KZ

Қырғызстанда егіз қыздар бір бірін 18 жылдан кейін кездейсоқ кездестірді

Расcказать Вконтакте

Бір шаранадан шыққан егіздер 18 жылдан соң кездесті. Қырғызстан астанасы Бішкекте қос бірдей қызды дүниеге әкелген ананы дәрігерлер алдап, егізінің сыңарын сатып жіберген екен, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Бір-бірінен аумайқалған  қыздар араға 18 жыл уақыт салып кездейсоқ көшеде кездесіп қалыпты.

Қазір олардың бірі қырғыздың, ал екіншісі қазақтың астанасында тұрып жатыр.

Салтанат Нұрғожаева құрсақты болғанда егіз бала болатынын іштей сезіпті. Туыстары да ай-күні жақындаған сайын жанұя екі адамға толығады деген сенімде болды.

Бірақ перзентханаға барғанша баланы көремін деп УЗИ-де де тексермеген. Ай-күні жақындаған келіншектің босануы қиын болып, дәрігерлер наркоз пайдаланған. Есін жиғанда,  дәрігерлер қолына бір нәресте ғана  беріпті.

- Дәрігерлерден  "Егіз бе?"  деп сұрадым, бірақ олар  "Жоқ" деді де,  мені итеріп жіберді. 

Ақ халаттылардың айтқанына сенген Салтанат ешнәрсеге күдіктенбей жүре берген. Бірақ оның бейқамдығын 18 жылдан кейін бойжеткен қызы  бұзыпты. Бәрі кинодағыдай өрбіді. Онда да бірі қазақтың, бірі қырғыздың астанасында тұратын егіздер тағдырдың жазуымен Бішкекте кездейсоқ кездесіп қалған. Бір-біріне көзі түскенде, тіпті, тілдесуге шамасы келмепті.

Әсия Әзімова, Бішкек қаласының тұрғыны:

- Ойламаған жерден бетпе-бет кездестік. Бір-бірімізге қарап тұрсақ та, жарты сағат бойы сөйлесуге шамамыз келмеді. Қатты ұқсайды екенбіз. Артынан екеуміз естелік үшін суретке түстік. 

18 жылдан кейін кездескен егіздердің естелікке түскен суреті бар. Фотограф екі қызға бірдей киім кигізіп түсірген. Жөн сурастыра келе, Әсияның егізі - Әлия Астанадан Бішкекке гимнастикадан болған жарысқа қатысуға келгені белгілі болыпты.  

Әлияны қазіргі қазақстандық ата-анасы жетім бала ретінде асырап алған екен. Астаналық тілшілеріміз  Әлияның тұратын жерін іздеп көрді.

Бірақ егізі берген мекен-жайдағы баспана бүгінде бұзылып, тұрғындар көшіп кеткендіктен,  онымен жүздесу мүмкін болмады. Ал Салтанат Нұрғожаева: "Егіз қыздарым, ең болмаса, араласып тұрса екен" - дейді.

Салтанат Нұрғожаева, егіздердің анасы:

- Мен қыздарымның бір туған адамдай араласқанын қалаймын. Ең болмаса,  хат алмасып тұрса екен. Өзім де құрсағымды жарып шыққан қызыммен кездескім келеді. Басқа ешнәрсенің керегі жоқ, шатақ шығарғым келмейді.  Ал перзентханадағы анықтамада Салтанат егіз емес, жалғыз қыз баланы дүниеге әкелген деп жазылған. Бүгінде ондағы бүкіл дәрігерлер құрамы ауысып кеткендіктен, егіздерді екіге бөліп жібергендердің әрекетін түсіндіретін жан болмады.

Новости Казахстана
Қырғызстанда егіз қыздар бір бірін 18 жылдан кейін кездейсоқ кездестірді
Mailfire view pixel