KZ

Қазақстанда телефон алаяқтығына қарсы шаралар қолға алынды

Расcказать Вконтакте

Телефон, ұялы байланыс және Интернет желісіне қолжетімділік қызметтерін ұсыну туралы жаңа Ережелер өз күшіне енді, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, телефон, ұялы байланыс және Интернет желісіне қолжетімділік қызметтерін ұсыну туралы жаңа Ережелер абоненттерді жоспарланбаған шығынданудан қорғайды. Егер бұрын байланыс операторы желіні модернизациялағанда немесе аналогтық станцияны цифрлық станцияға ауыстырғанда, абонент нөмірінің өзгергенін БАҚ арқылы хабарлап келген болса, енді жаңа ережелерге сәйкес оператор ондай өзгертулер туралы әрбір абонентті алдын-ала пошта хабарламасы арқылы жеке ескертетін болады.

Абонент пен байланыс операторы арасындағы өзара есеп айырысу тәртібіне едәуір толықтырулар енгізілді. Енді байланыс операторы абонентті, егер ол "ақылы" қызметтер тобына қатысты (интеллектуалдық платформа қызметтері: лотерея, дауыс беру, сөзжұмбақ, анықтамалық-ақпараттық қызмет, танысу қызметі) қоңырау шалған жағдайда соғылған қоңыраудың құны туралы хабардар етуге міндетті. Дәл осындай талаптар ұялы байланыс операторларына да қойылып отыр.

Бұдан өзге, егер абонент лотерея, сөзжұмбақ, телевикторина ойындарына қатысу үшін SMS-хабарлама жіберетін болса, байланыс операторы абонентке қысқаша хабарлама жіберу арқылы аталған SMS-хабарламаның құны туралы ескертуі тиіс.

Бұл қызмет үшін төлемақы абонент аталған хабарламаны жібергенін растағаннан кейін ғана алынуы керек (растау үшін жіберілген хабарламаға төлемақы алынбайды). ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сарсеновтың айтуы бойынша, "аталған шара өткен жылы телефон арқылы алаяқтық жасаудың жиі көрініс беруіне байланысты қабылданып отыр.

Абоненттер интеллектуалдық платформа нөмірлеріне оның ақылы екенін білмей қоңырау соғып, нәтижесінде мыңдаған теңгелік қомақты сома жазылған шоттар алған болатын". "Ережеге енгізілген толықтыруға сәйкес, егер байланыс операторы абонентті бұл байланыс қызметінің құны туралы хабарламаған жағдайда, абонент аталған байланыс қызметі үшін берілген шот бойынша төлем жүргізбеуге құқылы", – деп атап өтті вице-министр.

Телефон, ұялы байланыс және Интернет желісіне қолжетімділік қызметтері туралы жаңартылған ережеде абонентті "минустық баланстан" қорғайтын қызмет түрі де қарастырылған.

Сәкен Сарсеновтың айрықша атап өтуіне қарағанда, "бұл шетелге шығатын абоненттер үшін өзекті болып табылады. Өйткені, азаматтардың шетелден елге қайтып оралғанда өзінің жеке шотындағы барлық қаражатты толығымен жұмсап қана қоймай, байланыс операторына қарыз болып қалатын жағдайлары жиі кездеседі".

Ендігі уақытта, ереже бойынша, абонент өзінің жеке шотындағы сомаға қызмет түрін алатын болады (ол роумингте ме, әлде үйдегі желіде ме, оған байланысты емес). Егер абоненттің қаржысы таусылса, яғни "минус" болса, ол бұл соманы өтемеуге құқылы. Бұл сондай-ақ, ұялы байланыс желісінде деректерді беру қызметіне де қатысты. Кредиттік нұсқадағы абоненттер шығу байланысы қызметі тоқтатылатын лимит шегін белгілеуіне болады.

Ережеде роуминг қызметіне қосылудың ең төменгі сомасы екі айлық есептік көрсеткіштен (2АЕК) көп болмауы тиіс екендігі жазылған. Бұнымен қатар, Интернет желісіне қолжетімді қызметі туралы ережеде байланыс операторы абоненттің басқа қызметі үшін, мысалы, телефон байланыс қызметіне төлем жасамағанына байланысты оны Интернет желісіне қолжетімділік қызметінен шектете алмайтындығы ескерілген.

Енді Интернет желісіне қолжетімділік қызметі жеке келісімшарт негізінде ұсынылатын болады. Абонент телефон байланысы қызметін алу туралы келісімшарт жасаспай-ақ, Интернет желісіне қосылу туралы келісімшарт жасаса алады. Аталған Ережелер ҚР Үкіметінің 2011 жылғы желтоқсан 30-ы күнгі қаулысымен бекітілді. Ереже баспасөзде ресми жарияланған күннен кейін 10 күн ішінде күшіне енеді. Ал, Интернет желісіне қолжетімділік қызмет көрсетуді ұсыну ережесінің 30 және 31-ші тармақтары 2012 жылғы 1-ші қаңтардан бастап күшіне енген болатын. Аталған Қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында 2012 жылдың 6-12 наурызы аралығында жарияланды.

Новости Казахстана
Қазақстанда телефон алаяқтығына қарсы шаралар қолға алынды
Mailfire view pixel