KZ
Еліміздің Бас муфтиі 7 бапқа қатысты мәлімдеме жасады

Еліміздің Бас муфтиі 7 бапқа қатысты мәлімдеме жасады

Расcказать Вконтакте

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымызға ынтымақ пен бірлікті, ислам құндылықтарын үнемі насихаттап, жат пиғылды секталар мен ағымдармен өз құзіреті мен мүмкіншілігі шеңберінде күресіп келеді. 

Алайда 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданған "Діни наным-сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы" заңның солқылдақтығынан елімізде келімсек секталар миссионерлік әрекеттерімен емін-еркін әрекет етуде.

Секталардың  шырмауына ілігіп, көптеген отбасының шаңырағы шайқалған және өзге де түрлі келеңсіз жағдайларға куәміз.

Сол асығыс "заң" өзгертіліп, тайраңдаған діни ағымдар тізгінделсе екен деген ниетпен 2001 жылы ҚР Парламенттің қос палатасының мәжілісінде осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы арнайы баяндама жасадым.

Дәл осындай ұсынысымды 2008 жылы тағы да жасадым. Қолданыстағы заңға өзгертулер енгізу мәселесі мәжілістен қолдау тапқанымен Конституциялық кеңес екінші рет заң жобасын кері қайтарған еді.

Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке жаңа діни заң жобасын әзірлеуді тапсырғанда, сол тілегіміз орындалғандай сезіндік.

Жаңа заң жобасын талқылау үшін арнайы құрылған жұмыс тобына менің тапсырмаммен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері де қатысып, тиісінше ұсыныстар жасады.

Алайда еліміздегі мұсылман қауымының қарсылығын тудырған мәселе осы Заң жобасының  7-бабы. Ол бойынша мемлекеттік орындарда намаз оқуға тыйым салынбақ. Қазір мемлекеттік мекемелерде, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында  намазға жығылып, мұсылмандық парызын өтеушілер жетерлік.

Осы баптың кемшін тұстарын түзетуге байланысты ҚР Парламенттің қос палаталарының депутаттарына өз ұсыныстарымызды білдірдік. Алайда өкінішке орай үміт ақталмады. Діни басқарма өз ұсыныстарын тиісті орындарға әлі де білдіретін болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталмыш баптың мұсылмандардың ынтымағы мен бірлігіне тигізуі мүмкін залалын ескере келе 7 баптың осы қалпында қабылдануын орынсыз көреді. Себебі, ислам дінінен басқа ешбір дінде күнделікті бес уақыт намаз секілді міндетті құлшылық түрі жоқ.

Бес уақыт намаз бұл мұсылманның ұлы парызы. Егерде мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарында және олардың жатақханаларында намаз оқуға тыйым салынатын болса, мемлекетке қарсы наразы топтар пайда болуы ықтимал.

Қызметі мен құлшылығын таңдау арасында қалып, үкіметке налыған ондай жандар түрлі саяси ұйымдар мен экстремистік топтар жетегіне кетпесіне кім кепіл? Айналып келгенде ұлттық қауіпсіздігіміз бен ел тыныштығына қауіпті қолдан жасап алмаймыз ба? Эктремизм және лаңкестікпен күресу жолы бұл емес. Ел халқының 72 пайызы Ислам дінін ұстанушылар екенін ескеріп, қызметі мен оқуына кедергі келтірмеу үшін намазханаларға рұқсат берілгені жөн.

Новости Казахстана
Mailfire view pixel