Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елбасы Батыр Баянның бейнесін сомдаған актер Жұмахан Әбдіқадыровқа 5 млн теңге берді

Опубликовано:

Мағжан Жұма­баев­тың белгілі дастаны бой­ынша экранға шыққан "Батыр Баян" фильмі әлі күнге дейін қазақ киноэкранынан түспей келеді. Осы кинотуындыда Батыр Баянның бейнесін театр және кино актері, еңселі келген бой­ы­на ерекше таланты жарасқан Жұмахан Әбдіқадыров сом­дай­ды.

Бірақ, өкінішке қарай, өне­рі жұрт көңілінен шыққан осы еңбекқор актер біраз жыл бұ­рын шығармашылық қызмет­пен сапарда жүрген кезінде жол-көлік апатына ұшырап, мүгедек болып қалған еді. Тағдыр тауқыметіне не шара, осыдан кейін ол театрдан кетіп, Тараз қаласының шетіндегі авто­тұ­рақтардың бірінде қарауыл бо­лып жүрді.

Сахнаға да оралып көрді. Бірақ сынған сүйек икемге келе қоймады. Дәрігерге де қа­рал­ды, емшіге де барды. Бірнеше рет отаға да түсті. Бұл туралы кезінде республикалық газеттерде көп жазылды. Жұмаханның ендігі үміті - шет­елдік оташылардың көмегіне жүгініп көру. Бірақ ол жаққа бару, келу, ота жасатып, ем-дом алу үлкен қаржыны қажет ететіні белгілі.

Осы жағдайдан хабардар болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында актерге қа­жет­ті қаражатты бөлуге пәрмен бер­ді. Ол соманы, елі­міз­дің Тұңғыш Президенті қоры аудар­ды. Қазақ халқының бос­тан­дығы жолында күрескен Батыр Баян­ның бейнесін сомдап, бүгінгі ұр­пақ­ты ел тарихын біліп, құрмет­теуге үлес қосқан әртіс үшін бұл үлкен құрмет болатын.

Жақында газеттің облыстағы меншікті тілшісінің қосынына актер Жұмахан Әбдіқадыровтың жары, талантты актриса Гүлшат Қыпшақова хабарласып:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Батыр Баян" фильмінің алғашқы дубльдері басталар кезде түсіру алаңына арнайы келіп, шығармашылық жұмысымызға ақ жол тілеген болатын. Елбасы үмітін режиссер де, актерлер де ақтады. Енді, міне, сол фильмдегі басты рөлді ойнаған Жұ­махан тағдыр тауқыметіне ұшы­рап, мүгедек болып қалған кезде Президент тағы да көмек қолын созып отыр. Бүгінде жұбайымның атына ашылған есеп-шотқа Елбасы қорынан 5 млн. теңге қаражат келіп түсті. Біз мұны қазақ театры мен кино өнеріне деген елдік қам­қорлық деп білеміз, - деген еді өзінің жүрекжарды қуанышын жасыра алмай.

Бүгінде облыстық қазақ драма театрының актрисасы Гүлшат Қыпшақова сүйікті жары Жұмаханның аяғынан тік тұрып кетуі үшін шетелдік оташы-дәрігерлермен сөйлесіп, қажетті құжаттарын дайындау үстінде", - деп жазады "Егемен Қазақстан" басылымы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/217392-elbasy-batyr-bayannyn-bejnesin-somdagan-akter-zhymahan-ebdikadyrovka-5-mln-tenge-berdi/

pixel