KZ

Павлодар облысында Елена Малышеваның "әріптестері" зейнеткерді алдап соққан

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Павлодар облысында өздерін Ресейдегі танымал тележүргізуші Елена Малышеваның әріптестеріміз деп таныстырған алаяқтар зейнеткерлерді алдап, ақша өндіріп жүргенге ұқсайды, деп жазады "Мегаполис" газеті.

"Үйіме бір топ ер адам келді, араларындағы біреуінің жасы шамамен 50-де. Олар өздерін "Здоровье" бағдарламасының жүргізушісі Елена Малышеваның әріптестеріміз деп таныстырды. Мен Елена Малышева жүргізетін бағдарламаны жақсы көріп, үзбей қарайтындықтан, күтпеген қонақтарды үйіме кіргіздім", - дейді Баянауыл ауданында тұратын 88 жастағы соғыс адагері Тимофей Степанович.

Үй иесі мәскеулік "қонақтардан" қандай бұйымтаймен жүргендерін сұрағанда, олар алдағы шекара ынтымақтастығы жөніндегі форумға Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Елена Малышева да келе жатыр деп "сүйінші" жаңалық айтқан.

Алаяқтар ардагерді танымал тележүргізуші өзінің ток-шоуы аясында түсірілім жүргізуді жоспарлап отырғанын, соған орай, зейнеткерлер мен ардагерлерге кез келген дертке дауа болатын бірегей емдеу құралдары тегін таратылып жатқанына сендіреді. "Соны айтты да, маған емдеу аппараты салынған үлкен қорапты сыйға тартты. Бұл аппарат нарықта 200 мың теңгеден сатылатынын айтқан олар, жоғарыдағы айтулы оқиғаға орай аппарат маған тегін беріліп отырғанын жеткізді", - дейді Тимофей Степанович.

Алаяқтар бірінші сыйлықтан кейін құны 150 мың теңге тұрады деген екінші аппаратты, одан кейін құны 100 мың теңге тұратын үшінші аппаратты зейнеткердің қолына ұстатқан. Тегін сыйлық таратып болған соң олар ақша туралы сөз қозғайды.

"Маған үш аппарат та тегін беріліп отырғанын, алайда оларды жеткізіп берген үшін ақша төлеу керектігін айтты да 49 мың теңге сұрады. Мен әрине, ондай ақша жоқ екенін айттым. Олар ең үлкен қорапты кері қайтарып алып, тым болмаса қалған екі аппаратты әкеліп бергендері үшін ақша беруімді сұрады. Оған да ақша жоқ екенін айтқанда, екінші қорапты да алып алды. Шынымды айтсам, соңында оларды үйімнен шығара алмай әлекке түстім. Содан небары 2 мың теңге сұрағанда, ақшасын төледім. Үшінші қорапты алмай, маған тастап кетті", - дейді зейнеткер.

Елена Малышеваның "әріптестері" кеткен соң Тимофей Степанович аппарат салынған қорапты ашып, санын соғып қалады. Қорап ішінде 100 мың теңгенің емдеу құралы емес, Қытайда жасалған арзан шаш кептіргіш табылған. Зейнеткер полицияға бармағанымен, бұл туралы ақпарат беруді жөн санапты.

Новости Казахстана
Павлодар облысында Елена Малышеваның "әріптестері" зейнеткерді алдап соққан
Mailfire view pixel