KZ

Қызылордада дәрігерлердің салғырттығынан жүкті әйел қаза тапты

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Жаңақорған ауданы Әбдіқаппар ауылының 43 жастағы тұрғыны төртінші баласына жүкті болған. Ол шағымын айтып, жергілікті дәрігерлерге қаралған. Алайда, сырқат келіншекті олар қарбыздан уланған деп емдеген.

Кейіннен Гауһар Ердібаеваның сары аурумен ауырғандығы анықталған. Енді марқұмның артында қалған 3 баласы суретіне қарап жолын тосып жүр. Сәби жүрек аналарының қайта оралмайтындығына әлі сенбейді.

ГАУҺАР ЕРДІБАЕВАНЫҢ БАЛАЛАРЫ:

— Маманы сағындым, күнде күтеміз.

— Мен маманы қатты сағындым. Емханадан шығып келеді екен деп ойлаймын. Больницадан аман-есен шығып келсін.

Марқұм Гауһар Ердібаева осы үйдің үлкен келіні. Ол Жаңақорған ауданына қарасты Әбдіқаппар ауылында ұстаздық еткен. Бірақ төртінші баласына аяғы ауыр кезде денсаулығы сыр береді. Жергілікті дәрігерлер диагнозын дөп басып айта алмайды.

ТҮРСҰЛУ, АҚЖІГІТОВА, ФЕЛЬДШЕР:

— Қарбыздан уланды деген диагноз мұнда қойылған жоқ. Ал, Ердібаева Гауһардың өзінде-де ондай шағым болған жоқ. Аға дәрігер қарады. Кейін күндізгі емдеу бөліміне түсіретін кезде екеуміз бірге отырып қарап, күндізгі емдеу бөліміне анемиясын емдеуге алдық. Келіншектің сары ауруға шалдыққанын облыстық аурухана дәрігерлері дөп басып айтқан. "Бірақ сырқаты меңдеп кеткен келіншекті емдеу ол кезде тым кеш еді",- дейді мамандар.

ЛӘЙЛӘ ҚҰЛТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

— Бұл кісіні біз условно предврататимаяға жатқыздық. Себебі, ол созылмалы гепатит "В" болып шықты. Ол дегеніміз бұрынан ауырып келе жатқан. Бірақ екіқабат кезінде өршіген.

Қызылордаға келген соң құрсағындағы сегіз айлық баланың шетінеп кеткендігі белгілі болған. Сөйтіп, облыстық және республикалық санитарлық авиация дәрігерлері сырқатты аман алып қалу үшін 17 тәулік бойы күрескен. Бірақ адамның емес, ажалдың көздегені болды. Алайда, келіншектің жанұясы "бұл ауылдық дәрігерлердің жауапсыздығынан" деп отыр.

ҚОЖАМҰРАТ ӘУЕЛБЕКОВ, ГАУҺАРДЫҢ ҚАЙЫН АТАСЫ:

— "Ең болмағанда бір апта бұрын алып келгенде аман алып қалуға мүмкіншілік бар еді" деген әңгімелер айтылды. Бұл жер енді Әбдіқаппар ауылы дәрігерлерінің салғырт-салақтығынан, дер кезінде көмек бере алмағандығынан деп, бізге солай түсіндірді.

Қазір бұл істі құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Жүкті ананың өліміне кім кінәлі екені медициналық сараптама қорытындысы шыққан соң белгілі болмақ.

Новости Казахстана
Қызылордада дәрігерлердің салғырттығынан жүкті әйел қаза тапты
Mailfire view pixel