KZ

Моноқалаларды дамытуға 2013 жылы қомақты қаржы жұмсалады

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Ақтөбеде "Аймақтарды дамытудың жаңа жолдары" деген тақырыпта өткен кеңесте моноқалаларды дамыту мәселесі сөз болды, деп хабарлайды BNews.kz.

ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің аймақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, аталған бағдарлама бойынша биылғы жылы 27 моноқалаға 6 млрд теңге бөлінген. 2013 жылы аталған бағдарламаға 38,3 млрд теңге бөлініп, қаржы қараусыз қалған ғимараттарды бұзуға, инфрақұрылым нысандарын салуға және жаңартуға, шағын және орта бизнесті дамыту мен басқа ағымдағы шығындарға жұмсалады.

Әрі бағдарламаның басты бағыты қалалық әкімшіліктерге инвесторлар тартып, маңызды жобаларды жүзеге асыру. "Аймақтарды дамыту" бағдарламасы бойынша негізінен шағын қалалар мен ірі ауылдық елді мекендердің коммуналдық-инженерлік инфрақұрылымдары қалыпқа келтіріледі. Елімізде 41 шағын қала болса, оларда 876,4 мың адам тұрып жатыр. Бұл жалпы халықтың 5 % құрайды. Ал 504 ірі ауылдық елді мекендерде 2 057 235 адам өмір сүреді.

Оларға 2013 жылы 23,5 млрд теңге, 2012 жылы 14 млрд теңге бөлінеді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру моно және шағын қалалардың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, бұған қоса жаңадан экономикалық өсім орталықтары ашылады. Бағдарлама бойынша халықты жұмыспен қамту мәселесі де қарастырылған. Бұл мақсатқа 2012 жылы ауылдық елді мекендерге 10 млрд теңге бөлініп, 7 500 аса жұмыс орындары ашылды.

Келесі жылы қаржыландыру бұдан да артып, 43,5 млрд теңгеге жетеді. Семинарда "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша ауылға оралған жас мамандарды қолдау туралы да айтылды. Жиында айтылған мәліметке қарағанда, 2013 жылы 8 млрд теңге бөлінбек. 2009-2012 жылдары 20,8 мың жас маман ауылға аттанған. Оларға бір реттік көтерме жәрдемақы мен баспана алуға несие беріледі. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі қыркүйек-қазан айларында еліміздің барлық аймақтарында осындай семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.

Новости Казахстана
Моноқалаларды дамытуға 2013 жылы қомақты қаржы жұмсалады
Mailfire view pixel