KZ

Маман: Мешіт имамдары діни уағыз жүргізуге қабілетсіз

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Ақтөбе облысының әкімі: "Аймақтағы мешіттердің имамдарын ауыстыру керек. 

Өйткені аймақта діни ахуал күрделі, сондықтан жағдайды тез арада түзеген жөн.

Ал жаңадан тағайындалған имамдар халыққа қазақ даласында ғасырлар бойы дамыған дәстүрлі исламды насихаттауы тиіс", – деп мәлімдеме жасады.

Осы орайда облыс әкімі Елеусін Сағындықов аталмыш өлкедегі 12 мешіттің имамын жаңадан тағайындап, облысқа келген жаңа имамдардың барлық әлеуметтік жағдайын жасауға уәде беріп отыр.

Осылайша, әкім мешіт имамдарын ауыстыру арқылы өңірдегі діни ахуалдың алдын алып, қоғамда кең тараған әртүрлі ағымдарға тосқауыл қоюға бекінуде.

Алайда сансыз секталар мен ағымдардың мешіттен өзге жерлерде де өз орталықтарын ашып, шырмауына талай қандасымызды тартып жатқаны рас. Осы орайда "мешіт имамдарын алмастыру арқылы діни ағымдарға тосқауыл қою мүмкін бе?" деген сауалды мамандардың назарына ұсынып көрген едік.

Оңғар қажы ӨМІРБЕК, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы

Иә

– Өз басым бұл бастаманы қол­даймын. Мешіт имамдарын ауыстыру ар­қылы діни ағымдарға тосқауыл қою­ға әбден болады. Бүгінде еліміздегі ме­шіт имамдарын ауыстыру жұ­мыс­тары жүріп жатыр. Айта кетерлік жайт – бұл ауыс­тырулар Ақтөбе облысындағы жағ­дайдан бұрын қолға алына бас­таған еді.

Жаңа жылдан бері қарай об­лыс, қала, аудан, ауыл мешіті имам­да­рын кезегімен ауыстырып жатырмыз. Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масының жарғысы бойынша бес жылда бір рет мешіт имамдары ауыс­ты­рылып тұруы тиіс.

Осы тәртіппен биыл да ме­шіт имамдарын ауыстыруды қолға ал­ған­быз. Жоспар бойынша жыл аяғына дейін еліміздегі барлық ме­шіттің имам­да­ры түгелімен ауысып бо­луы тиіс.

Бүгінде елімізде діни сауаты мол, тәжірибелі кадрлар көбейді. Сондықтан осы ауыстырулар кезінде неғұрлым діни сауаты мол, халықпен бірлесіп жұмыс істей алатын мамандарды тағайындап жатырмыз. Осы орайда алда­ғы уақытта Шұбарши оқиғасын қайта­лай­тындай оқиғалар болмайды деп үміт­тенеміз.

Өйткені жаңадан таға­йындалған имамдар халықпен тығыз қарым-қаты­наста жұмыс істеу арқылы ел ішіне іріткі сал­ған ағымдардан тазартуға көмектеседі деп отырмыз. Жасыратыны жоқ, осы уа­қыт­қа дейін кейбір ауылдар мен аудан­да­ры­мыздағы мешіт имамдарының жұмыс істеу қабілеті, діни сауаты көңіл көншіт­пей­тін.

Халықтың діни сауатын ашып, көп­ші­лік­тің қойған сұрақтарына дұрыс жауап та бе­ре алмайтын мұндай имамдардан ха­лық­­тың көңілі қалғаны рас.

Сондықтан ал­дағы уақытта жаңадан сайланған имамдар мұн­дай олқылықтың алдын алады деп ой­лаймыз. Тіпті осы уақытқа дейін діни са­уа­ты жоқ, халық ортасынан сайланған кез келген адам да мешітке имам болып келді. 

Айта кетер жайт, 1992 жылы "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңымыз қабылданғанға дейін бізде діни ағымдар мәселесі болмаған еді. Заң қабылданғаннан кейін түрлі миссионерлер мен секталар елімізде қаптап кетті.

Қаптағанымен қоймай, халықты бөліп алып, өздерінің орталарына тарта бастады. Солардың жұмысының "жемісін" біз бүгін енді көріп жатырмыз. Ал мұндай ағым­дардың тайраңдауына жол беріп қойған  — өзіміздің қабылдаған заңымыз.

Сон­дықтан заңның түрлі діни ағымдарға қатысты бөлігін тез арада қатайту керек. Қазір біз де өзіміздің діни кадрларымызды дайындап үлгердік. Енді мешіттерге өзіміздің кадрларымыз иелік етсе жағдай тез дұрысталар еді. Тағы бір айта кетер жайт, ауылдық жерлердегі мешіттерде имам ұстау өте қиын.

Шұбаршидегі мешітте де имамдар құтаймай қойғаны туралы айтылып жатыр. Ол мешітке имамдар тұрақ­тамай қойғаннан кейін кім көрінген өз ұстанымын жүргізіп, халықты адас­тырған. Бізде ауылдық жерге имам тұрақ­тандыру – өте күрделі мәселе.

Оларды пәтермен қамтамасыз етіп, жалақы төле­мегеннен кейін ауылдық жерге ешкім имам болып барғысы келмейді. Рас, маман көп, бірақ оларға жасалып отырған жағдай болмағаннан кейін ауылдық жердегі мешітке барып жұмыс істеуге құлықсыз.

