KZ

Нұржан Өркешбаевке пластикалық ота жасалды

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Прогерия дертімен ауырып, жасынан бұрын қартайған жерлесіміз Нұржан Өркешбаевқа отандық хирургтар операция жасады, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

ТМД елдерінде екінші рет, ал Қазақстанның медицина тарихында бірінші рет жасалып жатқан операция шамамен 6 сағатқа созылды. Дәрігерлер 20 жасында жетпістегі қариядай көрінетін Нұржанның бетінің терісін тартып, қалыпқа келтірмек.

Атырау атырабындағы Мұқыр ауылының аты Нұржан Өркешбаев төртке толғанда төрткүл дүниеге жайылды. "Осында жасына жетпей қартая бастаған бала бар" деп.

Артынша жұртымыздың ғана емес, жаһанның тілшілері таласып жазды, дәрігерлер дертке дауа іздеді. Жас баланы прогерия, жалпақ тілге салса, ерте қартаю дерті меңдеген. Нұржанның тағдырына отандық дәрігерлер де атүсті қарай алмады.

Бүгін оған Қазақстанның медицина тарихында тұңғыш рет  аталмыш  аурудың салдарын жою үшін операция жасалды. Көптің көңіліндегі күдік пен үміт аралас күйді Нұржанның өзі операция алдында сейілтті.

Нұржан Өркешбаев:

- Осы операциядан  кейін жақсылық болады, жақсы болып өтемін деп ойлаймын. Көңіл күйім бәрі жақсы,  ойдағыдай.

"Ойдағыдай" деп оймақтай ойын білдірген Нұржанды әу баста ресейліктер "емдеп шығарамыз"  деп білек сыбанған. Ақысына теңгенің тілімен айтса,  1 млн 250 мың сұрапты. Бірақ отандық дәрігерлер жас жігітті жат жұрттың мамандарына жаутаңдатып қоймады. Еліміздің білікті пластикалық хирургтары жабылып, операцияны тегін жасап беріп жатыр.

Болат Баиров, пластикалық хирург:

- Хирургтар,өзіміз  әдейі шақырып отырмыз. Біріншіден,  ұлттық намыс деген бар. Екіншіден,  бұл баланың болашағы енді ашылғалы тұр. Үйленбекші ойы бар.  Бір операцияның ішінде біз  төрт операция жасайық деп отырмыз. Маңдай терісін тартайық деп отырмыз,  эндоскопиялық  хирургиямен. Көзін жасайық деп тұрмыз, ашып, міне, көзі жартылай жабық тұр. Бетін, құлағын, мойнын.

Нұржан сынды сырқатқа шалдыққандар әлемде саусақпен санарлық, 80-ақ адам. Бауыр еті - баласы пышаққа түскенде әкесі де байыз таппады. Жаңбырбай аға не жыларын,  не күлерін білмей жүр. Атырауда қалған жұбайын да жұбатып әлек. Тілейтін тілегі біреу:

Жаңбырбай Өркешбаев, Нұржанның әкесі:

- Мен үшін қабырғама батып жүрген нәрсе осы еді. Ата-ананың бәрі баласының дұрыс болғанын тәуір көреді ғой. Қатарға қосып жіберсем, жұмысын жасап, өзін-өзі әрі қарай алып кетеді ғой.

Мектепті былтыр тәмамдап, дәнекерлеуші болуды армандаған Нұржан операция үстелінде жатыр. Артық терілері тілініп, аса сақтықтықпен алынып тасталуда. Шалт қимыл жасап, қалт кетуге болмайды.

- Жіп тігеміз, сол кезде мына артық терінің бәрі кетеді. Мынаның бәрі жазылды, бет, көрдіңіз бе...

Біз қазір мұқым ел елеңдеп көз тіккен операция бөлмесінен шықтық. Мұнда қандасымыз Нұржанның бетіне ота жасалуда. Жиырмасында тағдыры әріне әжім салған Нұржанның тілегі бір-  жасынан бұрын қартайған келбетін қалыпқа келтіру. Қазір операцияның бірінші сағаты өтуде, жалпы 5-6 сағатқа созылуы мүмкін деп топшылап отыр дәрігерлер.

ТМД тарихында екінші рет жасалып отырған операция хирургтерге де оңайға соқпады. Аса жауапкершілікті талап ететін қызметті олар абыроймен атқарды. Қазақтың баласының басына түскен сырқатты тұтас ел жеңілдетуге тырысып баққанымен, келбетін қалыпқа келтіріп, Нұржанды қуанту тек ақ халатты осы жандардың қолында. Операциясын Отанда жасаймыз деп ағаттық жіберсе, қазаққа сын. Құдайға шүкір, кешке қос хирург операцияны сәтті аяқтады, Нұржанның халы қазір қалыпты.

Новости Казахстана
Нұржан Өркешбаевке пластикалық ота жасалды
Mailfire view pixel