KZ

Қазақстанда "Мұсылмандардың пәктігі" фильміне тосқауыл қойылуы мүмкін

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Мәжіліс депутаттары ислам әлемінде қызу қарсылық тудырған "Мұсылмандардың пәктігі" фильмінің республикамызда көрсетілуіне тыйым салуды ұсынды.

Осылайша, Қазақстан дау-дамай тудырған осы бір фильмнің көрсетіліміне тосқауыл қойылатын елдердің қатарына қосылады. Бұл туралы Мoscow-рost.com хабардар етті.

"Мен біздің Қазақстанда да алдын ала қажетті шаралар қабылдану керек деп есептеймін. Бұл – жол беруге болмайтын жағдай, мұндай фильмдерді, сөзсіз, жабу керек", - деп мәлімдеді мәжілісмен Оңалсын Жұмабеков. Мұсылмандардың ар-намысына нұқсан келтіретін осы бір дау-дамайға толы фильм жайлы өз көзқарасын ҚР Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф те білдірді.

"Мен ҚР СІМ-нің бұл діни дау-дамай туғызатын фильмді шығарушыларды айыптау туралы мәлімдемесін қолдаймын. Оған қоса америкалық елшіні өлтірушілерді де кінәлаймын. Сондықтан СІМ-нің ұстанған бағыты – барлық қазақстандықтар мен Қазақстанның ұстанған бағыты", - деген мемлекеттік қайраткердің сөзінен дәйектеме келтірген BNews.kz.

Айта кетейік, "Мұсылмандардың пәктігі" картинасының шығуы Тунис, Мысыр, Ливия, Үндістан, Йемен және Судан елдерінде жаппай наразылық тудырды. Қарсы шыққан мұсылмандар АҚШ елшілігіне шабуыл жасады, америкалық елші мен АҚШ мемлекеттік департаментінің үш қызметкері өлтірілді. Осыдан соң Батыс елдерінің өкілеттіктеріндегі қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі де дау-дамайға толы фильмді айыптап: "Бұл туынды барлық мұсылмандардың діни сезімін қорлаған. Мұндай арандатушылық жауластықтың күшеюіне, діни қауымдастықтардың жанжалдасуына әсерін тигізіп, сенім мен өркениетаралық диалогтың нығаюына кері әсер етеді", - деді.

Новости Казахстана
Қазақстанда "Мұсылмандардың пәктігі" фильміне тосқауыл қойылуы мүмкін
Mailfire view pixel