KZ

Апат үстінде адам тонайтындар пайда болды

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

"Көлік шыр айналып, аударылып түскеннен кейін ештеңені білмеймін. Есімді жисам, жиналған адамдар сүйрелеп сыртқа шығарып жатыр. Жан-жағыма меңіреу күйде көз салсам, қанға боялған күйеуімнің қойны-қонышына әлдекімдер қол жүгіртіп әлек. Менің де басымды сүйемелдеп жатқан кезде талықсып кеттім..."

Бұл - жақында жол-көлік апатынан жұбайы қайтыс болған танысымызға көңіл айтып барғанда айтылған әңгіме. Ауруханада ес жиған келіншек кейіннен отағасының көз жұмғанын естиді. У-шуы, жылап-сықтауы басылған соң, бар-жоғын түгелдегенде сапарға шыққанда күйеуінің қалтасына салған біраз қаражаттың орнын сипап қалады. Тіптен оқиға кезінде көмектескенсіп жүргендер алтын сақина-сырғасын да сыпырып алыпты.

Ел ортасынан соңғы жылдары осы сарындағы сорақылықтарды құлағымыз жиі шалады. Сұғанақтықтың сан түрін естіп, біліп жүрсек те, апатқа ұрынып, өлім мен өмірдің арасында арпалысқан, қып-қызыл қанға боялған денелерді аударып-төңкеріп, тіміскілейтіндерді көз алдыңызға елестетіп көріңізші...

Тұла бойың түршігіп, айтарға сөз де таппайсың. Иә, кейінгі кездері жол үстінде күтпеген қатерге кезіккен екі көліктің бірі тонауға ұшырайтындай. "Мұндай суыққолдылыққа кім барады?" деген заңды сауал туындайды. Кездейсоқ жолаушылар немесе жол полиция қызметкерлері, әлде жедел жәрдем мамандары ма? Кім болса да әйтеуір адам ғой, түнектен шыққан жын-пері емес.

Керек десеңіз, бұрындары жол үстінде көліктер апатқа ұшыраса, ары-бері ағылғандар лезде тоқтап, жапа-тармағай көмекке ұмтылатын.

Ал қазір ше, біріншіден, тоқтауы қиын, екіншіден, тоқтаса да көмек көрсетуге емес, қойны-қонышын ақтарып, тонауға баратындай. Әрине, әлі де адамгершілікті ұмытпай, кісі баласына көмегін аямайтындар жайында сөз басқа. Дегенмен жәбірленушілер көп ретте шағымданбаған соң, ұры ұсталмаған соң, ешкімді де көзге шұқи алмайсың. Жаны жаһаннамға аттанған адамға ештеңенің керегі жоқ. Оқыс оқиғадан соң о дүниеден оралғандай күй кешетіндер де қолды болған дүниесін "құдайы" деп көңіл жұбатады.

Біз де дүние даулап отырғанымыз жоқ, иман, адамгершілік, ар-ұят сұрап отырмыз. Шыбын жанын шүберекке түйіп, жолға кім шықпайды?! Қанша жерден өркениеттің жалына жармассақ та кездейсоқ оқиғадан ешкім де сақтандырылмаған ғой. Үстіміздегі жеті айда Қазақстан жолдарында жеті мыңға жуық жол-көлік оқиғалары орын алыпты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға артып кеткен. Соның салдарынан 1415 адам көз жұмып, 8604-і дене жарақатымен ауруханаға түскен.

Жыл сайын елімізде қаншама жолдар жаңартылып, апаттардың алдын алу үшін түрлі-түрлі амалдар қарастырылуда. Сонда да күре жолдағы оқиғалардың күн санап күрт көтерілуінің себебі неде? Ертеректе қазақтың қадірлі ақсақалдарының "бүлінгеннен бүлдіргі алма" деп, жақын-жуығына даулы, бұзылған, тоналған тұстан сабақты ине де алдырмайтыны осындайда ойға оралады. Өйткені "қырсық шалған жердегі сәтсіздік пен бақытсыздыққа біз де тап болмайық" деп, үзілді-кесілді бас тартатын ақсақалдардың да бір білгені бар шығар.

Ал қазір тірілерді қойып, өлгенді де тонауға көшті. Кейде маған жол апатының жиілей түсуіне қайғыға ұшыраған көліктегілердің қалтасын қақшып алатындардың қатысы бар сияқты көрінеді.

Есеңгіреп, екі дүниенің ортасында тұрған адамға көмектесудің орнына, "ешкім көрмейді" деп тінткілеп, барын жымқырып кету - жақсылыққа жетелемесі анық . ...Соғыс кезіндегі естеліктерді оқып отырып, бір-біріне өте ұқсас деректерді жиі кездестіремін. Дүние шіркінді қойсаңызшы, қан майданда, бораған оқтың астында қалса да кейбір дүниеқоңыздар өліктерді аралап, ақша, алтын сағат пен сақина жинайды.

Ажал секунд санап төбесінен төніп тұрса да, оны жарататын жер табылмаса да, кейбіреулер байлық десе, есін жоғалтып, тіптен өмірін де ұмытады. Әрине, ұсталғандары әскери трибуналға тартылады, сотталады. Ал байқалмай құтылғандар... байлықтың қызығын көреді дейсіз бе?! Тіптен олай емес, көп ұзамай ажал құшады.

Соғыстың ырымы солай, өліктің үстінен зат шешіп алған адам да соның соңынан аттанады екен. Адам баласының өмірі жол үстінде өтетіндіктен, тағдырың тәңірінің таразысына тартылып тұр емес пе?! Жол бойындағы пендәуи парықсыз тірлік үшін таразының қай басының басатындығы талассыз ғой... Дегенмен ниеті түзу жанның жолы да оңынан болатындығын ұмытпағайсыз.

Новости Казахстана
Апат үстінде адам тонайтындар пайда болды
Mailfire view pixel