KZ

Жазушы Дулат Исабеков жемқорлықпен күресудің жолын тапты

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Жазушы, комедиялық пьесалардың авторы Дулат Исабеков шенеуніктерге ұсталмаудың жаңа жолын ұсынып отыр. Оның айтуынша, жемқорлықтың қазіргі ұраны - "Сотталмайын десең, көп же".

Жазушы көршісінің шөбін ұрлағандардың бірнеше жылға кетіп, миллиардтарды талан-таражға салғандардың рақымшылыққа ілігетінін әділетсіздік деп есептейді. Ал, әріптесіміз Мақсат Толықбай кімнің қанша ақша алып, неше жылға сотталғанын анықтап көрді.

Қарағандының қаржы полициясының тергеушісі пара алудан рекорд жаңғыртты. Қызметін асыра пайдаланғысы келген ол 550 миллион теңге пара алам деп тура жолдан тайды. Тіпті әріптестерінің қолынан қармаққа түсем деп ойламаған.

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, ТІЛШІ:

-Қарағандылық қарапайым тергеушінің заңсыз жолмен алған 550 миллион теңгесін он мыңдық купюра ретінде таразыға салып өлшейтін болсаңыз, шамамен 32 кг болады. Мынадай бір қап ұнның салмағына тең ақша алған деген сөз. Ал, ол қаржыға мына тұрған 52 пәтері бар 9 қабатты тұрғын үйді тұтастай сатып алуға болады.Мемлекет қаржысын талан-таражға салып, қазына қалтасына қол сұққандардың саны өткен жылдың өзінде 1000-нан асып жығылды. Бірі ұсталса екіншісі бас көтереді. Ал, Жазушы Дулат Исабеков жемқорлықтың белең алуын шынайы қадағалау мен тәртіптің жоқтығынан көреді. Тауық ұрлағандардың түрмеге түсіп, миллиондап жегендердің рақымшылыққа ілігуі осының дәлелі дейді.

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ, ЖАЗУШЫ:

- 2 мың, 5 мың алған адамдарды қолға түсірдік деп аяусыз жазалайды. Ал, миллиондап жегендер сот үстінде амнистияға ілігіп кетеді. Сондықтан, қазіргі Жемқорлықтың басты ұраны сотталмаймын десең, көп же.

Расында да, мемлекет қаржысын неғұрлым көп талан-таражға салғандардың жазасы соғұрлым аз. Сотталғандардың ішіндегі ең ауыр жаза "Қазатомөнеркәсібінің” экс-президенті Мұхтар Жәкішевке кесілді. 14 жыл. Қазынаның 110 млн теңгесіне қол салған үшін.

Ал, екінші орында Зырян қалалық жол полициясы бөлімшесінің бастығы Қанапин есімді азамат. Ол бар болғаны 60 мың теңге пара алғаны үшін 7 жылға қамалған. "Қазақтелекомның" экс-президенті Серік Бүркітбаевтың да жазасы ауыр. 2,4 млрд теңге жегені үшін 6 жылға сотталды.

Мемлекеттің 1 миллиард 172 миллион теңгесін қалтасына басқан бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақов 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Одан кейінгі орында Оңтүстік Қазақстан облысының медицина қызметкері Сәткенова ханым. Ол біреуден 10 мың теңге алғаны үшін 4 жылға жабылды.

Ал, Күлекеев 100 мың доллар алғаны үшін 3 жылға жаза кесілсе, 1 млрд теңге жымқырған Көлік және байланыс министрі Абылай Мырзахметовты сот тек шарты түрде ғана соттады. Ал, ең қомақты қаржы қымқырған бұрынғы Денсаулық министрі Жақсылық Досқалиев президенттің рақымшылығымен қамаудан босатылды. Ал, Храпунов, Әбләзов Еуропада армансыз шалқып жүр қазір.

Новости Казахстана
Жазушы Дулат Исабеков жемқорлықпен күресудің жолын тапты
Mailfire view pixel