KZ

Көші-қон полициясы елге оралған қандастарды "оралман" деп атамауды сұрады

Расcказать Вконтакте

Бүгін Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясына қатысқан Көші-қон полициясының өкілі Бейімбет Үсіпбек BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында шет елден Атамекенге көшіп келген қандастарды "оралман" деп шеттетуге қатысты өз пікірін білдірді.

"Оралман деген мәртебе ҚР Көші-қон заңы бойынша уақытша берілетін мәртебе. Атамекенге оралған қандасымыз азаматтық алысымен мен сияқты, Сіз сияқты, басқа да қазақстандықтар сияқты тең құқыққа ие. Ал оларды азаматтық алса да "оралман" деп атауға қатысты мәселеге келсек, біздің ойымызша, "оралман" деп емес, "елдес" деп атау керек. Ол Америкада туса да, Қытайда туса да ол еліне оралған азамат, яғни ол біздің елдесіміз", - деді Астана қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бас маманы Б.Үсіпбек.

Бейімбет Әбіқұлұлы сондай-ақ елордаға қоныс аударған қандастарымыздың әлеуметтік проблемалары жайлы сөз қозғады. "Біраз жылдар бұрын Атамекенге оралған қандастарымыздың азаматтық алуы өзекті проблема еді. Қазір ол шешімін тапты. Бірақ, баспана алу мәселесі қиындап кетті. Себебі, елге оралған адам азаматтық алмай тұрып, баспанаға кезекке тұрады. Кезегі 10 жылдан кейін келеді десек, 10 жыл бойы азаматтықсыз жүру мүмкін емес. Азаматтық алғанын көрген соң оларды тізімнен шығарып тастайды. Сондықтан, біз бүгін Мәжіліс депутаттарының да сессияға қатысып отырғанын пайдаланып, үйге өтініш бергендегі оралман мәртебесін сақтай отырып, Атамекенге оралған қандастарға кезегі бойынша баспана беру мәселесін көтердік. Оның алғаш оралман деп тіркелген мәртебесі бойынша үй беру керек, кейін әрине тағы үй алуға жеңілдігі жойылады", - деген Көші-қон полициясының өкілі осы және өзге де мәселелермен айналысатын арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.

Новости Казахстана
Көші-қон полициясы елге оралған қандастарды "оралман" деп атамауды сұрады
Mailfire view pixel