KZ

Мектеп мұғалімдерінің ақша жинауға құқығы жоқ

Расcказать Вконтакте

Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың блогында Алтын есімді қала тұрғыны баласы оқитын мектепте оқу жылының аяғында 3000 теңге тапсыруды талап етіп отырғанын жазып шағымданған.

Хат авторы сонымен қатар баласымен бірге оқитын көпбалалы отбасынан шыққан сыныптастарының бірін жазғы лагерьге жіберу үшін де ақша жинау керек екендігін айтады. Жыл сайын мектептің жөндеу жұмыстары мен бөтен балалардың демалысын ұйымдастыру үшін өзгелер қалтасынан неге қаражат шығаруы тиіс деген наразы ата-ана әкімнің бұл мәселеге араласуын өтініпті.

Бұған қала басшысы аталған мектепке хатта келтірілген мәселелердің орын алған-алмағанын тексеруге тиісті құзырлы мекеме мамандарын жібергенін жеткізді. "Егер де аталған фактінің орын алғаны расталса, онда оқушылардан ақша жинаумен айналысқан педагог пен мектеп директоры қатаң түрде жазаланады", - делінген әкімнің жауабында. Иманғали Тасмағамбетов Білім және ғылым министрлігі мен Астана қаласының Білім беру басқармасының тиісті Бұйрығын бұзған ұстаздар тіпті қызметтерінен айырылып қалуы мүмкін екендігін ескертті. 

Сондай-ақ осындай мазмұндағы хат Алматы қаласы әкімінің блогына да келіп түскен. Онда "мектеп оқушыларынан ақша жинауға болмайды, оны қаржыландыратын мемлекет" екендігін алға тартқан ата-ана  балалары білім алып жатқан мектеп мұғалімдері тарапынан ақша жинау тыйылмай тұрғанына шағымданады.

Хат авторының жазуынша, бас тартқан ата-аналар табылса, мұғалімдер "ақшаны мектепке емес, классқа жинаймыз!" деп ақталатын көрінеді. Оқу жылының басында 10 000 теңге, жыл аяғында да осындай сома тапсыратындарына наразы Алматы тұрғындары әкімге мұны қалай тоқтатса болады деген сауал қояды.  Жолдауда: "Класс мектептің сыртында тұрған жоқ қой", -  деп келтірілген.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов те астаналық әріптесі сияқты қаладағы мемлекеттік мектептер бюджет қаражаты есібінен қаржыландырады деп жауап береді. "Білім басқармасының 23.12.2011 жылғы №562 бұйрығына сәйкес ата-аналардан, оқушылар мен тәрбиеленушілерден мектептің, сыныптың қажеттіліктері үшін ақша жинауға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, демеушілік және қайырымдылық есепшоттарға мәжбүрлеумен ақша жинау заң бұзушылық болып есептеледі", - делінген шахар басшысының жауабында.

Новости Казахстана
Мектеп мұғалімдерінің ақша жинауға құқығы жоқ
Mailfire view pixel