KZ

Үкімет басшысы қолдаса, қазақ тілі дамиды (видео)

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Үкімет дайын болса, біз дайынбыз. "Қазтест" мамандары Кәрім Мәсімовтен ақ батасын сарғая күтіп отыр. Премьер-министр шиырып мүбарак қолын қойса, мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін үйрету мәселесі бір демде шешілгелі тұр.

Бірақ, үкімет жетекшісі бұған асығар емес. Құзыры биік биліктің төрдегісін айтпағанда "Нұр-Отан" партиясының Астанадағы қарапайым қалалық жиналыстары да қазақ тілінде өтпейді. Түкірігі жерге түспей тұрған билік партиясы өкілдерінің бұл кемшілікке кесіп пісіп қойған жауаптары әрқашан әзір.

Рамазан Сәрпеков, Мәжіліс депутаты:

-Мен жиындардың бәрі мемлекеттік тілде өткенін қалайтындардың бірімін. Бірақ, жалпы ортаны да ескерген дұрыс шығар. Көш жүре түзеледі.

Ал, Астанадағы тіл үйрету орталығының мұғалімі Жұмагүл Ақайқызы "шенділерге шынымен де ортамен санасып үйренуі керек" дейді. Оның айтуынша, қазіргі таңда қазақ тілін үйренем деушілердің саны еселеп артқан. Жұтаң оқулықтардың да мәселесі шешілген. Шашырап кеткен тіл бағдарламалары да жүйеленіп, "Қазтест" бағыты бой түзеген. Ендігісі осы бағыт ресми түрде құпталса, тіл үйренушілердің қызығушылығы арта түсер еді дейді.

Жұмагүл Ақайқызы, "Зерде" тіл орталығы оқытушысы:

- Бұл да бір тіл үйренуге үлкен сеп болар еді. "Қазтесті" меңгерсем деген талап болар еді.

"Ұлттық тестілеу орталығы" мамандары алты жылдың ішінде жеті мыңға жуық адамды тестілеуден өткізіп, түрлі сынақтарды жетілдіре келе, заманауи "Қазтест" бағдарламасын толық жасап біткендерін айтады. Бұл тесте негізінен мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Яғни, мемлекеттік қызметтегі қырық алты орынның қызметкерлері қазақ тілін қай деңгейде білу керектігі айқын жазылған. Алайда, бұл тізімді бекітуге үкімет жетекшісі асығар емес.

Айдос Әбдіхалықов, "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК басқарма жетекшісі:

-Тізім жобасып жасап, барлық мемлекеттік қызмет орындарының келісім алдық, Алайда, жоғарғы жақ оны кейінге қалдырып қойды.

Мемлекеттік тіл заңының 23-бабы бойынша, қазақ тілін білуге міндетті мемлекеттік қызметкерлердің тізімі бекітілуі тиіс. Яғни, оның жобасы дайын. Егер оған қол қойылса, онда қағаздағыны ежіктеп оқитындар премьер-министр түгілі, қарапайым хатшы да бола алмай қалады. Бес жылдан астам қазақ үкіметін орыс тілінде басқарып келген Кәрім Мәсімовтің "Қазтестің жолын ашпай, тартынып отырғаны да бәлкім, осыдан шығар.

Новости Казахстана
Үкімет басшысы қолдаса, қазақ тілі дамиды (видео)
Mailfire view pixel