KZ

Шекарашы Денис Рейдің туыстары Бас прокуратураға шағымданбақ

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

"Арқанкерген" шекара бекетінің сарбазы Денис Рейдің туған-туыстары ұлдарының тағдырын білу мақсатында еліміздің Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағымданбақ, деп хабарлайды tengrinews.kz.

"Ұлыма не болғанын және оның қайда екенін біле алмай сансырап отырғаныма үш апта болды. Мәйіттері танылмаған шекарашыларға сараптама жүргіземіз деп уәде берген, жүргізілді ме, жоқ па, оны да білмеймін. Сондықтан біз Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағымданбақпыз. Бізге керегі бір-ақ нәрсе - ұлымызға қатысты ақпарат. Егер ол өлген болса денесін берсін. Енді тым болмаса ұлымыздың сүйегін жер қойнына тапсыруға мұрша берсінші",- дейді Татьяна Рей.

Шекарашының анасы Сарбаздар аналары комитетіне шағымданыпты және Павлодар облысы әкімінің блогына да жазба қалдырыпты. "Көп нәрсені талап етіп отырған жоқпыз. Тек бір дерегін берсінші. Ұлыммен соңғы рет телефон арқылы сөйлескеніме тура бір ай болды. Шекара бекетінде не болғанын тек жаңалықтар арқылы ғана біліп отырмын. Әлі ешкім де бізге ресми хабарлама берген жоқ. Біз денесі әлі танылмаған үшаралдық сарбаздың ата-анасымен байланыстамыз. Олар да тура біз секілді ұлдарының тағдырынан бейхабар" дейді Денис Рейдің ата-анасы.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының аумағындағы "Арқанкерген" шекара бекетінде мамырдың 30-ы күні бірнеше шекарашының мәйіті табылды. Кейіннен қаза тапқандардың 15 адам екені анықталды. Олардың 14-і шекарашы, 1-і қорықшы. Осы оқиғадан бірнеше күннен кейін "Арқанкергенде" тірі қалған жалғыз шекарашы - Владислав Челах табылып, ұсталды.

Артынша Бас прокуратура Челахтың өз қызметтестерін жалғыз өлтіргенін мойындағанын мәлімдеді. Арқанкергенге Алматы, Павлодар және Атырау облыстарынан барған үш шекарашы - Рүстем Ақылбаев, Денис Рей және Мейірхан Именовтың мүрделері әзірге танылған жоқ.

Новости Казахстана
Шекарашы Денис Рейдің туыстары Бас прокуратураға шағымданбақ
Mailfire view pixel