KZ

Нұржан Өркешбаевқа соңғы операция жасалды

Расcказать Вконтакте

Өткен жылдың аяғында атыраулық 21 жастағы жігіт, ерте қартаю ауруына ұшыраған Нұржан Өркешбаевтың бетіне алғашқы операция жасалған еді.

Алматыдағы "Ниссамед" клиникасы сәуірдің 3-і күні емдеу шарасының үшінші кезеңін – манипуляцияны атқарды, деп хабарлайды Азаттық радиосы. Бұл операцияны жасаған хирург Болат Баировтың айтуынша, Нұржан емханада бір аптаға жуық емделіп, дәрігерлердің бақылауында болмақ.

– Бүгін манипуляцияларын жасадық. Дүйсенбі күнге дейін пациенттің бетін көрсете алмаймыз, – деді хирург Болат Баиров. Оның айтуынша, алғашқы операциядан бергі төрт айға жуық үзіліс аралығында Нұржанның беті ойдағыдай біткен. – Екі кезең ойдағыдай аяқталды. Өткен жолы жасағандарымыздың бәрі дұрыс. Нәтижесі де – қалыпты. Енді үшінші кезеңіне кірістік, сонымен бітіреміз, – дейді Болат Баиров.

Бүгінгі жұмысты да алғашқы операцияны жасаған хирургтер – Болат Баиров пен Айгүл Болатқызы атқарған.

2011 жылы 8 желтоқсанда Нұржан Өркешбаевтың бетіне операция жасаған хирургтер бұл шараның үш кезеңнен тұратынын, соның алғашқы екі бөлігін бітіргенін хабарлаған. Алғашқы екі кезеңде Нұржанның беті, мойны, ерні мен қабақтарына операция ​​жасалған, енді үшінші кезеңде бетті түзеу, тегістеу процедуралары жүргізіліп жатыр.

Клиника мамандарының айтуынша, операцияның үшінші кезеңі – алдыңғыларына қарағанда жеңілірек, әрі оны "операция деп те атау қиын". Олар мұны жай ғана "манипуляция" деп атап отыр.

Мамандар Нұржан Өркешбаевқа жасалған операцияның алғашқы екі кезеңін ақшаға шақса, жалпы құны 1 миллион 200 мың теңге болатынын есептеген.

Операцияны тегін жасаған "Ниссамед" клиникасының мамандары емдеу шарасының үшінші кезеңінің бағасын айта алмады.

– Өткен жолғы сома – ресейліктердің қойған құны ғой. Біз мүлде баға қойып отырған жоқпыз. Қазір де қоймаймыз, – дейді Болат Баиров. Алғашқы операцияның басқа шығындарын Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты "Емдеу-диагностикалық орталығы" мемлекеттік кәсіпорны көтеріп алған.

Нұржан Өркешбаевқа наурыз айының басында бір хабарласқанымызда: "Бәрі ойдағыдай. Атыраудамын" деген еді. Ол бүгін операция қарсаңында сөйлесуге ықыласты болған жоқ. Әкесі Жаңбырбай Өркешбаевтың айтуынша, Нұржанның жағдайы, көңіл-күйі – қалыпты. Өткен жолы операция сәтті аяқталып, ауылына бірінші рет барған кезде ауылдастары Нұржанды құттықтапты.

– Бәрі де қуанып жатыр. Біз ауылда тұрғандықтан бәрі қуанып, бәрі келіп "құтты болсын, жақсы болған екен" десті. Нұржанның өзі де осындай жағдайына риза, – дейді Жаңбырбай Өркешбаев.

Дәрігерлер Нұржан Өркешбаевқа бес жасында прогерия (терінің ерте қартаюы) дертіне шалдыққан деген диагноз қойған еді. Әлемде мұндай ауруға 80 адам ғана тап болған. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылында тұрған Нұржан – Қазақстандағы осы ауруға шалдыққан жалғыз адам.

Новости Казахстана
Нұржан Өркешбаевқа соңғы операция жасалды
Mailfire view pixel