Біздің мамандарымыз "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасына да қосылмайды. "Зайырлы мемлекетпіз, мемлекет діннен бөлек" дейді де, біздің имамдарымызды ондай мемлекеттік бағдарламадан да алшақтатқан.

Осының арқасында ауыл, аудандарда кім көрінген имам болып, мешіттерді иемденіп, өз ұстанымдарын насихаттауда. Осы мәселені шешу үшін біз жақында қор құрып, қорға түскен ақшаны алыс аудан, ауылдарға тағайындалған имамдарға айлық есебінде үлестіргіміз келіп отыр.

Біздің мамандарымыз "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасына да қосылмайды. "Зайырлы мемлекетпіз, мемлекет діннен бөлек" дейді де, біздің имамдарымызды ондай мемлекеттік бағдарламадан да алшақтатқан.

Осылайша ҚМДБ тарапынан сайланған имамдарды тағайындау арқылы алдағы уақытта ел ішіндегі діни ахуалды жақсартуға бел байлап отырмыз.

Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор

Жоқ

– Жоқ, мешіт имамдарын ауыстыру арқылы ғана ел ішіндегі діни ахуалды жақсартып, діни мәселелерді шешіп, діни ағымдарға тосқауыл қою мүмкін емес. Өйткені имамдарымыз мешітке келген халықпен тығыз қарым-қаты­нас­та жұмыс істеп, діни уағыз жүргізуге қабілетсіз.

Оның үстіне адам­да­ры­мыз­дың миын улап, шырмауына шырмап жат­қан миссионерлер, уахабистер мен секталар тағы басқа да түрлі діни ағым­­дар мешіттерден басқа жерлерде де өз орталықтарын құрып, үгіт-наси­хат­тарын емін-еркін жүргізіп, бауыр­ла­ры­мызды өз орталарына тартып жатыр.

Мешіт имамын өзгерткенмен, олар халықпен етене араласып, адамдардың өзге діннің жетегінде кетпеуі үшін жұмыс істемесе, жағдай өзгермейді. Жұмыс істемейтін имамды өзгерттің не, өзгертпедің не, бәрібір емес пе?!

Мешіт имамы мешіт ішінде ғана жұ­мыс істеп отыра береді де, түрлі діни ағым­дар­дың өкілдері халықты өзара бөліп-бөліп алып іштей іріте береді.

Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты ұйытып, ата-ба­ба­мыз ғасырлар бойы ұстанып келе жат­қан ислам дініне топтасуы үшін жұмыс іс­теуі тиіс. Мешіттердегі имамдары­мыз да бүгінгідей жайбасарлықты қойып, ха­лық­тың діни сауатын ашу жолында жұмыс іс­тегені жөн.

Әйтпесе діни бас­қарма жұ­мыс істеуді қойған. Біздің мүф­тиі­мізден бас­тап, имамымызға дейін өзге діни ағ­ым­дармен күреспек түгіл, ислам дінінің на­си­хатын арттыруға күш салып отырған жоқ. Ал осыны пайдаланған өзге діни ағ­ым­дар халық арасына тереңдеп еніп, күн өткен сайын өз жақтастарының санын арт­тыруда.

Сондықтан имамды ауысты­рып, қарап отырмай, заңды өз­гертіп, ҚМДБ-ның қоғамдағы рөлін арттырып, хал­қы­мыздың ислам дініне деген ниетін арттыру жолындағы жұмыстарды күшейткен жөн.

Имамдардың жауапкершілігін артты­рып, жұмыс істеу тәртібін түбірімен өзгерт­кен жөн. Олар да өзге діни ағымдармен бәсекеге түсіп, күрессін. Сондай-ақ ел ішіне дендеп кірген өзге ағымдарды түбірі­мен жою қажет.

Олардың ел ішінде тығылып алып жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу керек. Сонда ғана біз өзге ағымдардан құтылып, дәстүрлі ислам дінінің насихатын арттыра аламыз.

Бейтарап пікір

Ғарифолла ЕСІМ, Сенат депутаты:

– Еліміздегі діни ахуалды дұрыс қалыптастыру үшін мешіт имамдарын ауыстырып қана қою аздық етеді. Сондықтан мешіт имамдарының, діни басқарма мамандарының діни сауатын арттыру жұмыстарын қоса жүргізген жөн.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі облыс, аудан, қала, ауыл мешіті имамдарының барлығының сапалық құрылымын, дүниетанымын зерттеп, сүзгіден өткізіп, халықпен дұрыс жұмыс істей алатын мамандарды тағайындағаны жөн.

Еліміздегі барлық мешіт есепке алынып, жұмыстары бақылауға алынуы керек. Және олардың барлығы белгіленген заңның аясында ғана жұмыс істеуі тиіс.

Айта кетер жайт, бүгінде жұмыс істеп отырған "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңымыздың да кейбір тетіктерін өзгерту қажет. Осындай кешенді жұмыстар жүргізу арқылы ғана діни ағымдарға тосқауыл қоя аламыз.  

Новости Казахстана
Маман: Мешіт имамдары діни уағыз жүргізуге қабілетсіз
Mailfire view pixel