KZ

Қазақстан каскадерлері әлемнің үздік үштігіне кірді

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Қазақ каскадерлері қазір тек өз еліміз бен алыс-жақын шетелдерде ғана емес, сонымен қатар Голливудта да үлкен сұранысқа ие екен. Бұл туралы КТК арнасының  "Астарлы ақиқат" бағдарламасы хабарлайды.

"Номад" тобының жетекшісі  Жайдарбек Кунгужинов жуырда "Неудержимые-2" фильмінің түсірілім жұмыстарына қатысқандарын айтады. Бұл лентада басты рольдерді Голливудтың басты "баскесерлері" Сильвестер Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Брюс Уиллис, Джейсон Стэтхем және тағы басқа әйгілі актерлер сомдайды.

Топтың негізін қалаған Жайдарбек Кунгужинов - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, каскадер, жоғарғы категориядағы трюктер қоюшы, Кинематографистер одағының мүшесі, Халықаралық трюк өнері фестивальдерінің көп дүркін жүлдегері.

Айтуынша, голливудтық фильмді түсіру барысында 1 каскадер қаза тауыпты. Абырой болғанда, еліміздің майталмандары дін-аман. Жалпы, бұл қауіпті жұмыстардың бірі болып есептеледі. Жыл сайын әлемде 2-3 каскадер көз жұмады.

Басын қауіп-қатерге тігетін бұл жандардың қызметі  бір апта үшін 800 АҚШ долларынан бастап бағаланады. Қазақ каскадерлері әлемнің үздік каскадерлерінің үштігіне кіретіндіктен, аптасына 1700 АҚШ долларын нәпақа қылады екен. Айта кетсек, үштікті испан каскадерлері бастаса, екінші орында - Қазақстан каскадерлері, ал үшінші орында - ағылшын каскадерлері жайғасқан.

Дегенмен қызығы мен шыжығы жетерлік бұл кәсіпті өмірлік серік еткендер үшін ең бастысы - жұмысына жан-тәнімен беріліп, қызметін сүю екен.

Новости Казахстана
Қазақстан каскадерлері әлемнің үздік үштігіне кірді
Mailfire view pixel