KZ
Қыздарын "науқас" етіп қаржы жинаған алаяқ ұсталды

Қыздарын "науқас" етіп қаржы жинаған алаяқ ұсталды

Расcказать Вконтакте

Жүрек елжірететін хабарландырумен пайда тапқан алаяқ қолға түсті, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Өскеменде "балам ауру" деп жалған хабарлама таратып, бас пайдасына қаржы жинап жүрген алаяқ ұсталды.

Тепсе-темір үзетін жігіт кішкентай қыздардың суреттерін “науқас қызым” деп қағазға басып, астына елдің жүрегін елжірететін сөздерді жазып қойған.

Сөйтіп, кез-келген адамды бейжай қалдырмайтын  хабарландыруын қала көшелеріне іліп шығыпты.

Бұны оқыған қайырымды жандар қағазда көрсетілген есепшотқа ақша аударған екен.   

Хабарландырулардың екеуі де  оқыған адамның жүрегін елжіретеді. Онда байқұс ана мен оның бүлдіршінінің аянышты тағдыры баяндалып, науқас қызының жүрегіне Новосібірде шұғыл операция жасату үшін жұрттан 15 мың доллар сұрапты.

Төменгі жағына банкте ашылған есепшот нөмірі көрсетілген. Бірақ бұл жанұшыра көмек сұраған хаттың түп-тамырында ауру баланың анасы емес, нағыз алаяқ тұрған. 31 жастағы азамат ғаламтордан ресейлік бір алаяқ   науқас қыздың арқасында осындай жолмен үш  күн ішінде қомақты қаржы жинағанын көріп, өзі де қайталамақ болыпты. 

Дәулет  Садықов,  ШҚО ІІД аға инспекторы:

-Бұл азамат  интернет хабарды оқығаннан кейін   газеттен фотосуреттерді алып, ксерокспен қағазға көшіріп, подъездерге жапсырып қойған.

Жалған хабарлама екі адамның күдігін туғызып, олар полицияға хабарлаған. Сөйтіп, шынында да хабарландырудағы бірінші сурет жарнама қалқанынан, екіншісі қайырымдылық сайтынан көшірілген болып шықты. Қолға түскен алаяқ та бұны толық мойындады.

Алайда ол 20-дан астам өскемендікті сан соқтырып үлгерген. Әзірге полицияға 8 тұрғыннан ғана шағым түсті. Солардың бірі - Елена. Қалтасы қалың болмаса да, қолындағы аздаған тиынын ойланбастан шотқа салған.

Елена Бутурлакина, Өскемен қаласының тұрғыны:

- 5 мың теңге салдым. Бірақ алаяқтың ісі екендігін естігенде жүрегім ауырды. Алданғаным үшін емес, енді осындайлардың кесірінен шын мәнінде мұқтаж адамдар көмектен қағылуы мүмкін деп.  

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, алаяқтық әрекет тұрғындардың құқықтық сауатсыздығынан туындап отыр. Олар жомарт азаматтарға біреуге көмек қылмас бұрын, ең алдымен оның бүкіл құжаттарын сұрастырып, қай ауруханада тіркеуде тұрғандығына көз жеткізу керектігін ескертеді.

Новости Казахстана
Mailfire view pixel