KZ

Алматыда "Тимур және оның командасы" құрылады

Расcказать Вконтакте

Алматылық студенттер "Тимур және оның командасы" акциясының аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жыл бойы көмектесіп тұратын болды.

Бұл туралы жұртшылықты Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының бастығы Санжар Боқаев хабардар етті.

- Жыл сайын байқайтынымыз, жалпы қоғам, оның ішінде жастар ардагерлерге 9 мамыр мерекесі қарсаңында ғана көңіл бөледі. Алайда біз бұл жобамызды енді тұрақты, жыл бойы жұмыс істейтіндей етіп құратын боламыз. Бұл қоғамдық ұйымның атауын "Тимур және оның командасы" деп шештік. Өйткені "тимурлықтар" қозғалысы үлкендердің есінде мұқтаж қарт жандарға көмектесетін балалар тобы ретінде қалғаны белгілі,- деп мәлімдеді Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының бастығы Санжар Боқаев.

Боқаевтың айтуынша, "Үлкенге құрмет - кішіге ізет" акциясы "жастардың бүгінгі бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, қызығын көріп отыруы үшін жандарын аямаған аға ұрпақ алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін" қарастырады. Акция аясында еріктілер Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің арнайы құжаттарымен танысады, тіркелген арнайы қағазда ардагерлердің қазіргі өмір сүру жағдайы мен тұрмысы, неге мұқтаж екені, қандай көмекті керек ететіні жазылады. Әр еріктіге бір ардагерден тіркеліп, ол сол қартқа жыл бойы көмектесіп тұратын болады.

- Бүгінгі күні топқа 120-ға жуық адам тартылды, бірақ еріктілердің саны одан да артып отырғанын айта кетуге тиіспіз, біз бір жылда 500-ден аса адамды топқа тартып, жалынды жұмыс жүргізе аламыз, - дейді қалалық жастар саясаты басқармасының бастығы Санжар Боқаев.

Оның айтуынша, шара аясында әзірге көмек пен қолдауға мұқтаж 100-ге жуық ардагерге қолғабыс көрсету жоспарланып отыр. Акция ең алдымен қаланың ең шалғай аумағы Түркісіб ауданында қолға алынады, бірақ қамқорлық акциясы біртіндеп оңтүстік астананың барлық ардагерлерін қамтитын болады. Қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы еріктілер қатарына бизнес-қоғамдастық өкілдері де қосылатынына үміт білдірді.

- Бұл қайырымдылық, қамқорлық іс-шарасына бизнес саласының өкілдері де үн қатып, сақтандыру компаниялары, медициналық қызмет көрсету орталықтары да қосылып, ардагерлерге бір жылға сертификат берсе деп ойлаймыз. Сонда ғана қарттар кез келген уақытта келіп, тексеруден өтіп, сапалы медициналық қызметке ие бола алатын еді. Аталған іс-шараға үн қосатындар табылып жатса, біз қаржы көзін тауып, 50 пайыз жеңілдікпен болса да, сатып алуға дайынбыз, - деді басқарма басшысы.

Бұл әзірге жоба түрінде ғана, бірақ алдағы уақытта оны қолдаушылар саны көбейіп, қаржы көзі табылып қалуы ықтимал.

Новости Казахстана
Алматыда "Тимур және оның командасы" құрылады
Mailfire view pixel