KZ

Қызылордада ер адам көпқабатты үйдің жертөлесіндегі суға тұншығып өлді

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Жылу құбырын тексермек боп түскен Юрий Кирсановты алдымен тоқ соғып, буыны тартылған ол жертөледегі суға етпетімен құлапты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жігіттің мәйіті тек үш тәуліктен кейін табылған. 80 пәтерлі үйді ешбір пәтер иелері кооперативі өз қарамағына алғылары жоқ. Сондықтан жылудан таршылық көрген тұрғындар марқұм көлшілері сияқты өз күштерімен соңғы 20 жыл бойы құбырларды жөндеумен келеді.

Зақымданған жылу құбырынан су әлі сыртқа атқылап жатыр. Соны жөндемек боп жертөлеге түскен Юрий Кирсановты жертөледегі электр сымынан тоқ соғып, құлаған күйі, белшеден келетін суға тұншығып өлген. Содан бері бір апта өтсе де, селт еткен жергілікті билік жоқ. 

Айман Кирсанова, марқұмның анасы:

- Қазықтарды қағып кетті. "Үлкен құбыр қақ ортасынан бөлінген, оны біз істей алмаймыз" - деді. Қанша жалындық. Балам, азаматым астынан шықты. Балам-ау...    

Тұрғындардың айтуынша, 80 пәтерлі көпқабатты үйдің кәріз жүйесі де, жылу құбырының да жөндеу көрмегеніне 20 жылдан асыпты.Қазір жертөлеге жиылған судан үйдің қабырғалары үгітіліп жатыр. Ал бұл апатты үйді ешбір пәтер иелері кооперативі өз қарамағына алғысы жоқ. 

Роза Әлжанова, апатты үйдің тұрғыны:

- Қарапайым халық қиналып отыр. Басшыларды осында әкеп, отырғызып қойса, отырар ма еді?! Бастық қорыққанын ғана сыйлайды. Қарапайым халыққа қарамайды...

"Тым болмаса, осы қайғылы оқиғадан кейін атқамінерлер үйдің жағдайын өз көздерімен келіп көрер" деп ойлаған тұрғындар. Бірақ, төбесін  көрсеткен ешкім жоқ. 

Қанымкүл Сейдахметова, апатты үйдің тұрғыны: 

- Баланы жертөледен алып шыққанша біз сенген жоқпыз. Мүмкін емес деп ойладық. Бір емес, екі жанұяны   асырап отырған бала. Келіншегі екіқабат, бірінші баласы да әлі кішкентай. Әкесі есінен танып, кардиологияда жатыр. Шешесі мынау. Қалай күн көреді, кім асырайды бұларды?! 

Ал жылу орталығындағылар болса, марқұмның өзін кінәлап отыр.

Оралбай Оржанов, "Қызылорда жылу электр орталығы" МКК участогының  бастығы:

- Кімнің кінәсі? Ешкім оған жертөлеге түс деген жоқ. Ақша тапқысы келді ме, бірдене ішкісі келді ме?... 

Енді қапияда баласынан айрылған ана қала әкімдігін сот арқылы жауапқа тартқызбақшы. 

Новости Казахстана
Қызылордада ер адам көпқабатты үйдің жертөлесіндегі суға тұншығып өлді
Mailfire view pixel