмір сүрмейтіні де адамды қайғыр­татындай хромосомалық ауру түрлері Эдвардс мен Патау синдромдары деп аталады.

Эдвардс синдромы (47,ХХ,+18) деп аталатын түрі ағым­дағы жылдың 8 айында жүкті әйел­дердің ішінде дамып жатқан 3 шаранада анықталып, бір әйел адам жүктілікті тоқ­татса, екеуі босанған. Алайда бұл дертпен туылғандар небәрі 1 ай мерзім ғана өмір сүретінін ескерсек, дәрі­гер­лер тарапынан қаншама күш жұмсал­ғанымен нәрестелер бақилық болған.

Атырау облыстық перзентхананың гинеколог-дәрігері Алмагүл Қуанышева мен дәрігер-генетик Әльфия Таханова­лар­дың айтуынша, жиі туылатын хромосо­ма­лық аурулардың тағы бір түрі Патау син­дромы (47,ХХ+13). Бұл дертке де көптеген ақаулар тән екенін ескерсек, нәресте аман-есен дүниеге келгенімен де оның өмірі бар болғаны 1 аптаға жетер-жетпестей ғана уақыт.

Сонымен, атыраулық дәрігерлерді шошындырып отырған шараналардың іште дамуында орталық жүйке жүйесі ақау­лары бар, жүрек пен асқазан, ішек жолдарында ақауы бар, мойны мен бас терісі біте қалыптасқан, құйымшақ бел бөлігінде өскен еті бар, алтысаусақтылық, миы мүлдем жоқтығы, ергежейлік пен тағы да басқа УДЗ арқылы анықталған ау­рулар түрі бар.

Облыстық перзентхана дәрігерлерін жуырда аса шошындырған тағы бір дерек, бұл жүкті жас ананың құрсағындағы егіз баланың бірінің бас сүйегінің дамы­мағандығы, яғни бас сүйектің мүлдем жоқтығы болып отыр. Дәрігер мамандар жүктілікті тоқтатуға мәжбүр болды.

Аймақта бала туу саны өткен жылы 15 мың 565 болса, ағымдағы жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 10 мың 311-ге жетті. Облыста "егіз бала көбейді" деп қуанға­ны­мызбен 2010 жылы - 46, өткен жылы - 45, биылғы жылдың 8 айында - 34 нәресте о дүниелік болған. Өткен жылы ана құрсағында жатқанда-ақ туабітті ақаулары анықталған шарана саны - 106 болса, Даун синдромына шалдыққандар саны 8-ге жеткен.

Құрсағына біткен тірі жанның өмірін үзуді қаламаған әйелдер Даун синдромына шалдыққан балаларын 9 ай 10 күн көтеріп, тағдыр салған тауқыметке төтеп беруге бел байлап, балаларын асыраудан бас тарт­пайды екен.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина Камелова бір отбасында екі, тіпті үш сәбиі де туабітті ақаумен туылса да әйелдің келесі жүктілігіндегі нәрестенің туабітті ақауы болатынын УДЗ анықтаса да, оған сенбей, жүктілікті ақырына дейін жеткізіп, босануды қалайтын отбасылар бар екенін айтып отыр.

Облыстағы бала туу жасындағы 147 800 әйел болса, оның 64 пайызы экстра­ге­нитальді ауруларға шалдыққан.Облыстық денсаулық сақтау басқар­масы бастығының орынбасары Дина Камелованың айтуынша, адамдардың денсаулығына қоршаған ортаның лас­тануының себептері де тікелей әсер етеді.

- Атырау аймағы климаты мен эко­ло­гиясы жағынан ең қауіпті өңір. Ішіп отыр­ған ауызсудың өзі нашар. Төрт түлік мал азығының өзінде гармондық қоспалар бар. Қазір бұрынғыдай жаңбыр жауып, көк шалғынға оранған құнарлы жайы­лым­дық жер біздің өңірде құрып кеткен. Дүниеге ұрпақ әкелемін деген әйел заты жейтін құнарлы тамақ атымен жоқ. Жеп отырған құнарсыз асымыз, ішіп отыр­ған суымыз бәрі де денсаулығымызға зиян­­ды. Бұған өңір­дегі әйелдердің 50 пайыз­­ға жуығы қауіпті денсаулыққа зиян­ды ортада жұмыс жасайтыны, өз ден­сау­лығына немқұрай­лығын қоссаңыз, дүниеге дені сау ұрпақ қайдан келеді? - деген Дина Базарбайқызы туабітті ақауы бар шаранаға жүкті болуда әйелмен қатар ерлердің де жауапкершілігі бар екенін ескеру керектігін айтады.

Облыстық перзентхана дәрігерлері туабітті ақаулары бар шараналарды құр­сағын­да көтерген әйел аналардың Жылыой ау­даны тұрғындары екенін айтады. Биылғы туабітті ақауы анықталған 129 шарананың 13 дерегі Жылыой ауданы тұрғындарына тиесілі. Бұның өзі климаты да, экологиясы да оңып тұрмаған Атырау өңіріне Ден­саулық сақтау және Қоршаған ортаны қор­ғау министрлігі тарапынан шұғыл ше­шім қабылдайтын қадамдарға бару керек­тігін меңзеп отыр десек болады.

Себебі Жылыой ауданында жиырма жылдан бері Теңіз кенішінде мұнай өндіріліп келеді. Соңғы жылдары қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіріп отырған біріккен кәсіпорынға тиесілі Теңіз кені­шіне қатысты оқыс оқиғалар, тұрғын­дар­дың денсаулығына байланысты деректер жиі айтылып та жазылып та жүрсе де оған назар аударған сала министрліктерінің әрекеттерінің нәтижесін халық көре алмай келеді.

Тайсойған полигонына қатысты Қызылқоға ауданы тұрғындарының есен саулығына назар аударуда самарқаулық танытып келетін Денсаулық пен Қоршаған орта министрліктері Атырау облысындағы "өлім қалашығы" атануға шақ тұрған Жылыой ауданы тұрғындарының да тілегі мен талаптарын әзірге ескеруді ерте деп бағамдаса керек...

Әйтпесе облыстық ден­саулық басқармасы мен экология депар­таменті басшылары, экологтар жыл сайын мінбелерде айтып-ақ жүрген өзекті проб­ле­маларға бір қозғалыстың болмауын немен түсіндіруге болады?..

Қалай десек те, күні кеше Үкімет бас­шысы жаңа тағайындалса да бұрынғы орын­тағын сақтап қалған Денсаулық сақ­тау министрі С.Қайырбекова қазыналы ай­маққа өзі жұмыс сапармен келіп, жағ­дайды көзбен көріп, көңілге түйсе ғана аты­раулықтардың жанын жегідей жеген уайым дертінен айығуға мүмкіндік болар деген сәл ғана үміт бар. Әйтпесе Мақат ауданындағы Болашақ зауыты мұнай өндіруді жүзеге асырған жағдайда "мұ­найлы шаһар" - деп әлемге танылған аймақтың "мутантты аймақ" атанбасына еш­кім де кепілдік бере алмайды.

Новости Казахстана
Мұнайлы өңірде мутант балалар көбейіп барады
Mailfire view pixel